24.12.2019, 13:01
Қараулар: 151
Антикор  орталығы  қызмет  көрсетеді

Антикор  орталығы  қызмет  көрсетеді

Өткен жұмада  Орал қаласында Антикор орталығы ашылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаменті кеңсесінің жанынан бой көтерген ғимаратта тұрғындарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес беріліп, мемлекеттік қызметтің ашықтығы қамтамасыз етілмек.

Сервистік орталықтың лента қию рәсімін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар мен облыс әкімі Ғали Есқалиев өткізді. Орталықтың бірінші қабатында келушілерді қабылдайтын арнайы кабинеттер орналасқан. Балаларға арналған ойнау алаңы, бейнероликтер көрсетілетін LED-тв экрандары жабдықталған. Ғимараттың екінші қабатында  баспасөз  орталығы мен «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі  бар.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде Антикор орталығы ашылып отыр. Мұнда азаматтар өздерін толғандыратын мәселелер бойынша құқықтық көмек ала алады, сондай-ақ орталық жемқорлық індетін жоюға жұмылуға дайын жұртшылықтың бас қосатын орны болмақ. Орталық қызметкерлеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Жалақылары да жоғары. Есесіне олар сыбайлас жемқорлықты болдырмауға атсалысу үшін аянбай еңбек етеді деп сенемін, – деді өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы.

Өз кезегінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Шабдар аталмыш сервистік орталық  мемлекет пен қоғам, жергілікті тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға сеп болатынын атап өтті.

Орталықтың ашылу салтанатынан соң ол Орал қаласындағы бірқатар  мемлекеттік мекемелерді аралады. Айта кетсек, Орал қалалық №2 сотының фронд-кеңсесіне барып, медиаторлардың қызметімен танысты. Кездесуде облыстық соттың төрағасы Бек Әметов азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуде медиация рөлінің зор екенін және республика бойынша медиаторлар қоғамын құру туралы мәселе көтерді. Сондай-ақ ол облыс тұрғындарына медиаторлық кеңес беруге арналған электронды портал, мобильді қосымша және Татуласу орталығының жұмыс істейтінін айтты.

«Ақжайық – адалдық алаңы» кеңсесінің қызметкерлерімен кездескен Нұрлан Амангелдіұлы ұжымның жұмысына оң бағасын берді. Содан соң Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжіне барып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Колледж директоры Светлана Бахишеваның айтуынша, оқу ордасы қабырғасында құқықтық сауаттылықты арттыру, жемқорлықты болдырмауға бағытталған шаралар жүйелі ұйымдастырылып тұрады.  Сондай-ақ мұнда «Академиялық адалдық саясаты», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт», «Ішкі тәртіп ережелері»  нормативтік құжаттар әзірленіп, бекітілген. Қызметкерлермен жасалатын еңбек шарттары  мен студенттерге білім беру туралы шарттарында сыбайлас жемқорлық туралы нұсқаулықтар жазылған. Pedcollege.kz сайтының «Жаһанша – адалдық алаңы» бөлімінде мемлекеттік қызметтің, кадрлық саясаттың және қаржылық-сауаттылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттар орналастырылған. 40-тан астам студент «Адалдық алаңының» мүшесі.  Олардың әрқайсысы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік қалыптастыруға үн қоспақ.

– Емтихан кезінде «Таза сессия» акциясы ұйымдастырылып, студенттерге анонимді сауалнамалар жүргізіледі. Емтихандар толықтай электронды форматқа көшірілді. Сондай-ақ колледжде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО департаментінің ұсынысы бойынша «Адалдық алаңы» дүңгіршегі жұмыс жасайды. Онда студенттер өздеріне қажетті кеңселік тауарларды сатып алып, ақшасын арнайы жәшікке салады. Болашақта жастар ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыру және жаңа формациядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жас өкілдерін дайындау мақсатында «Парасаттылық мектебі» ашылмақ. Қазіргі таңда 50-ден астам белсенді студент дәріс тыңдауға ниет білдіріп отыр. Курсты аяқтаған соң, белсенді студенттер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты колледжде және одан тыс жерлерде қолданатын болады, – деді Светлана Меңдіғалиқызы.

Оқу ордасының оң істеріне риза болған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары содан соң «Smart Uralsk» ғимаратына, «Квант» ЖШС-ға және арнайы маман-дандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жұмыс барысымен танысты.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар