24.12.2019, 12:55
Қараулар: 323
Аманжол АЛПЫСБАЕВ, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары: «Үнемделген  қаржыға көп  нәрсе  істеуге  болады»

Аманжол АЛПЫСБАЕВ, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары: «Үнемделген  қаржыға көп  нәрсе  істеуге  болады»

Бұрын хабарлағандай, жақында өткен қоғамдық тыңдауда электр қуатына жаңа тариф бекіту мәселесі талқыланды. Табиғи монополияларды реттеу бойынша департаментке өтінім берген «Батыс Энергоресурсы» ЖШС тұрғындарға бекітілген тарифті 2 теңгеге (қазіргі 10,30 теңгеден 12,63 теңгеге дейін), кәсіпкерлік нысандары үшін 1 теңгеге (қолданыстағы 18,48 теңгеден 19,48 теңгеге дейін) өсіруді ұсынды. Соған орай өңірдегі жаңа тарифтік саясат жөнінде облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

– Жүргізілген сараптама нәтижелеріне сүйенсек, өңірде электр қуаты үшін төлемақысы айына кісі басына 2000 теңгенің үстіне шығатын абонент саны 6221 немесе барлық тұтынушының 6%-ын құрайды. Олар электр қуатын көп жағады, сондықтан оларға қазіргі тариф тиімді. Сараптама жұмыстары коммуналдық қызмет төлемақысына отбасылық бюджеттің 40-60%-ы жұмсалады деген сөздің жалған екенін көрсетті.

Сол себепті де қазір бірыңғай абоненттік төлем орталығы құрылуда. Әрине, оның экономикалық жағынан тиімділігі бар. Бір пәтерге төрт төлемақы қағазын төрт тексерушінің әкелуі ақылға сыйымсыз, одан да бір тексерушінің 4 есептегіш құралынан көрсеткіштерді жинағаны дұрыс. Келешекте «смарт» жүйесін қолданысқа енгізіп, ешкім үй араламайтын болады. Бірақ ондай жобаға салмақты инвестиция керек.

«Жасырын» субсидиялау, яғни бюджеттік мекемелердің коммуналдық шығындарын жабу үшін бюджеттен бөлінетін субсидияның есебін шығардық. Тұрғындар мен бюджеттік мекемелер арасындағы тарифтердің айырмашылығы 26 теңге болады, бірақ оны қарастырмай, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының тарифін алып, есептеулер жүргіздік. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 1 кВт/сағат үшін тарифі  – 18,48 теңге, жергілікті бюджеттік мекемелер тарифі – 37 теңге. Енді 37 теңгеден 18,48 теңгені азайтсаңыз, екеуінің арасындағы айырмашылық 18,52 теңге болады.  Мұны бюджеттік мекемелер тұтынатын қуаттың көлеміне 77000 кВт/сағатқа көбейтеміз, яғни 18,52х77000=1 млрд. 426 млн. 040 мың теңге шығады. Осылайша, тұрғындардың жылына 384510 кВт/сағат, шағын және орта бизнестің 230000 кВт/сағат пайдаланатынын ескеріңіз.

Сараптай келе, әңгімеміздің  басында айтқанымдай, электр қуатын ең көп тұтынатын тұтынушылардың 6%-ы (6121 абонент) пайда көреді деген қорытынды жасадым. Өйткені олар көп мөлшердегі электр қуаты үшін қомақты ақша төлейді, ал біз тарифті бюджет есебінен субсидиялап, «тізгіндеген» кезде оларға тиімді болады. Тұтынушылардың 74%-ы немесе 80 465 абонент айына 1 — 89 кВт/ сағат аралығындағы электр қуатын пайдаланып, шамамен айына 11,54-тен 1027 теңгеге дейін шамасында төлем төлейді. Байқағанымыздай, айына 1 кВт/сағат электр қуатын пайдаланатын тұтынушылар да бар. Бұл қалай дерсіз, мұны түсіндіре алмаймын. Сондай-ақ 24% тұтынушы немесе 25 998 абонент айына 231-ден 450 теңгеге дейін, 22% немесе 24130 абонент айына 462-ден 680 теңгеге дейін төлем төлейді. Қазіргі тариф осы 46% тұтынушыларға тиімсіз, өйткені олардың ағымдағы бюджетінен шығын көп. Бұл былайша айтсақ, үнемі қолыңыздағы ақшаны жұмсай берсеңіз, сізде қор жинақталмайды, яғни дамуға ақша болмайды. Енді қараңыз,   бюджеттен субсидиялауға бөлінетін 1 млрд.  426 млн. теңгені үш жылдық бюджетке салып, үш рет көбейтсеңіз, 4,5 млрд. теңге шамасында қаржы шығады. Бұл дегеніңіз –  сұмдық көп қаржы. Сондықтан тарифтен үнемделген қаржыға көп нәрсе істеуге мүмкіндік бар.

Мәселен, көшелерді жарықтандыруға, мектептер, балабақшалар салуға, аулаларды абаттандыруға және қаланы көгалдандыруға болады. Мысал ретінде жылу қуатын алайықшы. Жылу қуаты бо-йынша қала бюджеті есебінен төлемақысы өтелетін 96 ғимарат 1,5 млрд. теңге шамасындағы жылуды пайдаланады. Мұнда да тиімсіздікті көресіз.

Қорыта айтар болсақ, барлық коммуналдық қызмет бойынша коммуналдық кәсіпорындарға бюджеттен төленетін «жасырын» субсидия көлемі 2 млрд. 600 млн. теңге шамасында. Оның ішінде қомақтысы 1 млрд. 426 млн. теңге электр қуаты үшін, 800 млн. теңге шамасында жылуға, ең төменгі мөлшердегі субсидия суға, кәріз-ге төленеді. Өйткені суға аз төленетіні судың бағасы өте төмен, тұрғындар үшін 40 теңге, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары үшін 600 теңге шамасында. Осы-лай болғанымен, тұрғындар суды көп пайдаланады, мұнда математикалық теңсіздік орын алған.

– Аманжол Әлиханұлы, субсидияның қоғам үшін пайдасы бар дегенмен, оның жұрттың бәріне бірдей «бұйыра» бермейтіні рас қой?

– Оны пайдалы деуден аулақпын. Біз тұрғындарға олардың субсидиялау есебінен пайда көретін тұтынушылардың 6%-ына кірмейтінін, ешбір пайда көрмейтін, қор жинауға шамасы келмейтін тұтынушылардың 74%-ының ішінде екенін түсіндірудеміз.  Байқасаңыз, сараптама қорытындыларына қарап әлеуметтік дау-дамай туындауы ықтимал. Мысалға, бір абоненттің айына 42 051 теңгеге электр қуатын пайдаланатыны анықталды, бұл – рекордтық көрсеткіш. Ол үйге жалғыз өзі тіркелген, шамасы зәулім  үй болуы керек. Мұның да астары бар деп білемін. Қалада 81 мың адам қоқыс үшін ақы төлемей, қашып жүр емес пе?  Сондықтан барлық коммуналдық қызмет бойынша пропорцияны  біртіндеп өзгертіп, жаңа тариф саясатын енгіземіз. Әзірге электр энергиясы  бойынша жұмыстанудамыз. Өйткені оның «жасырын» субсидиядағы үлесі қомақты.

– Әкімдік тарапынан жүргізілген сараптама-дәлелдеріңіз түсінікті делік. Алайда тұрғындардың барлығының табысы айтарлықтай емес, нарықтағы азық-түліктің қымбаттауы, нан бағасының өсуі  – осының барлығы жаңа тарифке деген халықтың көзқарасына әсер етеді. Сол әсер қоғамдық тыңдауда көрініс тапты емес пе?

– Иә, жалпы тариф өседі дегенде оның астарына ешкім үңілмейді. Бұрыннан қалыптасқан психологиялық қабылдау бар. Бір кездері сіріңке, қарақұмық қымбаттайды деп жұрттың бәрі дүкендегіні тасып, үйін толтырып ала-тын. Керісінше, мақсатымыз шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының тарифін теңестіріп,  төмендетеміз.

Кәсіпкерлер  тариф өседі дегенді естіген бойда оны аутоматты түрде өнімінің өзіндік құнына қосады. Мұндай тәжірибені тірлікте көргенбіз. 2009 жылы шаш-тараздағылар судың тарифі 10 есе, яғни 30-дан 300 теңгеге дейін өседі деп шашты жуу қызметінің бағасын екі есе өсіріп жіберді. Бұрынғы 50 теңгенің орнына 100 теңге алатын болған. Бір адамның шашын жууға 3,5 литр су кетеді, текше метрде 1000 литр су бар деп есептеп көрдік. Сонда шаштаразшы бұрын судың литрі 3 тиын болғанда 50 теңге алған болып шықты.  Кез келген өнімде коммуналдық қызметтердің өзіндік құны өз деңгейінде емес. Әлемдік тәжірибеден белгілі, мысалға, Германияда ірі салық төлеуші болып табылатын алпауыт кәсіпорындардың коммуналдық тарифі тұрғындардың тарифімен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Өйткені ол оны өз қызметімен, өз өнімі арқылы тұрғындарға қайтарады. Ал бізде керісінше, экономикалық жағынан тиімсіз болып отыр. Сондықтан біз де шағын және орта кәсіпкерлік нысандары үшін тарифті төмендетуге пейілміз.

– Электр қуатына қатысты жаңа тарифтік саясаттың нәтижесі қандай болады?

– Электр қуатын тасымалдайтын «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» жылына 4,5 млрд. кВт/сағат, миллиард теңгенің электр қуатын тасымалдайды. Бұған тариф бойынша 5,30 теңге алады, содан табысы құралады. Компанияның заңмен бекітілген инвестиция тартуға құқылы кіріс, шығыс бөліктері бар, сол арқылы желіні жаңғыртып, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Мұны мемлекет реттеп отырады. Кімге табысы 2%-ды құрайтын мұндай компания керек?

Және 7%-дық амортизациялық шығыны бар. Барлығын қоссақ – 9%. Бір қарағанда, жылына 432 млн. теңгеге бірдеңе инвестициялауға болады. Бірақ осы қаржы есебінен инвестицияланатын шығындар төмендетілген. Қызметкерлердің орташа айлық жалақысы – 67 мың теңге. Ондай жалақыға кім жұмыс істейді? Тарифтік сметада елу жыл бұрынғы жалақы мөлшері қойылған, жалақы алғанда қол қойылатын қағазда мүлдем басқа сандар тұрғаны кәміл. Қаржының қомақты бөлігі, яғни 32%-ын, компания жылына 1,5 млрд. теңгеге электр қуатын сатып алып, тасымалдауға жұмсайды. Бейнелеп айтсақ, ол 3 теңгеге электр қуатын сатып алады да, тұтынушыға жеткізгенше жол бойында бір теңгені «жоғалтады». Одан әрі 28%-ы жалақыға кетеді. Сметада жалақы мөлшері аз көр-сетілгендіктен, компания штатты ұлғайтуға мәжбүр. Сөйтіп, бос жұ-мыс орындары арқылы қысылтаяң жағдайдан 1 млрд. 258 млн. теңгеге  жұмсап, шығып отырады. Мұның барлығын өзгертуге тарифтік саясаттың кедергі болып отырғаны кәміл. Алты ай бойы осындай сараптама жұмыстары жүргізілді. Жаңа тарифтік саясаттың арқа-сында  сапалы, апатты жағдайсыз, тұрақты  электр қуатын алуымызға болады. Жылына 700 млн. теңге үнемдесек, соның өзі – пайда. Сондықтан жаңағы  екі бөліктегі сандар өзгеруі керек. Алдағы жылы өзгеріске қадам басуға тиіспіз.

– Аманжол Әлиханұлы, өңірдің коммуналдық қызметтер нарығында электр қуатын сататын «Батысэнергоресурсы» ЖШС неге жалғыз? Бәсекелестік орта неге қалыптаспаған деген сұрақтар туындайды.

– Жағдай солай қалыптасқан. Алдымен, нарықты реттеп алуымыз керек. Бүгінде бұл сатушының қуатты тасымалдаушыға 800 млн. теңге бережағы бар. Ал қуат та-сымалдаушының өндірушінің алдында осындай қарызы өтелмеген. Өндірушінің газ шаруашылығына бережағы тұр. Олар бір-бірімен осылай байланысқан. Мұның бәрі бір тетіктің дұрыс жұмыс істемеуінен дер едім. Алпауыттар нарығы емес, бұл нарыққа кіргісі келгендер кіре алады. Батыс Қазақстан облысына өзіндік ерекшелік тән. Өйткені өңір күллі елімізге ортақ электр желісіне қосылмаған. Бізге Екібастұздан 3 теңгеге немесе Шығыс Қазақстан облысынан, яки көктемгі қардың суы мол кезінде Шардара су электр стансасынан 1,5 теңгеге арзан қуат тасымалдай алмаймыз. Сондықтан шығынды азайту арқылы тиімділікке жетуіміз керек. Тағы бір жолы – мәселенің мейлінше жариялылығы. Тиімсіз қызмет көрсететін кәсіпорын жариялықтан қашпауы тиіс. Тарифтік сметаны жұртқа көрсету керек. Сараптама жұмыстары ағымдағы бюджет даму бюджетінен басым екенін көрсетті. Сондықтан да жаңа тарифтік саясатқа көшкеніміз жөн.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар