27.12.2019, 10:38
Қараулар: 340
«Жайықтың  ахуалы – Президент  бақылауында»

«Жайықтың  ахуалы – Президент  бақылауында»

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Орал қаласы мен әр ауданда бекітілген қоғамдық өкілдерімен кездесті. «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғамдық өкілдер алдында облыс әкімінің орынбасарлары Мұхтар Манкеев, Серік Егізбаев және Аманжол Алпысбаев, Тимур Шәкімов өздері жетекшілік ететін салалар бойынша атқарылған жұмыс барысы жөнінде есеп берді.

– Халықпен байланысты күшейту үшін облыс орталығы мен әр ауданнан қоғамдық өкілдер өз еркімен жұмыс істеуге келісті. Орал қаласының өзінде төрт өкілім бар. Кейбір аудандарда тұрғындардың келісімімен екеуден бекітілген. Қоғамдық өкілдер тәжірибелерімен бөлісіп, көпшілікпен тығыз байланыста қызмет етуге көмектесуде. Сіздерге жыл ішінде атқарылған іс-шаралар жөнінде баяндап, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісеміз, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің айтуынша, қазіргі уақытта өңір тынысын жақсарту үшін инвестиция қаржысын тартуға басымдық берілуде. Биылғы 11 айда облыстағы жалпы өнім көлемі 153 миллиард теңгені құраған. Өнеркәсіптік өнім көлемі 2,2 триллион теңге, өңдеуші өнеркәсіп көлемі 191,8 миллиард теңгеге есептелген. Мұхтар Манкеев инвестициялық жобалардың жүзеге асуы, ауыл шаруашылығы жерлерінің игерілуі, мал етін экспорттау, әлеуметтік мәні бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстау жайын баяндады. Облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев мемлекеттік сатып алуға қатысты талдаулар қорытындысын ашық айтып, әсіресе, білім саласы бойынша тендер конкурсын өткізуге байланысты олқылық жіберілгенін кеңінен талдап көрсетіп, бюджет қаражатын орнықты жұмсауға қатысты алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев мәдениет, білім және әлеуметтік салалар бойынша ұйымдастырылған іс-шаралар барысы жөнінде баяндады.

– Мектептер салуға жеке инвесторларды тартпақпыз. Балабалақшаларға да кезек көп. Көп қабатты үйлердің төменгі қабатына балабақша салуға құрылысшы компанияларға ұсыныс жасаудамыз. Орал қаласын көгалдандыруға көңіл бөлінеді. Келесі жылы инвестиция тартуға жіті басымдық беріледі және экологияны жақсартуға қатысты іс-шаралар қолға алынады. Қазіргі уақытта Жайық өзенінің суы тартылып барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өзеннің экологиялық ахуалына қатысты мәселе бар екенін айттым.

Трансшекаралық өзен мәселесі үкіметаралық деңгейде көтерілсе ғана шешімін табады. Жайық өзенінің ахуалы – Президент бақылауында, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Қоғамдық өкілдерден Самиғолла Оразов мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асып жатқанын, дегенмен ауылаймақта жұмысшы мамандықтар жетіспейтініне алаңдайтынын жеткізіп, аудандарға шеттен келетін қандастарды қоныстандыруды ұсынды.

– Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерде халық саны сиреуде. Шыңғырлау ауданында 14 мың адам тұрса, оның орталығындағы  тұрғындар саны – 9 мың. Бөкей ордасында 16 мың ғана тұрғын бар. Аудан әкімдері халықты тұрақтандыруға байланысты ахуалды зерттеп, стратегиялық жоспар құруы керек. Қазіргі уақытта тұрғындар арасында шағын кәсіпкерлікті бастауға берілетін несиеге қатысты түсіндіру жұмысы дұрыс жүргізілмеуде, – деді  қоғамдық өкілдің бірі Табылғали Сапаров.

 Басқосуда қоғам алдында бюджет қаражатына қатысты ашықтық жайы және шалғайдағы аудандардың дамуына назар аударуға байланысты мәселелер көтерілді. Облыс әкімі Ғали Есқалиев ұсыныс-пікірлерін айтып, белсенділік танытып жүретін қоғамдық өкілдерге алғысын жеткізді.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар