Өткен жұма еліміз үшін қаралы болды. 27 желтоқсан күні «Bek Air» әуе компаниясына қарасты Алматы – Нұр-Сұлтан бағытына аттанған ұшақ Алматы маңындағы Қызыл ту ауылында құлап, ондаған адам қаза болып, ондаған адам түрлі деңгейдегі жарақат алды. Бортта 95 жолаушы және экипаждың 5 мүшесі болған. Мемлекеттік құрылымдар ресми түрде қайғылы оқиғадан 12 адамның қаза тапқанын хабарлады. 50 жолаушы ауруханаға жатқызылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерт болғандардың жақындары мен тума-туыстарына көңіл айтып, кінәлі адамдар қатаң жазаланатынын айтты.
28 желтоқсан – елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бұл күні барлық мекеме ғимараттарындағы, көшелердегі мемлекеттік Ту төмен түсірілді. Жергілікті телеарналар ойын-сауық бағдарламалар көрсетуді тоқтатты. Көптеген мекеме ұжымы жаңажылдық кеш өткізуден бас тартты. Осы күні оралдықтар да қаладағы Арбат бойында әуе апатында қаза болғандарды аза тұтып, гүл шоқтарын қойды.
Өз тілшіміз