31.12.2019, 1:24
Қараулар: 57
Шипажай  жаңа  ғимаратпен  толықпақ

Шипажай  жаңа  ғимаратпен  толықпақ

Ауруға ем болып, сауға қуат дарытатын, Жайық өңірінің інжу-маржаны деп есептелетін «Ақжайық» шипажайы су жаңа ғимаратпен толықпақшы. Келушілерге оңтайлы жағдай туғызатын нысанның бүгінде іргетасы құйылып, табаны тартылуда.

Демалыс орнының директоры Альберт Сафуллиннің айтуынша, биылғы жылы шипажайда 4 мыңнан астам адам ем алған. Келушілер демалыс орнына 305 млн. теңгедей қаржы түсіріп, межеленген жоспар артығымен орындалған. Шипажайдың табыс көлемі жыл санап артып келеді. Нақты айтқанда, 2017 жылы 165 миллион, өткен жылы 270 миллион теңге кіріс кірген. Шипажай былтырғы жылдың табысы бойынша еліміздегі осы шамалас шипажайлардың арасынан озық шыққан.

– Біздің шипажайдағы келушілердің жататын орны мен емдеу орталығының арақашықтығы 200 метр болатын. Бұл өз кезегінде демалушыларға қолайсыздық туғызатын еді. Әсіресе, күннің суық мезгілінде орталықтан жылы ванна мен ем алып шыққандар жатын орнына жеткенше тоңып қалатын. Соның әсерінен қосымша ауру жамап алу қаупі күшейетіні де шындық. Осының салдарынан қыс мезгілінде келушілер саны күрт төмендейтін еді. Айтылған қолайсыздықтың кесірінен шипажай тек көктем, жаз мезгілінде жұмыс жасайтын. Мына жаңа емдеу орталығын салу арқылы сол мәселені түбегейлі шешу жағын ойластырудамыз. Нысанның құрылысы жоба бойынша сегіз айға есептелген. Жаңа ғимаратта емдеу кабинеттері, түрлі ванналар мен бассейн, жаттығу залдары мен сауна орналасатын болады. Аталған ғимарат шипажайдың өз табысы есебінен салынуда. Құрылыстың жалпы құны 360 миллиондай теңгені құраса, алғашқы сатысына 100 млн. теңге қаражат бөлдік. Нысан құрылысының толықтай аяқталуына кәсіподақ федерациясы мен жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау көрсетеді деп сенеміз, – дейді шипажай директоры.

Жаңа ғимарат құрылысын қолға алған «Батыс Строй Сервис» ЖШС басшысының орынбасары Асхат Қадырбаевтың айтуынша, жоба бойынша қаралған қаражат есебінен нысан толықтай салынып, оған қажетті құрылғылар сатылып алынады. Сонымен қатар жаңа ғимаратқа көршілес орналасқан көне нысан толықтай күрделі жөнделіп, емдеу орталығы болып жабдықталмақ. Бүгінгі таңда ғимараттың іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде. Келер жылдың шілде айында құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтап, нысанды пайдалануға беру жоспарлануда.

Айта кетейік, биыл «Ақжайық» шипажайы ҚР Ұлттық курорттық ассоциациясының «Алтын дипломын» иеленген. Бұл марапат еліміздегі табиғи емдік факторларды тиімді пайдалана білген шипажайларға беріледі.

Желтоқсан айының 20-сынан бастап шипажай бір айға жабылған. Бүгінде демалыс орнында түрлі дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Келер жылдың алғашқы айынан бастап шипажай келушілерді қабылдай бастайды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»