20.12.2019, 16:34
Қараулар: 182
Тәуелсіздік  жолындағы  ерен  еңбек  бағаланды

Тәуелсіздік  жолындағы  ерен  еңбек  бағаланды

Өткен жұмада облыс әкімдігінде Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын өтті.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев залдағы жиналған қауымды еліміздің қастерлі мерекесі Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

– Тәуелсіздіктің арқасында тарихы біте қайнасқан, тағдыры ортақ біртұтас халыққа айналдық. Тірлігі жарасқан, бірлігі бағын ашқан елміз. Қазақ халқында «Ынтымақты елдің ырысы мол» деген даналық сөз бар. Бірлігіміздің арқасында қазақ елі күллі әлемге танылып, көк байрағы биікке желбіреді. Тәуелсіздіктің нәтижесінде жолымызды тауып, рухани, мәдени байлығымызды түгендедік. Елбасының «Қазақ даласының бірінен-бірі  артық-кемі жоқ» деген әдемі сөзі бар.

Отанымыздың дамуына Қазақстанның барлық облысы өз үлестерін қосты. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы жұртшылығы тәуелсіздік жолында ерен еңбек етті. Сонау 1991 жылдан бері облысымыз өркендеді, экономикамыз біртіндеп дамып, халықтың әл-ауқаты артты. Мәдени-рухани жетістіктерге қол жеткіздік, ұмыт қалған мұрамыз қайта жаңғырды. Осының барлығы ел бірлігінің, ел азаматтарының еңбекқорлығының, отандастарымыздың болашаққа деген нық сенімінің арқасы деп білемін, –  деді облыс әкімі. Одан кейін өңір басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени  дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік марапатты салтанатты жағдайда табыс етті.

Мерекеге орай «Парасат» орденімен Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Сердеш  Қажымұратов, «Құрмет» орденімен бәйтеректік, «Асан-Ауыл» ЖШС-ның директоры Бейбіт Асанов, «Жайық Ет» ЖШС-ның директоры Темірғали Ескендіров, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Тажмұқанов марапатталды. Сондай-ақ Қазталов ауданынан «Дорремсервис» ЖШС-ның тракторшы-машинисі Ахат Мұханбеткереевке, Жаңақала ауданындағы «Бірлік мал зауыт» ЖШС-ның аға шопаны Қойшыбай Сапаровқа, Теректі ауданындағы «Прогресс» шаруа қожалығының комбайншысы Александр Челикке ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, оралдық еңбек ардагері Едіге Нәбиевке «Ерен еңбегі үшін» медалі, Жаңақала ауданындағы ауданаралық сауықтыру ауруханасы оңалту орталығының дәрігері Зәуреш Ғұмароваға  «Шапағат» медалі табысталды.

* * *

Оралдағы Жастар мәдениет үйінде «Тәуелсіз елім – Қазақстан» атты мерекелік салтанатты жиын өтті. Жиналған қауымды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаған қала әкімі Абат Шыныбеков бұл күннің тарихы терең, маңызды мейрам екенін, ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде еліміздің еңселі мемлекетке айналғанын атап өтті.

– Еліміздің жеткен жетістігі мен шыққан биігі бірлігіміз бен тұтастығымыздың беріктігін айғақтайтыны айқын дәлел. Сондықтан бұл мерекенің тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп келе жатқан мемлекетіміз үшін маңызы зор, тағылымы тереңде. Ел егемендігінің орныға түсуі, ұлттың қауіпсіздігі, халқымыздың өз болашағына берік сенімі, өркениетті қауымдастықта іргелі елге айналуы – Елбасымыздың парасатты саясатының нәтижесі. Елдің даму стратегиясы мен ұлттық мүдде алдындағы жоба-жоспарлар «Мәңгілік ел» мұратын негіз етті, – деген Абат Абайұлы одан әрі биылғы жыл ішінде атқарылған игі жұмыстарға тоқталды.

Жиында Орал қаласы мәслихатының хатшысы Аққали Әубекеров ҚР Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен және Қазақстан халқы ассамблеясының алғысхатымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхатымен, қалалық мәслихат депутаты, Жоғары аграрлық-техникалық колледж директоры Серік Мұхамбетәлиев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхатымен марапатталды. Бірқатар өндіріс орындары мен ұйымдар, қаланың қоғамдық-саяси жұмыстарында белсенділік танытып жүрген бір топ азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және алғысхатымен марапатталды. Әленғали Кереев, Лидия Овчинникова, Тілекқабыл Сағынов сынды зейнеткерлер мен бірқатар еңбек адамдарына қала әкімінің Құрмет грамотасы  мен  алғысхаты  табыс  етілді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар