24.12.2019, 12:48
Қараулар: 358
Энергетика – экономиканың  алтын  өзегі

Энергетика – экономиканың  алтын  өзегі

Желтоқсанның үшінші жексенбісі – энергетиктердің кәсіби мерекесі. Өткен апта соңында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда жылдағы дәстүрмен аймақты жылу әрі жарықпен қамтамасыз етіп отырған сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Мерекеге орай өткізілген шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

– Маңызы зор энергетика саласы еліміздің экономикасының алтын өзегі әрі қозғаушы күші болып саналады. Біз қаланың, көшелер мен аулалардың, әр үйдің жарқырап тұрғанын қалаймыз. Ал оның барлығы осы энергетиктердің орасан зор еңбегінің арқасы. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиындықтарды сала ардагерлері естен шығармаған болар. Ол кездері біздің өңір 95% энергия көзін көршілес елдерден алатын еді. Егемендігіміздің және Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында еліміз еңсесін тіктеп, өңірге қажетті энергия көзін өндіретін станциялар салынды. Бүгін біздің облыс энергиямен өз-өзін толықтай қамтып отыр, тіпті көрші елдерге экспортқа да шығарудамыз. Қыс мезгілінде өңір тұрғындарын жылумен қамтитын мекемелердегі жұмысшылардың еңбегі зор. Биылғы жаз айларындағы қатты желдердің салдарынан электр бағандары құлап, қаладағы шағынаудандар мен кейбір елді мекендер жарықсыз қалды. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында барлығы уақтылы қалпына келтірілді. Жергілікті халықтың сапалы өмір сүруі сіздердің еңбектеріңізге тікелей байланысты. Сондықтан барша қа-зақстандықтардың атынан энергетика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін, – деді Ғали Есқалиев.

Мерекеге орай бір топ сала үздіктеріне ҚР Энергетика министрлігінің әр түрлі дәрежедегі төсбелгілері мен облыс әкімінің алғысхаттары табыс етілді. Мәселен, Валентина Обухова «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, Максим Идрисов «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісімен, Юрий Иртикеев Құрмет грамотасымен марапатталды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар