31.12.2019, 1:09
Қараулар: 183
Цифрлық  технология – тың жобалар тілінде

Цифрлық  технология – тың жобалар тілінде

Орал қаласында төтенше жағдайдың қаупі төнгенде немесе шұғыл көмекті қажет ететін өзге де жағдайлар туындағанда тәулік бойы хабарлама қабылдайтын  «112» бірыңғай желісі  пилоттық режімде іске қосылды. Шұғыл нөмірдің іске қосылу барысы талқыланған жиынға облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысты.

Егер өміріңізге, денсаулығыңызға, мүлкіңізге, қоршаған ортаға нақты қауіп төнгенде «112» байланыс нөміріне хабарласуыңызға болады. Бірыңғай  желіге өрт сөндіру (101), олиция (102), жедел медициналық көмек (103), авариялық газ (104) қызметтері енгізілген. Бұл ретте кез келген телефон түрімен (ұялы, стационар, таксофон) шұғыл қызмет нөміріне хабарласу тегін. Жедел желінің қызметіне жүгінген  адам көмекке шақыру себебін, оқиғаның нақты мекенжайын, атыжөнін атап, мүмкіндігінше диспетчердің сұрақтарына түсінікті жауап беруі керек. Ұялы телефонда теріс теңгерім болса да, қоңырау шалуға мүмкіндік бар. SIM картасыз шұғыл қызмет нөміріне қоңырау шалсаңыз да, оператор бірегей телефон нөмірін (IMEI) көре алады және қажет болса жеке басын анықтай алады. Сол себепті жалған қоңырау шалған адам ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске сәйкес жауап береді.  «112»-нің диспетчерлік қызмет орталығы облыстық поли-ция департаментінің ғимаратында орналасқан.

– Бұл жоба Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асуда. Әзірге нәтижесі жаман емес. Жедел желі бір уақытта 40 қоңырауды қабылдай алады. Операторлар қоңырауды қабылдаған соң тиісті сала мамандарына бағыттайды. Диспетчерлік қызметтің мамандары арнайы оқытылуда. Қазір үш оператор тұрғындар тарапынан түскен қоңырауларды қабылдап, қызмет ете бастады. Болашақта олардың саны артпақ, – деді тапсырыстарды жеткізуші  Евгений Валяев.

Ал облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Нұртазаевтың айтуынша, ортақ желіге негізделген call-орталық кезек күттірмейтін шұғыл қызметті жалған қоңыраулардан ажыратуға мүмкіндік береді. Өйткені келіп түскен қоңырауларға кешенді тексеріс жедел жүргізіле бастайды.

– Осы кезге дейін жол-көлік оқиғасы орын алғанда адамдар, алдымен, жедел жәрдем қызметіне, содан соң полицияға, қажет болған жағдайда ғана төтенше жағдайлар қызметіне хабарласа-тын. Енді АҚШ-тың «911» бірыңғай желісі секілді «112»-ге шалынған қоңыраулар бойынша операторлар қажетті мамандарды өздері жібереді. Қоңыраулар жазылады. «101», «102», «103», «104» байланыс желілері қосымша қызметін атқара береді. Алайда уақыт өте келе олардың қызметі тоқтатылып, «112» бірыңғай желісі ғана қалмақ, — деді Сәкен Рүстемұлы.

Өз кезегінде облыс әкімі callорталықтың операторлары тұрғындарға сауатты жауап беріп және қоңыраулардың бірде-біреуін жауапсыз қалдырмауларын тапсырды. Өйткені әр қоңыраудың артында адам тағдыры тұрғаны ескертілді.

*  *  *

Содан соң өңір басшысы Орал шаһарындағы Ғ. Қараш 33/2 мекенжайында орналасқан жеке  IT мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Білім ошағында жасөспірімдер компьютерлік бағдарламашы, веб-дизайнер, электронды есептеуіш машиналардың операторы мамандықтары бойынша кәсіби білім алып, IT саласы бойынша машықтанып шықпақ.

– Біздің мақсатымыз – мемлекеттік білім ошақтарымен бірлесе отырып, мектеп оқушыларының цифрлық сауаттылығын арттыру. Жалпы білім беретін орта мектептерде информатика пәні терең оқытылмайды. Біз компьютерлік бағдарлама, сайт, портал әзірлеуді үйретеміз. Сабақ барысында сапалы, соңғы үлгідегі  бағдарламалар қолданылады, – деді аталмыш мектептің директоры Андрей Токарев.

IT мектепте жобалар дайындау және компьютерлік сынып, коворкинг орталығы жасақталған. Жиын барысында Digital Aqjaiyq мобильді қосымшасының таныстырылымы өтті. Қосымшада облыс орталығындағы және аудан-ауылдардағы білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық қызмет, кәсіпкерлік салалары бойынша кең мағлұмат қамтылмақ.

– Қазір оқушылармен бірге онлайн ойындар ойлап табудамыз.

Болашақта оларды Еуропа елдеріне, Ресейге экспорттамақпыз. Үйірме қатысушылардың кейбірі  веб-портал, веб-сайт жасауда. Юнити бағдарламасы арқылы  онлайн ойындар мен мобильді қосымшалар құрастыруды үйретеміз, – дейді «IT Group Kazakhstan» ЖШС-ның бас директоры Михаил Дудниченков.

IT мектепте білім алушылар айына 15 мың теңге төлейтін болса, көп балалы отбасылар мен аз қамтылған жанұялардың перзент-тері ақысыз қабылданбақ.

*  *  *

Цифрлық технологияны дамыту – қарыштап дамуға бет алған еліміздің басты мақсатының бірі.

Осы орайда өңірімізде облыс әкімінің тапсырмасымен цифрлық технологияларды қолданатын бірнеше жобалар жүзеге асырылуда.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев Ақ Жайықтағы бірқатар жобалармен  IT HUB алаңында танысты.

Таныстырылымы өткен алғашқы жоба – инватакси. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, оларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді.

«Инватакси» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау саласында мемлекет көмегінің ашықтығын қамтамасыз ету, сонымен қатар бюджеттік қаражатты пайдалануды бақылауға алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайту мақсатында әзірленген. Бүгінде Орал қаласында инватакси қызметін мүмкіндігі шектеулі 300-ден астам адам қолданады. Бұл қызметті көрсетуге 32 аутокөлік, оның ішінде арнайы жабдықталған 13 аутокөлік тартылған. Жыл басынан бері телефон арқылы 16 544 шақыру түскен. Бұл жүйе қызмет көрсетудің бизнес-құрылымын тиімді ұйымдастырып, инватакси маршруттарын онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Жүйенің браузерлік және мобильдік нұсқалары жасалған.

– Инватакси – бұл әлеуметтік маңызы зор жоба. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін бірнеше нақты факторлар әсер етті. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар такси жүргізушілердің қызметіне арыз-шағымдар көп айтатын. Сондай-ақ такси жүргізушілері тарапынан да шағымдар жиі түсіп тұрады. Кейде клиентті алып кетуге барғанда, үйден шықпай қалады.  Біздің мақсатты аудиториямыз – мүмкіндігі шектеулі жандар мен такси жүргізушілері. Инватакси қызметінің диспетчерлері қоңырауларды қабылдап, қызмет алушылардың талабына сай көліктерді жібермек. IT HUB базасы негізінде диспетчерлер мен жүйеге тапсырыс берушілер оқытылуда. Содан соң такси жүргізушілері оқытылып, мобильді қосымша іске қосылады, – деді «Logitex» ЖШС директоры Антон Скрамовский.

Жиында талқыланған келесі мәселе – бірыңғай төлем құжаты.

Жоба жетекшісі Азамат Қабланбаевтың айтуынша, бірыңғай төлем жүйесі коммуналдық төлемдерді бір түбіртек арқылы өтеуге мүмкіндік береді. Бұл, біріншіден, уақыт пен комиссия шығындарына қаржыны үнемдейді.

– Бірыңғай төлем құжатының тағы бір басымдығы – құжаттар электрондық түрде жеткізіледі. Қазір біздің порталға тіркелген тұтынушының электрондық поштасына төлем құжаты жіберіледі, осы арқылы тұтынушы түбіртекті қағаз бетіне шығарып, кассада немесе банкте, не интернет арқылы төлей алады, – дейді ол.  Сондай-ақ басқосуда көмекке мұқтаж жандарға арналған порталдың тиімділігі мен Big Data платформасы арқылы жұмыс жасау тәсілдері айтылды.

«Елорданы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС әзірлеген Big-Data (шағын және орта бизнес модулі) платформасы – жергілікті билік құрылымдары үшін өте қажетті, өңірдегі барлық кәсіпкерлік құрылым деректерін талдап отыруға арналған жүйе. Биыл мұнда кәсіпорындардың деректер базасы пилоттық режімде іске асырылды. Әзірге мұнда 12 мыңнан астам кәсіпорын бойынша нақты мәлімет жинақталған. Платформа өңірдегі шағын және орта бизнес құрылымдарының әлеуетін ұдайы бағалауға, кәсіпорындардың дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен қиындықтарды зерттеп, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін талдауға таптырмас мүмкіндік береді. Бұл жүйе арқылы БҚО кәсіпорындары өз қызметтері мен өнімдерін облыс аумағынан тыс болатын мемлекеттік сатып алулар шеңберіне шығара алады.

Ақ Жайық өңірін цифрландыру бойынша бірнеше жобаның тұсауы кесілген шара Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті мен «Инфо-Дата» ЖШС арасында «React мектебі» жобасы бойынша меморандумға қол қоюмен қорытындыланды. Бұл келісімнің мақсаты – бағдарламалауға, бағдарламалық қамсыздандыру өнімдерін әзірлеуге, маркетингілеуге оқыту және өңірдің ІТ білім беру саласын дамыту үшін ынтымақтастық орнату.

React – бұл бағдарламалаудың ең заманауи тілі. Бағдарлама негізінде инстаграм, фейсбуктің қосымшасы дайындалған. «React мектебінің» өңір жастарына арналған курсынан білім алушылар 5-6 айда компьютерлік бағдарламалаудың алғашқы деңгейін меңгеретін болады.

– Жобаны дайындауда Азия елдеріндегі тәжірибе қолданылды.

Онда цифрлық технология қарыштап дамыған және электронды жүйені дайындаушылары әлемге танымал. «React мектебіне» оқуға қабылдау 2020 жылдың ақпан айынан бастап жүргізіледі. Алғашқы легі шілде айында шығарылмақ. Бұл курсты тәмамдаған түлектер тамыз айынан бастап мамандықтары бойынша Азия мен АҚШ елдеріндегі IT фирмаларға қызметке тұра алады. Ал ол мемлекеттерде бұл деңгеймен  аптасына 1500 доллар қаржы табады, – деді белгілі маркетолог, «Инфо-Дата» ЖШС-ның директоры Әлімжан Бисембаев.

«ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің құрылтайшысы Ақсерік Әйтімовтің айтуынша, бұл – жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Оқыту үрдістері ҚазИИТУ базасында жүзеге аспақ.

Рәсім соңында өңір басшысы IT мамандарының бүгінде сұранысқа ие екендігін, әсіресе, облыс елді мекендерінде цифрлық жүйені дамытудағы маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ ол аудан-ауылдардағы мобильді байланысты және жалпы цифрлық  экожүйені дамытатын, технологияны меңгерген жас кәсіпкерлерді дайындаудағы жұмысты ширату қажеттігін айтты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңір»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар