20.12.2019, 16:56
Қараулар: 292
Тегін анықтама үшін ақы алған

Тегін анықтама үшін ақы алған

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын, заңнамаға сәйкестігін анықтау мақсатында «Орал қалалық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ МКК-да жүргізілген жоспардан тыс тексерісте «Ветеринариялық анықтамалар беру» мемлекеттік қызметінің ақылы көрсетіліп отырғандығы анықталды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің  2015 жылғы 6 мамырдағы № 7-1/418 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес «Ветеринариялық анықта-малар беру» мемлекеттік қызметі жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетілуі тиіс.

Алайда ветеринариялық станциясы директоры мен ветеринария бөлімі басшысының келісімімен заңда көрсетілген талаптарды бұза отырып, анықтама бланкісі үшін жеке тұлғаларға 200 теңге, заңды тұлғаларға 250 теңге мөлшерінде ақы тағайындалған. Жыл басынан бері 2000-ға жуық ветеринариялық анықтама беріліп, заңсыз төлем алынғаны белгілі болды. Осыған байланысты департамент анықталған бұзушылықтарды жою және қызмет алушылардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша шараларды қабылдау туралы нұсқама жолдады. Сонымен қатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнама талаптарын сақтамағаны үшін Орал қаласы ветеринария бөлімінің басшысы сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылса, ветеринарлық станциясының директорына Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 465-бабы 2-бөліміне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, 37 875 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Осындай тегін көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ақылы көрсетілуі орын алған жағдайда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің 8 (7112)50-41-18, 51-01-94 телефон нөмірлеріне хабарлауға болатынын ескертеміз.

Бауыржан ИБРАШЕВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар