27.12.2019, 10:40
Қараулар: 436
Инвестициялық  ахуалымыз  қандай?

Инвестициялық  ахуалымыз  қандай?

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша өңірлік кеңес отырысы өтті.

Өткен жылы өңірлік кеңестің алты отырысы өтіп, агроөнеркәсіп кешені, туризм, құрылыс индустриясы және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу салаларында жалпы құны 39 млрд. теңгені құрайтын 12 жоба мақұлданған екен. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 885 жаңа жұмыс орны ашылған. Биылғы жыл басынан бері инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету бойынша өңірлік кеңестің төрт отырысы өткен. 40 млрд. теңгеге 7 жоба қабылданып, 507 жұмыс орны құрылған.

2019 жылы бесінші мәрте бас қосып отырған кеңес мүшелері алдымен кеңестің өткен отырыстарында мақұлданған бірқатар инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетовтің мәлімдеуінше, биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға инвестициялар көлемі 49 пайызға өсіп, 553 млрд. теңгені құраған. Сыртқы инвестициялар көлемі 85 пайызға артып, 432 млрд. теңгені құрайды. Негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлеміндегі сыртқы инвестициялардың үлесі – 78 пайыз.

– «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында мемлекеттік қолдау шаралары негізінде жалпы сомасы 135 млрд. теңгеге 908 кәсіпкердің жобасы мақұлданды. Құрылыс сомасы 2,7 млрд. теңге болатын 57 кәсіпкердің жобасына жетіспейтін инфрақұрылым тартылды. Қолға алынған жобалар аясында 28 мың жұмыс орны сақталып, 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында жобалық кеңсе құрылып, жалпы сомасы 56 млрд. теңгеге 141 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 78 жоба мақұлданды, – деді Ернар Бекетов. Ол қаржылық қиындықтарға байланысты тұралап тұрған бірнеше кәсіпорынның жай-күйі туралы баяндап өтті. Өңірлік кеңес мүшелерінен олардың бос тұрған өндірістік учаскелерін инвесторларға ұсыну бойынша қолдау танытуын сұрады.

Кеңеске қатысқан жоба инвесторлары жүргізіліп жатқан жұмыстар турасында әңгімелеп берді. Қолға алынған жобалардың қатарында Бөрлі ауданындағы асфальтбетон зауыты, Бәйтерек ауданындағы жылыжай кешені, Орал қаласында халықаралық дәрежедегі заманауи қонақүйлер кешендерін салу, бірнеше мың басқа арналған бордақылау алаңдарын салу  секілді  ірі  жобалар  бар. Облыс әкімі Ғали Есқалиев инвесторларды кездескен кедергілерді бірлесіп шешуге шақырып, жергілікті билік тарапынан әрқашан қолдау болатындығын айтты.

Басқосуда сөз алған «Орал» ӘӘК» ҰҚ АҚ-ның басқарма төрағасы Дияс Жәнібеков өңірде инвестиция тарту бағытындағы жасалып жатқан істер турасында баяндаса, Орал қаласындағы инвесторларға қызмет көрсету орталығының директоры Мұрат Мұхамбетов  орталықтың өңірге келген инвесторлардың жұмысын оңтайландыруға бағытталған қызметтері туралы мәлімдеді.

Сонымен қатар кеңес мүшелерінің назарына Орал қаласында тұқы және бекіре тұқымдас балық түрлерін аулау қызметін көрсететін демалыс орны мен өндірістік цех құрылысы жобасы және қала аумағында «Pinguin» қысқы туризм және демалыс орны құрылысы жобасы ұсынылды.

– Жалпы құны 780 млн. теңгені құрайтын үш жаңа жобаны іске асыру негізгі капиталға инвестицияларды ұлғайтып, туризмнің дамуына ықпал етеді деп сенім артамын. Тиісті басқармалар мен мемлекеттік құрылымдарға аталмыш жобаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетуді тапсырамын, – деді жиынды қорытындылаған облыс басшысы.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар