27.12.2019, 10:28
Қараулар: 128
«Жаңа  талап» болашақ  мемқызметшілерді  тәрбиелеуде

«Жаңа  талап» болашақ  мемқызметшілерді  тәрбиелеуде

Биыл жастар үшін ерекше жыл болды. Өйткені Елбасымыз Н. Ә.  Назарбаев өзінің Жолдауында оны «Жастар жылы» деп жариялағаны аян. Бүгінде елімізде жастарды барлық салада қолдау саясаты жүзеге асырылуда. «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту – 2020», «Бақытты отбасы», «7-20-25», «Президенттік жастар кадр резерві» сынды бірқатар бағдарламалар қолға алынып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асырылып келеді.

Қазіргі таңда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өз құзыреті шеңберінде жастарға байланысты іс-шараларды жалғастыруда. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті 2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалымен бірлесіп, өңірде алғаш рет жоғары оқу орындары түлектері үшін «Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебін ашқан болатын. Бүгінгі таңда аталмыш мектеп дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту, кадр қорын қалыптастыру мақсатында өз жұмысын жалғастырып келеді.

Мемлекеттік қызмет мектебінің құрамына мотивациялық эссе, тестілеу мен әңгімелесуден кейін жоғары оқу орындарының 33 студенті қабылданды. Мектептің 14 тыңдаушысына мемлекеттік құрылымдарда тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді.

Биыл мектеп бағдарламасын жаңа форматта жүргізу ұйымдастырылды, әр жоғары оқу орнында топтар құрылып, мектеп құрамына жастар практикасы аясында мемлекеттік құрылымдарда тәжірибеден өтіп жүрген мамандар да енгізілді. Мектепке құжаттарын тапсырған М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің және Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 105 студентінің 80%-ы қабылданды.

Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, құқықтық мемлекетті одан әрі дамытуға құлшыныспен атсалысатын білімді әрі белсенді жастарды тәрбиелеу мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызметке орналасуға үміткерлер алдымен мемлекеттік тіл мен заңнамаларды білуге арналған тестілеуден өтіп, конкурстық негізде мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналаса алады. Осы ретте мемлекеттік қызмет мектебінің тыңдаушыларын тестілеу бағдарламасына енгізілген нормативтік-құқықтық актілермен таныстыру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшылығымен және құзыретті мемлекеттік құрылымдардың білікті мамандарымен дәрістер, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы уәкілетті құрылым ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ БҚО бойынша филиалының өкілі әлеуметтік желілер арқылы және mgov, egov mobil қосымшалары арқылы электрондық қызметтерді алу бойынша практикалық дәріс өткізді.

Сонымен қатар мектеп тыңдаушыларына ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры және мамандарымен жеке тұлғалық және кәсіби құзыреттерді қалыптастыру мақсатында тренингтер өткізілді. Олардың ішінде «Жеке тұлғаның даму парадигмасы», командада жұмыс істеуге үйренуге мүмкіндік беру, жолдастық ахуалды қалыптастыру және қарым-қатынас жасау үшін психологиялық кедергілерді жоюға дағдылану бойынша «Ынтымақтастық, команда құру», «Коммуникативті дағдылар» тақырыптарында тренингтер бар.

Мемлекеттік қызметшілердің бойында кәсіби біліктілігімен қатар, қарым-қатынас жасау қабілеті, әдептілік, коммуникативтілік және сөйлеу мәдениеті сияқты жеке қасиеттері болуы қажет. Сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамыту мақсатында және телеарна әлемінің ішкі жұмысымен, бағдарламаларды түсіру, жазу барысымен танысу үшін «AQJAIYQ», «ТДК-42» телеарналарында экскурсия ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында халықпен тиімді кері байланыс орнатуда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшуді, яғни әр мемлекеттік қызметші әлеуметтік желілерде өз саласындағы мәселелер бойынша белсенділік танытуды, дискуссияларға қатысуды, онлайн режімде сұрақтарға жауап беруді тапсырды. Бұл ретте мектеп тыңдаушыларына әлеуметтік желілерде ақпараттарды ілгерілету бойынша «Әлеуметтік желілерді пайдалану және дағдыларын жетілдіру» бойынша да тренинг ұйымдастырылып, «Qalam» оқу орталығының директоры өз тәжірибесімен бөлісті. Алдағы уақытта мектеп тыңдаушылары осы алған білімдерін тәжірибе жүзінде мемлекеттік құрылымдарда тағылымдамада пайдаланатын болады.

Мемлекеттік қызмет мектебі жас көшбасшыларға оқыту, мемлекеттік құрылымдарда тағылымдамадан өту арқылы мемлекеттік қызметтің іс жүзіндегі дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 30ға жуық мектеп тыңдаушысы облыстағы жергілікті атқарушы билік, сот жүйесінде, құқық қорғау құрылымдарында, сонымен қатар Атырау, Маңғыстау облыстарының мемлекеттік құрылымдарында тағылымдамадан өтуге қызығушылық танытуда. Тағылымдамадан өткен соң «Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің тыңдаушыларына оқу курстарын аяқтағаны туралы сертификат беріледі.

Болашақ көшбасшылармен пікірлесу барысында бірі мемлекеттік қызметте еліне адал қызмет етуді жоспарласа, енді бірі ауылды дамытуға септігімді тигізсем деп армандауда… Осы ретте аталған жоба «Жаңа талап» мектеп түлектеріне болашақта биік белестерді бағындырып, тек заң аясында және ел мүддесіне адал қызмет етуіне мүмкіндік береді деген үміттеміз. Еліміздің кемел болашағы жастармен байланысты екенін ескеріп, жас мамандарды ел алдында дәріптеуден тайынбайық!

Ғалым ТҰРСЫНБАЕВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар