27.12.2019, 10:36
Қараулар: 325
Бәле  болған  битум

Бәле  болған  битум

Мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдауға қатысты биылғы қыркүйек айының 12-сі күні шыққан БҚО қылмыстық істер жөніндегі  соттың үкімі өзгеріссіз күйінде қалды. Бұл жөнінде БҚО қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы хабарлады.

Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі Қазақстан Республикасы үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы келісімге сәйкес 2010 жылдың 9 желтоқсанынан бері Ресейден біздің елге битум мұнай өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған. Үкіметаралық келісім 2019 жылдың 1 наурызында ҚР заңымен ратификацияланған. Бұған қарамастан Орал қаласында мұнай өнімдерін өткізумен айналысатын «Sundex» ЖШС-ның құрылтайшысы әрі директоры Қ. Намазбаев ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған Ж. Қайырбаев, А. Балтұрманов, Т. Қалиев және Н. Кенженовті тартқан. Қылмыстық топ 2014 жылдың маусым айының соңынан бастап, 2015 жылдың 5 қыркүйегі аралығында Ресей Федерациясынан көлемі ірі битум қоспасына (РБВ) жататын өнімді заңсыз жолмен тасымалдаған.

Ұйымдасқан топ битум тасымалдайтын көліктерді жалдап, заң талабына сай құжат рәсімдеместен, Ресейден еліміздің Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Маңғыстау облыстарына 46 185,6 тонна ірі көлемдегі битумды әкеліп, 3 908 525 663 теңгеге өткізген. «Sundex» ЖШС-ның директоры Қ. Намазбаевтың өзіне бағынышты «АйКар» ЖК, «БатысБоранСнаб» ЖШС, «КазСнабОрал» ЖШС, «Демьян Дан» ЖШС-ны пайдалана отырып, салық декларациясында кіріс-шығыс есебін бұрмалап көрсетіп, аса ірі көлемдегі салықты төлемегені анықталған. Салық төлеуден жалтаруға А. Балтұрманов, Н. Кенженов, Б. Жақатаев, офис менеджері Г. Қартқожақова, бухгалтерлер Г. Қожақова мен Н. Зайцева және басқа да сыбайластары көмектескен. Сот алқасы қорғаушылар тарапынан қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарды ақтауға дәлел-дәйек жеткіліксіздігін алға тартып, сот үкімін өзгертуге байланысты аппелляциялық шағымды қанағаттандырмады.

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот үкімінде ҚР Қылмыстық кодексінің баптарына сәйкес Қ. Намазбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтегеннен кейін оған үш жыл сауда ісімен айналысуға тыйым салынғаны жазылған. Онымен бірге әрекет еткен Ж. Қайырбаев пен Т. Қалиев және Н. Кенженов алты жыл қауіпсіздігі орта деңгейдегі түрмеде жазасын өтейді. А Балтұрманов 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ олармен байланыста болған Б. Жақатаев 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектелді. Бірақ ол сот үкімін өзгертуге байланысты шағым түсірмеген.

Н. ҒАППАР

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар