20.12.2019, 16:43
Қараулар: 258
«Жәңгір хан»  орыс  тілінде  сахналанды

«Жәңгір хан»  орыс  тілінде  сахналанды

ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрында  «Жәңгір  хан» спектаклінің премьерасы өтті. Танымал өлкетанушы Жайсаң Ақбайдың  туындысы негізінде орыс тілінде сахналанған қойылымның бас режиссері – Оксана Малуша, ал суретшісі – Максим Будаев.

Кеңестік идеологиядағы таптық қарама-қайшылықтың салдарынан  қазақ халқының біртуар тұлғасы Жәңгір хан менменсінген, масайраған, зердесі тайыз адам етіп бейнеленіп және мұндай жалған суреттеме  халықтың санасына әбден сіңіріліп келгені жасырын емес.

Алайда Жәңгір хан қазақ халқын отырықшыландыруға ұйытқы болып, жерді жергілікті тұрғындарға жекеменшікке беру шараларын жүргізді. Тауар айналымының деңгейін көтеру мақсатымен және көпестердің санын арттыру үшін жәрмеңкелер ұйымдастырды. Сондай-ақ Ресей оқу орындарында балаларды оқытуға арналған үгіт-насихаты Жәңгір хан саясатының негізгі бөлігіне айналғаны белгілі.

Халықты иландыру үшін хан өзінің балаларын, соның ішінде қыздарын да оқу орындарына берді.

Алғаш рет қазақ даласында дәріхана ашып, шешек ауруына қарсы екпе егуді бастады.

Қойылымның басты ерекшелігі де осы тарихи деректерге негізделіп сахналанғандығында болды. Спектакль барысында тақырыпқа қатысы бар кейбір маңызды оқиғаларды театр әртісі Руслан Джумахметов баяндады. Жәңгір ханның бейнесін театр әртісі Анатолий Громов сомдаса, оның сүйікті ханшасы әрі сенімді серігі Фатима рөлінде Наталья Копеечкина көрінді. Басқа да әртістер қазақ тарихында орны бар тұлғаларды сахнаға алып шығуға тырысты.

– Театр адамның жан дүниесіне, сана-сезіміне әсер етіп, рухын оята алатын ұлы қасиетке ие. Сондықтан жастардың театрға барып, тарихпен, мәдениетпен етене жақын болуы қоғам үшін  маңызды. Бүгін сахналанған «Жәңгір хан» спектаклінің өскелең ұрпаққа тигізер пайдасы мол. Уақыт өткенімен, қатталған тарих ешқашан өзгермейтіні анық. Өңірімізге белгілі өлкетанушы Жайсаң Досболатұлының тарихымызды түгендеудегі, әсіресе, хан Жәңгірдің бейнесін ашудағы еңбегі зор. Сондай-ақ мәдени өмірдің ұйытқысына айналған театр ұжымына да алғыс айтамын. Бұл қойылым арқылы репертуарларыңыз да толыға түсті деп ойлаймын. Тәу етер тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, – деді қойылым соңында сөз алған облыс әкімі  Ғали Есқалиев.

Өз кезегінде туындының авторы Жайсаң Ақбай театр ұжымына алғыс айтып, ақжарма тілегін жеткізді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар