20.12.2019, 16:48
Қараулар: 265
Спорт  интернаты жаңа  ғимаратта

Спорт  интернаты жаңа  ғимаратта

DCIM100MEDIADJI_0110.JPG

Орал қаласының Деркөл кентінде спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының жаңа ғимараты қолданысқа берілді. Ғимарат алдында облыс әкімі Ғали Есқалиев пен еркін күрестен олимпиада ойындарының қола жүлдегері, мектеп түлегі Екатерина Ларионова лента кесті.

– Мемлекет болашағы халықтың денсаулығына байланысты. Спортпен айналысатын, білімді, Отанын  сүйетін ұрпақтан еліміздің дамуына үлес қосатын азамат шығады. Сондықтан спортқа қабілеті ерен балаларға мүмкіндік беріп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау қажет. Болашақ чемпиондар әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып, Қазақстанның көк туын желбіретеді. Мектеп-интернатының құрылысын мердігерлер сапалы жүргізді. Енді қала мен ауылдардағы дарынды балаларды осы мектепке тарту, оларды шынықтырып, тәрбиелеу – бапкерлер міндеті. Балғын спортшылар күнделікті тағаммен, киім-кешекпен, жатын орнымен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев облысымыздың әр ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырғаны белгілі. Биыл Жәнібек пен Жаңақала аудандарында спорт кешендерінің құрылысы басталды. Келесі жылы алты ауданда спорт нысандары салынады, – деді салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Спорт мектебінің алғашқы директоры Валентин Каракушиев 15 жыл бұрын ашылған оқу ордасының қалыптасу тарихы жөнінде айтты. Ата-аналар комитетінің төрайымы Альмира Меңдіханқызы жоғары деңгейде жабдықталған спорт залы бар оқу ордасы түлектерінің биік белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының директоры Абай Бакмановтың айтуынша, мұнда 7-11 сыныптар оқушылары білім алады әрі олар олимпиадалық спорттың 13 түрімен айналысады. Спорт мектебі 250 оқушының білім алуына арналған. Заманауи талапқа сай 150 орындық жатақханасы бар. Мектеп ауласында оқу ғимараты, жатақхана мен асхана корпустары орналасқан. Кешенді жабдықталған ғимаратта үш жаттығу залы ашылған. Жаттығу залдарында боксқа арналған екі шаршы алаң, төрт күрес кілемі және қажетті құрал-жабдықтар орналасқан.

Оқу корпусында қазіргі білім беру талаптарына сай 13  кабинет жабдықталған. Оның ішінде мамандандырылған химия, биология, физика, ағылшын тілі кабинеттері және мультимедиялық сынып, зертханалық бөлме, кітапхана, қыздар мен ұлдарға арналған шеберханалар қызмет етеді.

Интернат аумағындағы стадионда футбол, волейбол, баскетбол, теннис алаңдары орналасқан. Сондай-ақ жеңіл атлетикаға – жүгіру, биіктікке және ұзындыққа секіруге баулитын секцияларға жағдай жасалған. Алғашқы әскери дайындық сабағына арналған саптық дайындық алаңы да бар. «Мектепте 23 мұғалім, 28 жаттықтырушы, 26 тәрбиеші қызмет етеді. Қазіргі уақытта 231 бала оқиды. Біздің спортшылар биыл түрлі деңгейдегі жарыстарда 72 жүлдеге қол жеткізді. Бұған дейін Орал қаласындағы спорт нысандарындағы залдарды жалға алып келсек, енді мектеп тәрбиеленушілері емін-еркін жаттығуда», – деді спорт мектебінің директоры Абай Бакманов.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар