31.12.2019, 1:21
Қараулар: 149
Жоғарғы  сотқа  ауысты

Жоғарғы  сотқа  ауысты

Батысқазақстандық судья Есенбай Боранбаев ҚР Жоғарғы сотына ауысты.

Осыған орай БҚО сотында Есенбай Нұрлыбайұлын шығарып салу рәсімі болды.

БҚО сотының төрағасы Бек Әметов Е. Боранбаевтың Жоғарғы соттың судьясы болып сайланғаны жөніндегі ҚР Сенатының қаулысымен таныстырды.

«Жоғарғы соттағы бес орынға республика бойынша конкурс жарияланып, оған елу шақты адам құжат тапсырды. Соның ішінде бесеуі судья болып сайланды. Есенбай Нұрлыбайұлы сот саласында көптен бері қызмет атқарып келеді. Қалалық және облыстық соттарда жұмыс жасады. Енді, міне, Жоғарғы соттың судьясы болып сайланып отыр», деді Бек Әметов.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев Е. Боранбаевты Жоғарғы соттың судьясы болып сайлануымен құттықтап, өңір басшысы Ғали Есқалиевтің алғысхатын  табыс етті.

Еңбек ардагерлері Нұрлыбек Бірманов, билер кеңесінің төрағасы Асқар Атаев, Қалиолла Мұқанов отыз жылдан астам уақыт бойы сот саласында еңбек етіп, соның ішінде облыстық сотта қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы да болған Есенбай Боранбаевқа игі тілегін білдірді. Ол әділ сот төрағалығын атқарумен бірге өңірде билер кеңесін құруға да тікелей үлесін қосты. Сондай-ақ әріптестері, сот ардагері Нәдір Абдукаев, Тұрсын Оразова, Маханбет Бақтығұлов, адвокат Айгүл Орынбекова, тарихшы Жаңабек Жақсығалиев судьяның жақсы қасиеттеріне тоқталып, алдағы уақытта да жемісті қызмет етуге тілектестігін білдірді.

Е. Боранбаев өзіне құрмет көрсетіп, сенім артқан жерлестеріне ризашылығын жеткізді.

Арман БОЛАТҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар