27.12.2019, 10:31
Қараулар: 435
Балалар  асыға  күтетін мереке

Балалар  асыға  күтетін мереке

Салтанат сарайында өңір оқушыларына арналған  «Біз – еліміздің жарқын болашағымыз!» атты Жаңа жыл мерекесі өтті. Облыстық білім басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған шырша тойына 180 бала қатысты. Облыс орталығы мен аудан-ауыл мектептерінің үздік оқушылары жиналған жаңажылдық мерекеге облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы келіп, балалармен бірге жасыл шыршаны айналып, мерекелік кештің көңілді өтуіне атсалысты.

Жыл сайын аталып өтетін  жаңажылдық мерекеге   ата-ана қамқорлығынсыз қалған, даму мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған және көп балалы отбасының, сондай-ақ оқуда озат болып, дарынымен ерекшеленген 9 бен 13 жас аралығындағы балалар қатысты.

Шырша тойында балалардың сүйікті мульфильмдерінің кейіпкерлері ортадан табылды. Олар балалармен бірге ән салып, би билеп, шырша тойының көрігін қыздырды. Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері,  сиқыршылар, Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенттері, би ансамбльдері, мектептен тыс жұмыс  орталығының өнерлі өрендері жаңажылдық кештің әсерлі өтуіне өз үлестерін қосты.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев шырша тойына қатысушыларды жаңажылдық мерекемен  құттықтады:

– Жаңа жылды барлық бала асыға күтеді. Тәуелсіз елде еркін өсіп келе жатқан сіздерге зор денсаулық тілеймін. Ең бастысы, үлкендердің айтқанын тыңдап, шығармашылықпен, спортпен айналысып, оқуда алда болыңдар! Біз сіздердің еліміздің дамуына үлес қосатын азамат болып өсетіндеріңізге сенеміз. Жаңа жылда бар армандарыңыз орындалсын, – деді облыс әкімі.

Шараны  ұйымдастыруға 18 млн. теңге қаражат бөлінген. Жаңажылдық шыршаға қатысушының әрқайсысына 100 мың теңге тұратын  Bilimbook mini планшеті және тәттілер сыйға берілді. Жаңажылдық думанға келген балғындарға «salem.dostar» танысу кеші, тренингтер, «Жаңажылдық ғажайып әлем» мерекелік концерті мен «Көгілдір шырағдан» мерекелік кеш ұйымдастырылды. Содан соң олар  «Орал» ойын-сауық орталығында фильм тамалашап, «Happy new year» караоке-сазды кешіне қатысты.

Еркежан МАҚАШЕВ,

Жәнібек ауданы:

 – Тайыр  Жароков атындағы орта мектептің 5- сыныбында оқимын. Бүгінгі мерекеге грузин ұлтының киімін киіп келдім. Кешегі күннен бері өте жақсы көңіл күйдеміз. Шырша тойына қызық кейіпкерлер таңдалып алынған екен. Түрлі трансформерлер мен қуыршақтар қатты ұнады өзіме. Осындай мереке ұйымдастырған аға-апаларға ризашылығым шексіз.

Райхан СЕРІКОВА,

Бөрлі ауданы:

– 5-сыныпта оқимын. Александров ауылынан келдім. Бүгінгі шырша тойы ұнады. Мерекеге  ханшайым болып киіндім. Сабақты жақсы оқимын. Өзім кесте тігу, би, волейбол үйірмелеріне қатысамын. Кеше бізді ұйымдастырушылар өте жақсы қарсы алды. Бізге жаңажылдық көңіл күй сый-лаған ұстаздарымызға алғыс айтамын.

Бақберген ӘБІЛҰЛЫ,

Қаратөбе ауданы:

– Жаңажылдық мерекеге Үшана ауылындағы Берқайыр Аманшин атындағы орта мектебінен келдім.  Келген бойда “Дарын” қосымша білім беру орталығына орналастық. Онда бізге түрлі кештер  ұйымдастырылды.  Жаңажылдық мерекеде түрлі мультфильм кейіпкерлері жақсы әсер қалдырды. Бізге Bilimbook mini планшеті, Абайдың қарасөздері мен тәттілер сыйға берілді. Қатты қуанып тұрмыз. Ұйымдастырушыларға рақмет айтамыз.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар