20.12.2019, 16:42
Қараулар: 226
Әлеуметтік  салаға  – 51,4  миллиард  теңге

Әлеуметтік  салаға  – 51,4  миллиард  теңге

Республикалық бюджеттен аударылған мақсатты трансферттер мен кредиттердің есебінен 2020 жылғы облыстық бюджет көлемі 192,7 млрд. теңгені құрады. ҚР Бюджет кодексі ауқымында 2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет жобасы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне сәйкес жасақталған. Бұл жайында облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXXII сессиясында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының  басшысы Тілепберген Каюпов хабарлады.

Оның баяндауынша, бюджет қоржынындағы негізгі кіріс көлемі 41 млрд. теңге, субвенция 74,4 млрд. теңге, республикалық бюджеттен аударылған мақсатты трансферттер мен кредиттер 63,7 млрд. теңге, облыстық маңызы бар аудандар мен жергілікті атқарушы құрылымдар және мамандандырылған ұйымдарға ерте берілген бюджеттік кредиттердің қайтарымы 6,6 млрд. теңге, мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен займдар түсуінен 7 млрд. теңгеге толыққан.

– Облыстық бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталады. 2020 жылы жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларды есепке ала отырып, 51,4 миллиард теңге бағыттау жоспарланған. Тұрғындарды әлеуметтік қолдауға, денсаулық саласына, білім беруге және тұрмыс жағдайын жақсартуға 45,3 миллиард теңге, оның ішінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек пен балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет төлемдеріне 2,4 миллиард, білім беру мен әлеуметтік қорғау қызметкерлеріне  16,1 миллиард, екпе алуға бір миллиард теңге бөлінді. Келесі жылы мәдениет, спорт, туризм салалары мен ақпараттық кеңістікке 5,7 млрд. теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа 33,9 млрд. теңге, кәсіпкерлікті дамытуға 2,4 млрд. теңге жұмсалмақ, – деді басқарма басшысы.

Облыстық бюджеттен қалалар мен аудандарды сумен қамтуға 7,2 млрд. теңге, Теректі ауданындағы елді мекендерге газ құбыры желісін жүргізуге 240,2 миллион теңге қарастырылған. «Ауылым – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға 1,6 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Тілепберген Каюпов облыстық, қалалық және аудандық бюджеттер арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдерін белгілеу  туралы хабарлады. Депутаттар облыстық бюджетті бекітуді мақұлдап, мәслихат сессиясында бұдан басқа әкімшілік қаулы-қарарларға енгізілетін өзгерістерді  талқылады. Сессия отырысына қатысқан облыс әкімі Ғали Есқалиев түрлі салаға бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуына жете көңіл бөлінетінін айтты. Қазақстан Республикасы  мәслихаттарының 25 жылдығына орай Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның Құрмет грамотасымен мәслихат депутаты Темірғали Ескендіров және  Сенат төрағасының алғысхатымен депутаттар Мағауия Есмағұлов пен Асқар Мерғалиев  марапатталды.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар