20.12.2019, 16:45
Қараулар: 349
«Алтын  домбыра»  Абай  еліне  жол  тартты

«Алтын  домбыра»  Абай  еліне  жол  тартты

Орал қаласында «Nur Otan» партиясының қолдауымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен «Тұғыры биік Тәуелсіздік!» атты VIII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өтті. Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміздің әр аймағынан Ақ Жайыққа ағылған айтыс ардагерлері мен аламанға қатысатын ақтаңгерлер «Ақжайық» шипажайында ұйымдастырылған тимбилдинг іс-шарасына қатысты.

Екі күнге арналған тимбилдинг кезінде меймандар арасында үстел теннисі, бильярд ойыны, дойбы, шахмат, асық ату, ләңгі тебу секілді спорттық шаралар және табиғат аясында атпен серуен ұйымдастырылды. Келесі күні «Қазақ айтыс өнерінің өткені мен бүгіні хақында» пікір алмасу өтті. Пікірсайыс барысында төл өнеріміздің болашағы жайында өзекті мәселелер қозғалып, айтыскер ақындар өз ойын ортаға салды. Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерманның алдында ардагер Қуаныш Мақсұтов қазылар алқасы тарапынан кететін қателіктер жайлы айтып, «айтысқа қатысы жоқ адамдарды қазылыққа қоймау керек» деген өз пікірін білдірді. Сондай-ақ «Одақ мүшелігінде бар барлық ақынға жылына кем дегенде бір рет айтысқа қатысу керек» деген ұсыныс айтты. Оған «Алтын домбыра» айтысының екі мәрте жеңімпазы Мұхтар Ниязов үн қосып, «айтысты өткізуге қатысты ортақ ереже бекіту керек» деп ұсынысын ортаға тастады. Айтыс ардагерлері Серік Құсанбаев, Ахметжан Өзбеков, Қойлыбай Асанов әр ақын өзіндік стилі, өзіндік мақамы болуына тер төгуі керектігін тілге тиек етті. Дөңгелек үстелде «Nur Otan» партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов, аталған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев айтыс өнеріне мемлекет тарапынан қолдау болатынын жеткізді. Іс-шара барысында спорттық сайыстарға белсенді қатысқан ақындар марапатталды. Жергілікті әнші-термешілер мен күйшілер де өнерлерін паш етті.

Желтоқсанның 16-сы күні ақындар айтысы басталды.

– Қайырлы күн, өнерсүйер қауым, айтыс аламанына қатысушылар! Тарихы мол, табиғаты көркем Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіздер! Батыс Қазақстан облысында алғаш өткелі тұрған республикалық «Алтын домбыра» ақындар айтысының ашылуымен құттықтаймын. Осы айтысты ұйымдастыруға мұрындық болған «Nur Otan» партиясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс айтамын. Еліміздің бұл додасы Тәуелсіздіктің күнімен сәйкес келуі тегін емес. Айтыс – бабалар аманаты. Ақындарға шалқар шабыт тілеймін, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Одан кейін «Nur Otan» партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов сөз алды.

– VIII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысына 20 жүйрік қатысқалы отыр. Ақ Жайық өңіріне айтыс ардагерлері де келді. Аламанға дейін ұрпақтар сабақтастығы аясында жас буынмен бас қосып, өзара кеңесіп, ұсыныс-пікірлерін айтты. «Nur Otan» партиясының кеңейтілген саяси кеңесінде партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген айтыс өнеріне қолдау білдіруді тапсырғаны мәлім. Жыл басынан бері еліміздің түрлі аймағында дүбірлі сөз додасы ұйымдастырылды. Осыған байланысты мәдени шаралар легін Ақ Жайық өңірінде қорытындылағалы отырмыз. Халық бірлігі нығая түссін. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Айтыстың тұғыры биік болсын! –  деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Сахнаға шыққан ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауқымында ұйымдастырылған бүгінгі бәйгеге тігілген бас жүлде – «Алтын домбыра» жеңімпаз ақынның ауылында тұратынын айтты. Тәуелсіздік күніне байланысты облыс әкімі  Ғали Есқалиев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған «Парасат» орденін Жүрсін Ерманға, «Құрмет» орденін Айбек Қалиевке табыстады.

– Ақ Жайықтағы ұйымдастырушылар айтыс өнерінде тұңғыш рет тимбилдинг деген іс-шара өткізді. Өнер саңлақтарымен арқажарқа болып, екі күн келелі мәжіліс өткіздік. Аламан айтысқа 20 ақынды шығарып отырмыз. Ақ Жайық халқы ақындарға әділ бағасын бере біледі, сөз құдіретін таниды, –  деді айтыс абызы Жүрсін Ерман.

VIII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген Жандарбек Бұлғақов, Айбек Қалиев, Серік Құсанбаев, Әсем Ережеқызы, Бекзат Асқаров, Аспанбек Шұғатаев, Шұғайып Сезімхан, Қанат Мырзахан, Аруна Керімбек, Өміржан Көпбосынов, Жұлдызай Маратбекқызы, Қазірет Бердіхан, Біржан Байтуов, Рүстем Қайыртайұлы, Дидар Қамиев, Жансая Мусина, Бауыржан Ширмединұлы, Мұхтар Ниязов, Талғат Мықи, Шалқарбай Ізбасаров өнер көрсетті. Қазылар алқасында болған өнер саңлақтары, елімізге танымал ақындар Несіпбек Айтұлы, Аманжол Әлтаев, Әсия Беркенова, Мұхамеджан Тазабеков, Бауыржан Халиолла, Дариға Мұштанова, Қойлыбай Асанов, Жанарбек Әшімжан, Рига Оңаева жүйріктер тынысын бағалады.

Ақындар айтыста Тәуелсіздік тақырыбы мен қазақ тілінің тұғырына көтеріле алмай отырғанын жырлады. Елдегі педофилияға қатысты келеңсіз жайттарды тілге тиек етті. Мемлекеттік әлеуметтік көмекті тұрмысы төмен отбасыларға беру тиісті деңгейде атқарылмағанын сынға алды. Облыс бойынша жол-көлік оқиғасынан адам өлімі көбейгені, Жайық өзенінің экологиялық жағдайы, жастардың спорт кешендеріне зәру екендігі де айтылды.

Желтоқсанның 17-сі күні айтыстың финалына он ақын суырылып шықты. Жансая Мусина мен Рүстем Қайыртайдың айтысы жан жадыратар әзілмен өрбісе, Айбек Қалиев пен Әсем Ережеқызы сыпайы сөз өрбітіп, түсінген жанға астармен түйреп, бірін-бірі мақтамен бауыздады. Аспанбек Шұғатаев пен Қазірет Бердіхан сөз сүңгісін білемдеп, ұтқырлық танытса, көкжалдың бірі Мұхтар Ниязовтың уытты әзілі жас пері Бауыржан Ширмединұлының адуынды екпінінен басым түсіп жатты. Қанатын қомдаған Қанат Мырзахан өзіне шүйліккен Өмірхан Көпбосыновтың осал тұсын тапты да отырды. Рүстем Қайыртай мен Мұхтар Ниязовтың аламан сөз шарпысуымен айтыстың шырқау шегіне нүкте қойылды.

Қазылар алқасының ұзақ талқылауынан кейін «Алтын домбыра» семейлік ақын Рүстем Қайыртайұлына бұйырып, ол төрт миллион теңгені иеленді. Бірінші жүлдені қызылордалық Мұхтар Ниязов алып, оған екі миллион теңге берілді. Және «Айтыстың ақтаңгері» атанды. Екінші орынға Жансая Мусина (Орал) мен Қазірет Бердіхан (Алматы) қол жеткізіп, бір миллион теңгеден ақшалай сыйлық алды. Үшінші тұғырдан көрінген Айбек Қалиев (Арқалық), Өміржан Көпбосынов (Қарағанды)  700 мың теңгеден олжалады. Арнайы жүлде (350 мың) Әсем Ережеқызы (Нұр-Сұлтан), Қанат Мырзахан (Тараз), Аспанбек Шұғатаевқа (Павлодар) тапсырылды.

Финалға шықпаған ақындар шабыттандыру сыйлығын (250 мың) алды. Шығыс Қазақстан облысынан келген айтыс өнерінің ірі демеушісі, «Тas group» компаниялар тобының директоры Дулат Тастекеев қарағандылық Дидар Қамиевке ат мінгізді. «Асыл тас» меценаттық жобасы аясында Сырым ауданының тастүлегі, әріптесіміз Бауыржан Ширмединұлына бір жылдық 2 миллион 400 мың теңге стипендия тағайындады. Атымтай жомарт азамат айтысты ұйымдастырушы ақын Бауыржан Халиоллаға да бір қылқұйрықты атады.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

ақын, журналист:

– Теректі ауданында ұйымдастырылған тимбилдинг іс-шарасында айтыстың бүгінгі жай-күйі талқыланды. Сонда «айтыстың суырыпсалмалық қасиеті жоғалып барады» деген әңгіме басты тақырып болды. Қызу талқыдан кейін қазылар бұдан былай ақындарды көрерменнің көзінше жұптайтын болып келісті. Сонымен бірге бұл жолғы айтыста келесі айналымға ұпай санымен емес, олимпиадалық жүйемен бір жұптан бір ақынды ғана шығаруды ұйғарды. Ақындар алдын ала жұпталған дәл осы айтыста бұл жүйемен жеңімпазды анықтау қазыларға қиын болғандай. Айтыскерлерге де оңай болған жоқ. Жандарбек пен Дидардың қалып қойып, орташа айтыс жасаған жұптың сыңары суырылып, келесі айналымға өтуі көңілімізді қоңылтақсытқаны рас. Алайда «екі ақынның біреуі қалайда басым болады, тең ұпай бергенді қою керек» деген шешім қабылданған болатын. Сонымен, «жоғалып кетті» делінген шаппа-шаптың көкесі осы аламанда болды. Ол айтыс – Мұхтар мен Рүстемнің супер финалдағы айтысы. Әділін айтар  болсақ, Мұхтардың бұл айтыстағы шабысы ерен болды. Көпшілікті тамсантты, таңдай қақтырды. Бұл сөзімді сол айтысты көрген жұрттың бәрі растайды. «Ruh.kz» сайтына берген сұхбатында «Алтын домбыраны» бұл жолы да Мұхтарға берсе, ешкім қарсы болмас еді» деп Рүстемнің өзі де айтыпты. Олай айтуы да – жігіттік! Залда «Мұхтар! Мұхтар!» деп шулаған жұртқа Несіпбек Айтұлы келер жылы ұлы Абайдың 175 жылдығы тойланатынын, сондықтан «Алтын домбыраның» Абай елінде тұрғаны жарасымды екенін алға  тартып, қазылар уәжін әдемі қисындастырды. Әрине, Рүстем қазақ айтысының қашанғы хас жүйрігі ғой, «Алтын домбыраға» әбден лайық ақын.

Алтынгүл ҚАСЫМБЕКОВА,

айтыс ардагері:

– Ақ Жайыққа келгелі, айтыс сахнасында бірге өнер көр-сеткен ақындармен қуана қауышып, жамырасып табысып, сағынышымызды бастық. Тимбилдингті ұйымдастырған Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығына алғысымыз шексіз. «Алтын домбыра» айтысы жоғары деңгейде өтті. Жас ақындардың тегеурініне ризамын. Біз естімеген тапқыр теңеулерді төгіп, тарихи мәліметтер айтты. Айтыс аламанына өз басым 15 жасымнан бастап қосылғанмын. Өнер тарландары Құдайберлі Мырзабеков, Абаш Кәкенов, Серік Құсанбаев, Әл-фия Орманшина, Дариға Мұштанова, Әсия Беркенова сынды хас жүйріктердің ізін басып, сахнада сөз қағыстырдым. Енді бүгінгі талантты жас ұрпақты көріп, айтыс өнерінің оты маздап тұратынына сеніп, марқайып қалдым. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы ақындар мектебіне жетекшілік ету-демін.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар