20.12.2019, 16:47
Қараулар: 249
Банктердің  қазақшасы  қашан  түзеледі?

Банктердің  қазақшасы  қашан  түзеледі?

Таяуда «Атамекен» ҚР ҰКП облыстық филиалында көрнекі ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамыту және өзара түсіністікке ықпал ету мақсатында «Сауатты жарнама – тіл тазалығының көрінісі» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Бұл облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде ұйымдастырылған төртінші басқосу болды. Ол  «Табысқа ұмтыл» деген тренингпен басталды. Семинар жұмысына  мемлекеттік құқық қорғау құрылымдары,  өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Шараны жүргізген облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл  Мыңбаеваның сөзінше, жыл басында басқарма мен палатаның арасында өзара ынтымақтастық меморандумы жасалған. Осы аралықта  басқарма екі мыңнан астам кәсіпкерлік нысанға түрлі бағытта, яғни жедел желі, whatsapp мессенджері және рейд жүргізу арқылы әдістемелік көмек берген. Соның ішінде 908 сыртқы жарнамадан кеткен қате жазуды жою үшін түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Айгүл Әділгерейқызы қай саланың болсын басшысы не қызметкері мемлекеттік тілде қызмет көрсетіп, оның мәртебесін арттыруға көңіл бөлу қажет екенін баса айтты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Мақсотовтың айтуынша,  палата бизнес өкілдерінің құқықтарын қорғаумен қатар, оларды мемлекеттік тілге оқыту курстарын ұйымдастыруды да жүзеге асырады. Онда кәсіпкерлерге көшелердегі жарнамалардың және кәсіпкерлік нысандарындағы мемлекеттік тілде жазылған, көрсетілетін барлық жұмыс пен ұсыныстың  тиісті талаптарға сәйкес, іс-қағаздардың қатесіз, сауатты жазылуы бойынша кеңестер беріледі. Өткен 11 ай ішінде палатаға  кәсіпкерлер тарапынан 175-тен астам өтініш түскен екен. Соның 1,3 пайызы ғана мемлекеттік тілді бизнес нысандарында қолдануға, үйренуге, сыртқы  жарнамаларды дұрыс орналастыруға бағытталған.

Шарада сөз алған Орал қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Әсел Зайдуллина жарнама мәтіндерінің сауатты жазылуына аса жауапкершілікпен қарауды ұсынды. Ал облыстық әділет департаментінің маманы Гауһар Жұмағалиева «ҚР Тіл туралы» заңның орындалуы баршаға ортақ екенін атап өтті. Өз сөзінде аталмыш заңның 21-бабының талаптары  мен ҚР ӘҚБтК-ның 75-бабының санкцияларына тоқталды. Көрнекі ақпараттарды жариялау   кәсіпкерлік кодекспен де реттелетінін еске салды.

Шара барысында қала тұрғыны, тіл жанашыры Нұрлан Сәдір банктердегі мемлекеттік тілдің қолданылуын сын сүзгісіне алды. Әсіресе, клиенттерге талондардың ресми тілде берілетінін, қазақша есімдерді қате, тіпті қазақша әріптердің белгілермен таңбаланатынын, несие рәсімдегенде беретін келісімшарттардың орысша рәсімделетінін атап өтті. Сондай-ақ банк қызметкерлері алдына келген клиенттен қай тілде қызмет көрсету керектігін сұрамайтынын да сынады. Басқосуда өңірде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысы, көрнекі ақпарат және жарнама саласындағы мәтін сауаттылығын сақтауда бірлесе жұмыстар жүргізу, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі де мәселелер талқыланды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар