24.12.2019, 12:50
Қараулар: 151
«Жомарт  жүрек» құрметке  лайық

«Жомарт  жүрек» құрметке  лайық

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында оралдық кәсіпкер, «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Ғибадат» ЖШС-ның жетекшісі Біржан Қожақов республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығының «Үздік ұйым» аталымы бойынша лауреаты атанды.

Бұрынғы жол полициясының қызметкері, тағдыр сынағына мойымай, бүгінде қажырлы кәсіпкерге айналған Біржан Қожақов нар тәуекелдің нағыз үлгісін көрсетіп жүр. Он екі отаны басынан өткеріп, қос аяғынан айырылған кезеңде тез есін жинаған азамат өмірінде күрделі бетбұрыс жасай білді. Қол-аяғы балғадай адамдар қоғамнан демеу күтіп жүргенде, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып, жиһаз цехын ашып, кәсіптің тілін тапқан Қожақовты өңірде білмейтіндер кемде-кем. Ұлттық нақышпен өрнектелген сандықтар мен қыз жасауына қажет бұйымдарды, асүй жабдықтары мен алтын құрсақ аналарға арналған бесіктерді «Ғибадат» ЖШС шеберлері лезде дайындай алады.

Кәсіпкер бүгінге дейін бірнеше жобаны қолға алып, әлеуметтік желі арқылы айдай әлемге танытты. Қажырлы еңбек, тынымсыз ізденіс арқасында қайырымдылықпен ұштастырған қанатқақты жобаларының бірі – 2016 жылдан бермен елімізде тұңғыш рет сал ауруына ұшыраған балаларға арналған вертикализаторларды шығара бастағаны. Қазақстанның басқа өңірлерінде шығарылмайтын жабдыққа деген сұраныс әлі күнге толастамаған. Қазіргі уақытта «Демеуден» 200-ден астам бала демеу күтіп отыр. Шетелдерде 1 миллион теңгеден астам қаржыға бағаланатын құрылғыны оралдық кәсіпкер 65 мыңнан бастап 146 мың теңгеге дейін деп бағалайды. Бірақ тіктұрғызғышты өз қаржысына сатып алатын ата-ана саусақпен санарлық екен. Біржан Қожақовтың бір жанкештілігі, меценаттар мен демеушілерді өзі іздеп тауып, вертикализатордың 34 данасын қоғамдық ұйымдар мен ата-аналарға тегін тарту етуді дәстүрге айналдырған. Бүгінге дейін осындай құрылғы 24 миллион теңге қаражатқа еліміздің түкпір-түкпіріне тегін таратылған. Сондықтан «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамының төрағасы Біржан Қожақовты «Жомарт жүрек» сыйлығына халық әбден лайық деп есептейтіні анық. Елордада бұл марапатты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өз қолымен тапсырыпты.

Тәуелсіздік күніне байланысты Біржан Морякұлына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың атынан алғысхаттар да табысталыпты. «Сіздің өмір жолыңыз – шынайы ерлік пен рух үстемдігінің нағыз үлгісі. Мүмкіндігі шектеулі жандарға нақты атаулы көмек көрсету мен олардың шеберлік әрі кәсіптік тұрғыда шыңдалуы үшін жағдай жасау жөніндегі белсенді қайырымдылық қызметіңіз айрықша құрмет пен қошеметке лайық», – деп жазылған Мемлекет басшысының алғысхатында.

– Қоғамға қал-қадірімше сіңірген еңбегім бағаланып жатқанына ризамын. Елімізде шағын және орта бизнестің дамуына жақсы жағдай жасалуда. Жаңа жыл елімізге береке-байлығын, мейірім-тыныштығын алып келсін, – деді марапаттар иесі Біржан Қожақов.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар