20.12.2019, 16:37
Қараулар: 185
Жыл  үздіктері  анықталды

Жыл  үздіктері  анықталды

“Жыл үздігі — 2019” байқауы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында қорытындыланды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысып, жетістікке жеткен жастарды құттықтады.

– Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Егемен елімізде жастардың болашағы зор болмақ. Жастар жылы аясында өңірімізде бірқатар жұмыстар қолға алынды. Бүгінгі шарада жыл бойы белсенділік танытқан жастар бас қосып отыр. Облысымыздағы жоғары оқу орындарында 50 мыңға жуық жас білім алуда. Биылғы жылы жастарды қолдау  аясында 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл қаражат жастарды жұмыспен қамтуға, бизнестерін дамытуға, біліммен қамтамасыз етуге жұмсалды. Сондай-ақ көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетілді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша аудан-ауылдардағы 461 жас маман баспана алу үшін жеңілдетілген несие мен көтермеақы алды. «Zhas Project» жобасы да өз нәтижесін беріп, бизнес ашуға ниетті жастардың қатары көбейіп келеді. Қазақта «Атадан жақсы ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген жақсы мақал бар. Егемендіктің негізін қалап, тәуелсіздік жолында тер төккен аға буын өкілдері жас ұрпақтан үлкен үміт күтеді. Жастарды осы жолда бірігіп еңбек етуге шақырамын. Мереке құтты болсын! – деді өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы.

Жиын барысында әр саланың үздіктері марапатталды. «Үздік жас тілші» аталымы «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Бауыржан Ширмединұлына, «Үздік кәсіпкер» аталымы Берік Әбілқасовқа, «Қайсарлығы мен батылдығы үшін» аталымы Смағұл Нұрболат пен Нұржан Ғұмыровқа, «Үздік жас ұстаз» аталымы Әлібек Бақаевқа бұйырды. Сондай-ақ Ерасыл Бақыт «Үздік жас спортшы», Абзал Молдағалиев «Үздік әлеуметтік сала қызметкері», Тимур  Әжіғалиев  «Үздік жас дәрігер», Фариза Айтымова «Үздік жас маман», Жасқайрат Валиуллиев «Үздік жас өнерпаз», Айым Меңдіғалиева «Үздік студент», Дулат Жүсіпқалиев  «Үздік жас көшбасшы» атанды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар