24.12.2019, 12:53
Қараулар: 433
Үш  жоба  бойынша  алдамыз

Үш  жоба  бойынша  алдамыз

Өткен апта соңында Достық үйінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы жүйелі тәсілдер» атты облыстық конференция өтті.

Осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, онда қоғамдық сананы жаңғыртудың нақты бағыттарын айқындап берген еді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бұл, шын мәнінде, ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба. Ол қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтитындығымен бірегей. Бұл ретте Қазақстан азаматтарының қоғамдық санасының мазмұны олардың мүдделерімен, идеяларымен, құндылықтарымен тығыз байланысып, мәдениет, мінез-құлық тәжірибесі, салт-дәстүр, ғылым, адамгершілік императивін қоса алғандағы рухани негіздерге арқа сүйейді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде енгізілген жаңалықтар мен атқарылған жұмыстарды зерделеп, аталмыш бағдарламаны одан әрі тиімді жүзеге асыру үшін ұсыныс-пікірлерді тыңдауды мақсат еткен шарада жыл бойы өңірде атқарылған жұмыстар баяндалды. Конференцияда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дархан Қадыралиев жылды қорытындылап, жоспарларды талқылау  мақсатында ұйымдастырылған жиынның маңыздылығын атап өтті.

Биыл  өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2500 шара өткен. Оның ішінде «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 700 млн. теңгенің 193 жобасы жемісті жүзеге асқан. Оған жергілікті меценаттар мен тұрғындар  қолдау көрсеткен.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Буканованың айтуынша, бағдарлама негізінде аймақтар бойынша көп жұмыс  атқарылуда.

– Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мемлекетіміздің идеологиясы негізінде қарастырылуда. Екі жарым жыл ішінде республикалық деңгейде қыруар жұмыс атқарылды. Дегенмен шешілмеген мәселе, әлі де анықтайтын бағыттар аз емес. Жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде ел халқының 80 пайыздан астамы бағдарлама туралы жақсы білгенімен, 18,5 пайызы тек естігендіктерін айтқан. Батыс Қазақстан облысы «Туған жер», «Қазақстанның сакралды жерлері», «Латын әрпіне көшу» жобаларын жүзеге асыру бойынша басқа өңірлермен салыстырғанда алдыңғы орында тұр. Бұл – сіздердің тындырымды жұмыстарыңыздың нәтижесі,  – деп сөзін сабақтаған Жанар Қалеқанқызы бағдарламаға азаматтық қоғам, мемлекеттік құрылымдар, БАҚ өкілдерін көбірек  тарту қажеттігін айтты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын нәтижелі насихаттауда Қазталов ауданы алдыңғы орында екен. Бұл ауданда екі жылда 153 млн. теңгенің 65 жобасы жүзеге асқан.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан «Рухани жаңғыру» институты құрылып,  облыс орталығында «Рухани жаңғыру» музейі ашылды. Конференцияда М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев «Рухани жаңғыру» институтының атқарған жұмыстары туралы баяндаса, Қазталов аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы үздік тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ конференцияда аталған бағдарлама аясында облыстың өркендеуіне елеулі еңбек қосқан азаматтар алғысхаттармен марапатталды.

Айта кетейік, сол күні 80-ге жуық маман қатысқан семинар-тренинг те өтті. Семинар-тренингті «Халықаралық құзыреттер академиясы» ЖШС директоры, психология ғылымдарының докторы Лейла Асылбекова мен тілші, блогер, «Хабар» агенттігінің арнайы жобалар қызметінің басшысы Өркен Кенжебек жүргізді.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.