20.12.2019, 16:50
Қараулар: 304
Футбол  клубына  652 млн.  321  мың  теңге  жұмсалған

Футбол  клубына  652 млн.  321  мың  теңге  жұмсалған

«Ақжайық» футбол клубы ойыншыларының 49 пайызын жергілікті спортшылар құраған. Командадағы үш ойыншы – шетелден аттай қалап әкелген легионерлер. Қалған ойыншылар еліміздің басқа өңірлерінен келген. Бұл жайында БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте футбол клубының директоры Азамат Шайхы айтты. Журналистердің сұрағына байланысты клуб басшылығы мен команда мүшелерінің арасындағы келісімшартқа сәйкес футболшылардың жалақы мөлшері құпия сақталатынын жеткізді.

– Бәрі де сол жайында білгісі келеді. Бірақ футболшылардың жалақысын жария етпеу жөнінде келісім бар. Қазіргі уақытта жергілікті ойыншыларды шынықтыруға көңіл бөлудеміз. Былтыр «Ақжайық» құрамында легионерлер үлесі 32 пайыз болса, биыл 11 пайыз шамасында. Клуб бюджетінің мөлшері басқа өңірлерге қарағанда әлдеқайда төмен. Еліміздегі аяқдоп шеберлерін, «Ақжайық» түлектерін командаға шақырып жатырмыз, бірақ басқа клубтар он есе жалақы ұсынып отырған соң, олар келгісі келмейді, келісімшартқа қол қоярда ойынан айнып қалады. Мемлекет бюджетінен қаражат бөлініп отырған соң, басқа бағыттар бойынша біз ашықтық, жария-лылық ұстанымында қаламыз, – деді Азамат Ерболұлы.

Биыл «Ақжайық» футбол клубына жалпы 652 млн. 321 мың теңге қаржы бөлінген. Соның ішінде 462 млн. 89 мың теңге қаражат негізгі құрама команданың қажетіне – жалақысына, оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға, іссапар шығындарына, дәрі-дәрмек және тағы басқа қажетті заттар алуға жұмсалған. Футбол орталығына 154 млн. 703 мың теңге бөлінген.

Азамат Шайхының айтуынша, «Ақжайық» футбол клубының екі бас демеушісі бар. Олар – «InvestGlobalServices» және «BANEM» компаниялары. Екі демеуші «Ақжайық» стадионына газон ауыстыру жұмысын жасауда. Ал биылға жоспарланған жабық футбол манежі құрылысы ауа райының қолайсыздығына байланысты келесі жылы басталмақ.

Клуб жанындағы футбол орталығында 800-ге жуық бала тұрақты жаттығуда. Оларға 27 бапкер қызмет етеді. Биыл қыздар құрама командасы жасақталды. Футбол орталығының филиалдары Бөрлі, Ақжайық, Сырым, Қаратөбе және Теректі аудандарында бар. Бұл бес ауданда жалпы саны  95 бала жаттығады. Клуб директоры басқа аудандарда футбол секцияларын ашу жоспарлануда екенін айтты. «Биыл «Ақжайық» Қазақстанның жоғары лигасына шыға алмады. Бірінші лига қорытындысы бойынша үшінші орынға табан тіреді. Бас бапкер Артур Авакянц команданы жоғары нәтижеге жеткізуге уәде берген еді. Негізгі мақсат орындалмаған соң, өзара келісімшартты бұзу-бұзбау мәселесін алдағы уақытта талқылаймыз», – деді футбол клубының директоры Азамат Шайхы.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар