20.12.2019, 16:41
Қараулар: 237
Зауыт  іске  қосылды

Зауыт  іске  қосылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында «ОК Орал Кабель» ЖШС жоғары сапалы кабельді-өткізгіш өнімдерді шығаратын зауытты іске қосты.

Орал қаласының Желаев кенті аумағында бой көтерген бұл өндіріс орнына 3,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде өндіріс орнында жаңа 50 жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынның стратегиялық мақсаты – Қазақстанның ішкі нарығын құрылысқа арналған сапалы кабель өнімдерімен қамтамасыз ету. Кабельді өнеркәсіптік және тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға болады. Мыс кабелінің өндірісі өртке төзімділігі жоғары, қауіпсіз материал шығаруға арналған. Жанбайтын кабельді балабақша, мектеп және медициналық мекемелердің ғимараты мен үй ішіне электр сымдарын өткізуге пайдалануға болады.

Заманауи және жоғары технологиялар арқылы салынған кәсіпорында өндірілетін кабельдерді азаматтық құрылыс саласына, яғни қарқынды жүргізіліп жатқан үйлер құрылысына, әлеуметтік инфрақұрылымдарға пайдалануға болады. Индустриалды секторға жататын мұнайгаз кешендерін де қамтамасыз ете алады. «ОК Орал Кабель» ЖШС өндіріс көлемі жоғары кәсіпорын ретінде қалыптасып келеді. Әкімдік тарапынан қолдау көрсетіп, халықаралық стандарттарға сай өнім шығаруына, өндіріс саласындағы ірі операторлармен серіктестігін нығайтуға жағдай жасаймыз. Қазіргі уақытта өндіріс жүйесіне халықаралық стандарттарды енгізуге көмектесудеміз. Жаңа зауыттардың ашылуы мемлекет қолдауы аясында кешенді жұмыстар тиімді жүргізіліп жатқанын дәлелдейді. Өзге өңірлермен де экономикалық байланысты нығайтып, машина жасау кәсіпорындарына жаңа тауарларды ұсыну бойынша келіссөздер қолға алынады. Сонымен қатар зауыт өнімдерін Ресейдің көршілес облыстарына экспортқа шығару жоспарда бар, – деді зауыттың ашылуына қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев.

«ОК Орал Кабель» ЖШС-ның құрылтайшысы Роберт Ирменовтің айтуынша, зауыт италияндық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Зауыттан шығатын кабельдік өнімдер мен жалғастырғыш сымдар сапасы мемлекеттік стандартқа сай сертификатталған.

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар