24.12.2019, 12:56
Қараулар: 473
Шетелден  жұмыс  күшін  тарту  азая  ма?

Шетелден  жұмыс  күшін  тарту  азая  ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және облыс әкімдіктеріне мұнай-газ саласы үшін біліктілігі жоғары кадрлар даярлауды тапсырғаны мәлім. Осы арқылы кен орындарын игеруші компаниялар сырттан тартылатын жұмысшы күшін мейлінше азайтпақшы. Сондай-ақ  20 желтоқсанда өткен Ұлттық кеңестің екінші отырысында Мемлекет басшысы шетелден келетін жұмысшыларға берілетін квотаның санын қысқартып, оларға қойылатын талаптарды күшейтіп, бұл жағдайды қатаң бақылауға алатынын айтты.

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы мамандардың айтуынша, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Үкімет шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілейді. Рұқсат беру және (немесе) оны ұзарту тәртібі мен шарттарын айқындау үшін заңнамада қызметкерлердің үш  санаты белгіленеді. Бірінші санат басшылар және олардың орынбасарларын, екінші санат құрылымдық бөлімшелердің басшыларын, үшінші – кәсіби стандарттарда, біліктілік анықтамалығында, басшылардың, мамандардың және басқа қызметкерлердің лауазымдарының біліктілік анықтамалықтарына сәйкес келетін мамандарды, төртінші санат жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында, жұмысшы кәсіптерінің тарифтікбіліктілік сипаттамаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келетін білікті жұмысшыларды қамтиды.

– Өңірге шетел жұмыс күші белгіленген квота бойынша тартылады. Соңғы жылдары сырттан жұмысшы жалдайтын компаниялардағы отандық мамандардың үлесі өсті. Мысалға, 2010 жылы қазақстандық мамандардың үлесі 89,4% болса, қазіргі уақытта ол көрсеткіш 92,5%-ға жетті. Сонда 9 жыл ішінде сырттан тартылатын шетелдік мамандардың үлесі 10,6% -дан 7,5%-ға түсті.  Сырттан шақыртылатын мамандардың 80%-ы Қарашығанақ жобасына атсалысуға, қалған 20%-ы Бәйтерек ауданындағы Шынар кен орнына және облыстағы шағын және орта бизнесті дамыту, инвестициялау бағытындағы жобалар бойынша келеді, – деді аталмыш басқарманың басшысы Алтай Құлқаев.

Облыс бойынша биыл шетелден мамандарды, жұмысшыларды тарту  квотасы 3361 адам, соның ішінде ІІІ санат бойынша 1463 маман болып белгіленген. Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 3361-дің 1457-і ғана жұмысқа шақыртылған. Яғни бөлінген квотаның 43,3%-ы іс жүзінде пайдаланылды.  Ал ІІІ санат бойынша 1463 адамның тек 485-і ғана елімізге жұмысқа келген. Сонда 800-дей жұмысшы сырттан шақыртылмаған, яғни осыншама  жұмыс орны жергілікті тұрғындарға бұйырды деген сөз.

Биылғы жылдың тамыз айында облыс әкімі Ғали Есқалиев «ҚПО б. в.» компаниясының басшылығымен кездесу барысында ең ірі өңірлік жұмыс беруші және салық төлеуші ретінде компанияның облыс экономикасы үшін маңыздылығын, өңірімізде ІІІ және IV санат бойынша көптеген шетелдік маман жұмыс жасайтынын айтқан болатын. Өңір басшысы әкімдік тарапынан ІІІ санат бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны азайту, сонымен қатар IV санаттағы шетелдік жұмыс күшін әкелуге толықтай тыйым салу туралы шешім қабылданғанын мәлім етті. «Сіздердің мердігер ұйымдарыңыз электргаздәнекерлеуші, монтаждаушы, бұрғылау жұмыстары бойынша инженер және басқа мамандықтар бойынша ІІІ және IV санаттағы жергілікті кадрларды даярлауы тиіс деп санаймын. Облыс аумағында мамандарды даярлау бойынша ASME алған тренинг-орталықтар бар екендігін есепке алсақ, бұл істі жүзеге асыруға әбден болады.

Қарашығанақ кен орындарына кәсіби қызметкерлерді даярлау үшін тренинг-орталықтарды инвестициялау бойынша қолұшын созуға қашанда дайынбыз», – деді Ғали Есқалиев.

Енді облыс әкімінің тапсырмасы қалай орындалуда? Бұл сұрақты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А. Құлқаевқа қойған едік. Басқарма басшысының айтуынша, аймақтық комиссияның 2020 жылға арналған квотаны қалыптастыру жөніндегі шешімімен шетелдік жұмыс күшін тартуға өтініш берген жұмыс берушілерге ІV санатқа квота беру туралы өтініші толық көлемде және ІІІ санаттағы мамандардың санын азайту туралы өтініші мақұлданбаған.  Квотаны қалыптастыру жөніндегі облыстық комиссияның ұсынбалары негізінде 2020 жылға арналған экономикалық қызмет түрлері бойынша елімізге жұмыс күшін тарту өтініші тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша құзырлы құрылым ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолданды. Келешекте шетелден жұмыс күшін тарту квотасын анықтау барысында қазақстандық мазмұнды ұлғайту және сырттан тартылатын жұмысшылардың квотасын азайту бағыты басты назарда болмақ.

Шетелден  жұмысшы  шақырта  ма?

Шетелден жұмыс күшін тартатын компаниялардың бірі «Жайықмұнай» ЖШС-ның бас директоры Жомарт Даркеевтің айтуынша, Шынар кен орнын игеру жұ-мыстарымен айналысатын компанияда қазақстандық мамандар үлесі аздап азайған сыңайлы. Өйткені 2010 жылы компанияда отандық мамандардың үлесі 96%-ды құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 95% шамасында, яғни бір пайызға төмендеген. Өйткені кен орнында өндірістік жұмыстар басталған, оған білім-білігі бар мамандар керек. Ал өзіміздің жоғары оқу орындарын бітірген кейбір жас мамандардың даярлығы, сапасы компания басшылығының көңілінен шықпайды. Сондықтан да соңғы он жыл ішінде компанияның сырттан алдыратын мамандарының саны өсіп отыр. Мысалға, 2010 жылы шетелдік 15 адам жұмыс істесе, қазір компанияда олардың саны 31-ге жеткен. Бас директордың берген мәліметіне сүйенсек, шетелден ІІ, ІІІ санатты инженерлік құрамдағы қызметкерлер шақыртылады.

– Облыс әкімінің мұнай-газ саласындағы компания басшыларына мердігер ұйымдардың электргаздәнекерлеуші, монтаждаушы, бұрғылау жұмыстары бойынша инженер және басқа мамандықтар бойынша ІІІ және IV санаттағы жергілікті кадрларды даярлауы тиістігін айтты. Мұны, әрине, қолдаймыз. Өйткені бұл санаттар бойынша білікті қазақстандық жұмысшы мамандар шетелдік әріптестерінің орнына жұмыс істей алады. Жобаларға білікті мамандар мен жұмысшыларды тарту мердігер ұйымдардың мойнында. «Жайықмұнай» компаниясы алдағы 2020 жылға ІІІ санат бойынша шетелден 26 адамды шақыртуға квота бөлуді сұрады, ал ІV санат бойынша шетелден жұмыс күшін сұратпаймыз, – деді Жомарт Даркеев.

«ҚПО б.в.» компаниясының корпоративтік қатынастар бөліміндегілер жергілікті қамтуды арттыру мәселесіне жер қойнауын пайдаланушының ерекше мән-маңыз беретінін айтады.  ӨБТК құжатына қол қойған уақыттан бері қазақстандық мамандарды оқыту және кәсіби дамыту мақсатына 225 млн. АҚШ долларына жуық қаражат жұмсалған. Бүгінде 2001 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, жергілікті мамандардың пайыздық үлесі 70%-дан 92%-ға дейін өскен. «ҚПО» компаниясындағы шетелдік мамандардың үлесі жалпы қызметкерлер санының 8%-ын ғана құрайды. Осы 8%-дың 2,4%дық үлесі жергілікті еңбек нарығында жоқ инженерлер мен арнайы бейінді техникалық сарапшыларға тиесілі. 2001 жылдан бері компания ІV санаттағы техникалық бейінді шетелдік мамандарды жұмысқа шақыртқан емес.

«ҚПО» компаниясы облыс әкімшілігінің мұнай және газ саласына қажетті техникалық мамандарды даярлау және кәсіби дамыту орталығын құру бастамасын толықтай қолдап отыр. Сонымен қатар БҚО әкімдігімен дайындалған «Жол картасын» жүзеге асыруға ықыласты.  Бұдан бөлек кен игеруші компания ірі мердігерлік ұйымдарды да осы жобаға белсенді атсалысуға шақырады.  Салалық талаптарға сәйкестікке қол жеткізу мен компанияның мердігерлерін білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында БҚО әкімдігі, «ҚПО б. в.» компаниясы және мердігерлік ұйымдар бірлесіп, Ақсай техникалық колледжінің оқыту жүйесін жетілдіруге ниетті.

«Өз  қотырымызды» өзіміз  қасуымыз  қажет

Мемлекет басшысы отандық жұмыс берушілердің 70%-ының колледж түлектерінің біліміне көңілі толмайтынын, ал шетелдік компаниялардың жұмысшыларға қоятын талаптары жоғары екенін айтқан-ды. Сондықтан жергілікті өңірлерде біліктілігі жоғары жергілікті мамандарды даярлауды қолға алуды тапсырды. Соның бір амалы ретінде қазіргі колледж базасында біліктілік орталықтарын құру керектігі айтылуда. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Ғабдушев бұл бағытта жоспарлау жұмыстары енді қолға алынғанын айтып, нақты мәлімет бермеді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мамандары да мұнай-газ саласына алдағы жылдары қанша маман, қандай мамандықтарға сұраныс болады деген мәселелерге ауыз тұшытарлық ештеңе айтпады. Яғни бұл мәселелерді облыста әзірге ешкім, ешбір құрылым зерттемеген. Ел ішіндегі осындай жағдайды білетін Мемлекет басшысының «Әкімдік пен Үкімет қандай мамандықта қанша адам білім алатынын анықтауы тиіс. Бұл шетелдік жұмыс күшін азайтуға жол ашады», – деуі орынды. Десе де, көп ұзамай бұл мәселенің жан-жақты сараланып, өңірдегі мұнай-газ саласындағы шетелдік жұмысшыларды жергілікті мамандармен алмастыруды көздеген жоба-жоспар жасалуы тиіс.

— Жоғары аграрлық-техникалық колледжде дуальды оқыту, яғни бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандарын даярлау қолға алынған.  Бұл бағытта БҚО кәсіпкерлер палатасы және  өңіріміздің өндіріс мекемелері арасында үш жақты келісімшарт жасалған. Бүгінде дуальды оқыту жүйесімен өзге мамандықтармен қатар мұнай және газды қайта өңдеу технологиясы, мұнай-газ құбырлары мен қоймаларын салу және пайдалану мамандықтары қамтылған. Алты мамандық бойынша 434 оқушы дуальды оқу жүйесі негізінде білім алуда. Мұнай-газ саласы мамандықтарына оқитын студенттер дуальды оқыту жүйесі бойынша “ИнтерГазОрталық Азия» АҚ,  “Конденсат» АҚ,  «ҚПО б. в.» сынды кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтеді, – дейді аталмыш колледж директоры Серік Мұхамбетәлиев.

Еліміздің еңбек нарығында мұнай-газ саласына жұмысшы мамандығын игерген білікті мамандар тапшы. Өмірінде мұнай иісі мұрнына бармаған, тіпті мұнайдың түсінің қандай екенін көрмеген жоғары білімді жас мамандардың көбісі еңбек жолын жылы кеңседе бастағысы келеді. Өндірісте жүріп ысылмаған, қарапайым жұмысшы болып, қолы қара майға былғанбаған адамнан жөні түзу маман шығады деу бекер. Мұнай-газ саласындағы компаниялардың өкілдері жас мамандардың білім-білігіне көңілі толмайтындарын айтады. Мұны жоғары және орта оқу орындарының оқытушыларының өздері де мойындайды. Бұған не себеп? Олардың айтуынша, біздегі білім беру үрдісін ұйымдастырудағы және жүйедегі түйткілдер – басты себеп. Жас маманның бойынан табылуға тиісті тәжірибелік дағдының, білім мен тәжірибенің болмауы, бір сөзбен айтсақ, теориялық білімнің нақты өндірістік жағдайлардан алшақтап кеткендігінен екені анық. Қалыптасқан жағдайда жұмыс беруші білікті маманды, жұмысшыны сырттан іздеуге мәжбүр. Өйткені мұнай-газ саласындағы мердігерлер даярлығы төмен жас мамандардың білім-білігін арттыруға мойын бұра қоймайды. Оның барлығы қалтаға соғады. Өйткені жас мамандардың оқу үрдісінде алған білімдерін жүзеге асыру жоспарланатын кәсіпорын қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қосымша оқыту, тәжірибеден өткізу, қайта даярлау шығынды қажет етеді. Сонымен қатар колледждердің құқықтық ұйымдастыру нысаны, ескірген материалдық-техникалық базасы, қолданыстағы оқу бағдарламалары дуальды оқыту процесіне тежеу екені жасырын емес. Сондықтан колледждерде экономика мен еңбек нарығына сай оқу мазмұнының тәжірибемен тығыз байланыстылығы, орта білім және арнайы пәндерге сәйкестендіруге мүмкіндік беретін икемді оқу бағдарламалары қажеттігі сөзсіз.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар