24.12.2019, 12:59
Қараулар: 433
“Ауғанстанға бейбітшілік орнатуға бардық”

“Ауғанстанға бейбітшілік орнатуға бардық”

25 желтоқсан – Ауғанстан  жеріне  Кеңес әскерінің  кіргеніне  40 жыл

Ауғанстанға солтүстік бағыттан алғаш кірген Кеңес одағының 860-шы жеке мотоатқыштары полкі еді. Сол полктің құрамында қазақтың бір ұлы Мырзакелді Тілеулиев те бар болатын. Жаужүрек полктің сапері болған кейіпкеріміздің жасы сол кезде небары 20-да екен.

– Орал қаласының орталық базар маңында бұрын №24 техникалық училище болатын. Сонда токарь мамандығы бойынша білім алып, К. Ворошилов атындағы машина  жасау зауытында  еңбек етіп жүрген кезім. 1978 жылдың қараша айында әскерге шақырту қағазы келді. Бұрын әскерге кетер кезде бүкіл ауыл шығарып салатын, келер кезде  де сол ауыл тайлы-таяғымен қарсы алатын. Ауылдағы ағаларымыз әскерге психологиялық тұрғыда дайындайтын. Тіпті әскерге бармаған жігіттерге қыздар да қарамайтын. Содан Орал қаласынан 200 сарбаз Жамбыл облысы Қордай ауданы маңындағы «Отар» әскери гарнизонына аттанып кеттік. Ол жерде сапер мамандығын меңгеріп, алты айдан соң Қырғызстанның Ош қаласына аттандырды. Ошта тактикалық оқу-жаттығу курсынан өтіп жүрген кезде офицерім шақырып алып, «Енді оқу-жаттығу жұмыстарын Ауғанстанда жалғастырамыз. Ауғанстанға баратынымызды қатардағы сарбаздар білмесін. Сол жерде полктің сарбаздары үшін жауап бересің.  Әскерден қашатындар, айқау-шу шығарып, байбалам салатындар болмасын» деді. Мен Қырғызстанда әскери борышымды атқарып жүргенде сержант шенін алып, взвод командирінің орынбасары болған едім. Осы арада білікті әскери мамандардың басшылығында таулы аймақта ұрыс жүргізу әдіс-тәсілдеріне әбден дайындалдық. Қару-жарақ түрлерін  меңгеру, шабуылдау мен қорғануды барынша үйрендік. Ауғанстанға аттанарда  маған құпия қызметке орай Абай деген лақап есім берді. Содан Ауғанстанның шекарасына кірер кезде ғана сарбаздарға интернационалдық борышымыз үшін соғысатынымыз түсіндіріліп, өте сақ болу қажеттігі ескертілді. Барлығы абдырап қалды. Содан шегінер жол жоқ 1979 жылы қаңтардың сықырлаған сары аязында алғашқылардың бірі болып Памир тауы арқылы Хорогқа, одан Ишкашим шекарасына жетіп, Ауғанстанның Файзабад қаласына кірдік, –  дейді сол күндерді еске алған  Мырзакелді Тілеулиев.

Таулы аймақта кез келген техника жүре алмайтыны белгілі. Сарбаздар арқаларындағы қапшықтарына  оқ-дәрілерін  салып алып, 40 градустық аязға, дүлей боранға қарамастан, таудың басына шығуға ұмтылған. Душмандар тау басында орнығып алып, етекте жүргендерді қия бастырмайтын. Ағзалары таулы аймаққа үйренбеген сарбаздар алғашында оттегінің жетіспеуінен әлсіреп, мұрын мен құлақтарынан да қан кеткен.

– Алғаш барғанда  душмандардың  құрған торуылына тап болдық. Сол сәттен бастап әскердегі оқу-жаттығуда емес, ауған соғысында жүргенімізді сезіндік. Негі-зі, бізге таудың басына беркіну туралы бұйрық берілген болатын. Сол күні офицеріміз шаршады ма, әлде жолды қысқартқысы келді ме білмедім, тау шатқалына түстік. Барлаушы, байланысшы және саперлер батальон командирінің қасында жүретінбіз. Соңымыздағы жаяу әскер бір шақырымдай қашықтықта созылып келе жатты. Шатқалдан өте бергенде бір душман атын терекке байлап қойып, өзі бұлаққа бетін жуып жатыр екен. Біздің келіп қалғанымызды байқамай, көрген бойда қалшиып қатты да  қалды. Аты терекке  байлаулы тұр. Мылтығы да сол жерде қалыпты. Қарусыз адамды атпақ түгілі, мылтық кезене ал-мадық. Бір кезде ол есін жиып, тау-тастың арасымен қаша жөнелді. Ол барлаушы екен. Сол сәтте жоғарыда жасырынып жатқан душмандар оқты қарша боратты. Полктің дені соңымызда болғандықтан, алдыңғы шептегілер тығылып  үлгердік. Таудың жоғары жағына қарау мүмкін болмағандықтан, қай жақтан оқ атып жатқанын айыру қиын. Жараланғандар болды. Ең бірінші ұрысымыз осылай басталған.  Одан кейін де бірнеше рет қарулы қақтығыстар болды. Душмандар айлакер және өте сақ. Сол жердің тау-тасын түгел білетіндіктен, қай жырадан  атып шығатынын білмейсің. Ұрыс кезінде дабыл беретін бағыттаушы қызыл ракетницаны душмандарға қарай атып жіберетінбіз. Сонда Кеңес одағының «қолтырауын» тікұшағы келіп, оларға оқты қарша борататын. Кейде полктің әскерлерімен жүгіріп келе жатқанда әлгі  тікұшақтың төбеңде келе жатқанын байқамай қаласың. Сол сәтте дереу қызғылт-сары түтін шығаратын шашканы пайдаланамыз. Бұл дабыл белгісі біздің Кеңес одағының әскерле-рі екенімізді білдіретін. Түтінді байқағаннан кейін әрі қарай кете беретін. Ауған еліндегі соғыста біз жергілікті халықты қыруға емес,  керісінше сол елде бейбітшілік орнатуға бардық. Алайда сол елдегі халықты екі жаққа тартқылаған содырлардың кесірінен бейбіт ел көп жапа шекті. Гульхана деген елді мекеннің маңында жүргенімізде жергілікті тұрғындардың кедей тұратынын байқайтынбыз. Шалбарларын ұн мен қанттың қабынан тігіп, аяқтарына машина дөңгелегінің сыртқы резеңкесін (покрышка) жұқартып, оны сыммен байлап галош жасап киетін, – дейді ол.

Әскерлер алғаш барған жылдары жергілікті тұрғындардың балық аулап жүрген ұлдарына консервіленген ет, арпа секілді тағамдарды және бөлшектелген ағаш пен керосин беріп жіберіп тұрған. Сонда риза болған бүлдіршіндер қайта-қайта алғыстарын айтып, үйіне қуанып жүгіріп кететін көрінеді.  Алты-жеті ай өткен соң сарбаздардың да азық-түлік қоры таусылып, қытырлақ нан мен суды қорек еткен. «Бұйрық талқыланбайды, тек орындалады» деген қағидаға сүйенген олар  борыштарын адал орындаған. Тіпті ауылдағы ата-аналарына алты айға дейін Ауғанстандағы соғыста жүргендерін айтпапты. Өйткені бұйрық солай. Десе де, кейіпкеріміздің әкесі мен анасы хат-хабарсыз кеткен ұлдарының бір қиындыққа тап болғанын іштей сезіп, «аман оралса екен» деп күн сайын дұға етіп отырған. Ал кейіпкеріміздің қарындасы болса, қасиетті қара шаңырақтағы кәдімгі пештің  үстіне шығып алып, алақан жайып «ағам үйге тезірек қайтса екен» деп тілепті. Осылай екі жыл әскери борышын өтеген кейіпкеріміз Мырзакелді Байқатұлы елге аман-есен оралады. Содан А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына оқуға түсіп, бейнелеу өнері және сызу факультетін тәмамдайды. Білім ордасында Нұрсипат есімді қызбен кездесіп, оқу бітірген соң екеуі шаңырақ көтереді. Кейіпкеріміз бүгінде екі перзенттің әкесі. Орал қалалық №9 жалпы орта білім беретін мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұлдардың бойына патриоттық рухтың дәнін сеуіп жүрген ол ұжымның мақтанышы.

Сыйлы да абыройлы қызметкері.

Зайыбы мен қызы  да аталмыш білім ошағында ұстаздық қызмет атқаруда. Кейіпкеріміз жуырда, ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімінің алғыс хатына ие болған. Сондай-ақ ол «Ауған соғысының мүгедектер және ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі.

Иә, 1978 жылдың сәуір айында  Ауғанстанда төңкеріс болып, оның нәтижесінде аталмыш мемлекетте он жылға жуық соғыс жүрді. Бұл қасірет ел ішінде ғана емес, сырт мемлекеттердің қатысуымен ұзаққа созылған еді. 1979 жылдан бастап Кеңес әскерлерінің құрамында интернационалдық боры-шын  өтеу үшін ауған соғысына облысымыздан 1021 адам аттанса, олардың 27-сі майдан даласында шейіт болған. Біреуі хабарсыз кеткен. Ал сол қырғыннан аман келген 737 сарбаз өңіріміздің түкпір-түкпірінде еңбек  етуде.

Тарих жылнамасында өзіндік орын алған Ауған соғысында қазақ жігіттері интернационалдық борышын өтеп, бұйрықты орындаған еді.

«Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» дегендей, өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізген майдангер ағаларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмақ  емес.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар