13.12.2019, 10:07
Қараулар: 465
Мақсот БЕРГЕН: «Жас ұрпақ ұлттық салт-дәстүрден ажырамауы керек»

Мақсот БЕРГЕН: «Жас ұрпақ ұлттық салт-дәстүрден ажырамауы керек»

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі, Қазақстанның білім беру саласының құрметті қызметкері, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Ағайын» этномәдени бірлестігінің төрағасы, «Шапағат» және «Ыбырай Алтынсарин» медальдарының  иегері Мақсот Бергенмен сұхбаттасқан едік.

– Мақсот Қабышұлы, құрылғанына аса көп уақыт өте қоймаса да, өзіңіз жетекшілік ететін «Ағайын» этномәдени бірлестігі облыс аумағында ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға, қазақы тәлім-тәрбиені насихаттауға бағытталған іс-шаралардың ұйытқысы болып жүр. Мемлекет құраушы ұлт бола тұрып, өз елімізде, өз жерімізде қазақ этнобірлестігін құру қаншалықты қажет болды деген сұрақ жиі қойылмай ма?

– Біздің өңірде тоқсаннан астам түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанында елуден астам этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Олардың 16-сы облыс орталығында орналасқан. Мәселен, біздің облыста үш казак бірлестігі бар, үшеуі үш бөлек, бір-біріне бағынбайды. Өңірде жеті ұйғыр отбасы, бірлі-жарым ғана дұңған отбасы тұрады екен. Сөйте тұра, олардың этномәдени бірлестігі жүйелі жұмыс жасауда. Алайда бірде-бір қазақ этномәдени бірлестігі жоқ. Сондықтан БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов «Ағайын» бірлестігін құру туралы бірнеше рет ұсыныс айтқанда, ойлана келе келісімімді бердім. Мен он жыл қалалық  «Қазақ тілі» қоғамын басқардым, қалалық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты болдым. Бірлестік құрамында танымал тарихшылар, өлкетанушы ғалымдар, жазушылар, журналистер, кәсіпкерлер бар. Бірлестіктің бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп, қазақтың мәдениеті мен әдебиетіне қызмет етіп жүрген ұлтжанды азаматтардың қатарында кәсіпкер-меценат Құндыз Нуповтың есімін бөле-жарып айтуға болады.

Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін қайта жаңғырту және насихаттау, қазақты өзге ұлттардан ерекшелейтін ұлттық болмысымызды сақтау және дәріптеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу қажет. Өйткені мұндай қам-қарекет қоғамдық санада, әсіресе, жас санада елжандылықты, қазақстандық патриотизмді берік қалыптастырады. Кез келген ұлттың ұлт болып қалуы үшін ұлттық тәлім-тәрбие мен ұлттық құндылықтар сақталып қалуы тиіс. Өкінішке орай, қазір қоғамда тілінен, дінінен, ділінен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан безінгендер баршылық. Ұл-қызымызға қазақы тәрбие беруде ақсап жатқан тұстарымыз көп. Халқымыздың тарихы мен мәдениетін, дүниетанымы мен жалпы рухани құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Қазақтану» жобасы қолға алынды. Бұл жұмыстардан елім деп еміренген, ұлтының болашағына алаңдаған әр азамат шет қалмауы керек деп санаймын.

– «Ағайын» этномәдени бірлестігі Ресейдің көршілес облыстарын мекендеген қандастарымызбен арадағы байланыстың нығаюына қандай үлес қосып отыр?

– Ресейдің біздің өңірмен шекаралас бес облысында 500 мың-нан астам қазақ тұрады. Соңғы жылдары қандастарымыздың арасында түп-тамырына үңіліп, ата-тегінің қайдан шыққанына мән беретіндер қатары көбейіп келе жатқаны қуантады.

Биыл Саратов облысының Ровен ауданында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін кең көлемде атап өттік. «Ағайын» этномәдени бірлестігінің мүшелерімен бірге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Жәнібек, Бәйтерек, Тасқала аудандарының мәдениет саласының қызметкерлері, Саратов облысының вице-губернаторы, сол жердегі қандастарымыз қатысты. Киіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүріміз бен төл өнеріміз насихатталды. Қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мейрамға қандастарымыз көп жиналды, қазақстандық және ресейлік бауырларымыз шат-шадыман көңіл күйде өнерлерін ортаға салып, Наурыз-думанды қыздырды. Наурыз көжеден, ұлттық тағамдардан дәм татты, көптен көрмеген ағайын бір-бірінен амандық-саулық сұрасып, бір жасап қалды.

Көктемгі жаңару мерекесін енді жыл сайын Саратов облысының әр ауданында ауыспалы түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Басты мақсат – Ресей Федерациясында тұратын қазақ диаспорасының ұлттық рухани-мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру, өскелең ұрпақты толеранттылық пен дос-тық рухында тәрбиелеу, шекаралас ынтымақтастықты нығайту.

– «Ағайын» этнобірлестігінің биыл Орал қаласында «Дәстүр» апталығын ұйымдастыруға мұрындық болғанын білеміз. Бұл шара болашақта жалғасын таба ма?

– «Дәстүр» апталығы Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Этностар күні» аясында өзге ұлт өкілдеріне қазақтың салт-дәстүрін дәріптеу, тарихын таныту мақсатында ұйымдастырылды. Тұңғыш Президент алаңында қаз қатар ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, бұл мәдени кешеніміз «Ақ Жайық» этноауылы деген керемет атауға ие болды. Аталмыш мереке қазақ халқының өміршең салт-дәстүрін сақтап, ұрпаққа аманаттау мақсатын көздейді. Қала тұрғындарымен қатар облысқа жұмыс сапарымен келген шетелдік инвесторлар, Татарстаннан, Башқұртстаннан келген қонақтар қатысты. Германиялық делегация мүшелері, әсіресе, ұлттық ас мәзіріне, ауылдан әдейілеп алдырған құмай тазыларға қатты қызықты.    Жиналған жұртшылыққа қазақ халқының шілдехана, тұсау-кесер, құда түсу, сырға салу, беташар сияқты салт-дәстүрлері мен асық ату, тоғызқұмалақ, теңге ілу сынды ұлттық ойындары та-ныстырылды. Бұған қоса бүгіндері ел жадынан өшуге айналған ұл балаға айдар қою мен қыз балаға тұлым өсіру секілді жоралғылардың да мән-мағынасы түсіндірілді. Облыстың әр ауданы, Орал қаласындағы оқу орындары тарихи маңызы бар салт-дәстүр түрлерін сахналап, ел-жұрттың назарына ұсынды.

«Дәстүр» мерекесін келер жылдың жазында Қазақстанның барлық облысы өкілдерінің қатысуымен республикалық деңгейде ұйымдастыруды, Ресейдің көршілес облыстарындағы бауырларымызды  қонақ ретінде шақыруды жоспарлап отырмыз.

– Мақсот Қабышұлы, сіз үшін ағайын сөзінің астарында қан-дай мағына жатыр?

– Қазақ ежелден «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деген халық. Ағайынның татулығын ұлағат тұтқан ата-бабаларымыз ұрпағына әлгіндей аталы сөз қалдырған. Сөйте тұра, «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деп қара басының қамынан тұтас ел мен жұрттың абыройын, береке-бірлігін жоғары қойған. Ұл-қызын алауыздықтан алшақ, бауырмалдыққа жақын болуға тәрбиелеген. Өкінішке орай, бүгінде ағайыншылық, адамгершілік, жанашырлық ұғымдарының қадір-қасиеті қашып бара жатқандай. Өмірде ағайын адамдардың бір-бірімен тіл табыса алмай, ат-құйрығын үзісіп кетіп жатқанын көріп жүрміз. Ағайынның басын біріктіріп, ақыл айтатын аузы дуалы, сөзі уәлі қариялардың азайып кеткендігі де қынжылтады. Біздің бала кезімізде ата-әжелеріміз жанына отырғызып қойып, жыр-дастандарды, аңызертегілерді айтатын. Ауылдың тентегін тыйып ұстап, ағайынның жаман атын шығармауға тырысатын.

Көпке топырақ шашпаймын, бірақ қазір зейнет жасындағы үлкендеріміз көпшілік жиылған жерде саясатты айтады, билікті жамандайды, ұсақ-түйекті әңгімелеп, қаңқу сөздерді тілге тиек етіп отырады. Жастарды кітап оқымайды, театрға бармайды деп кінәлап жатамыз. Аға буынның ішінде де кітап оқымайтын, бата білмейтін, немерелеріне ертегі айта алмайтындар бар. Қытай, Корей елдерінде болғанымда, халқының салт-дәстүрге беріктігін, құмырсқадай тыным таппай, құлшына жұмыс істейтінін көріп сүйсіндім. «Қазақ – ұлы халықпыз!» деп құр мақтана бермей, ұрпақ тәрбиесін мықтап қолға алуымыз қажет деп санаймын.

Менен жаңа «Қазақстанда тұрамыз, бізге этномәдени бірлестік не үшін қажет?» деп сұрадың ғой. «Қазақ – ұлттық салт-дәстүрге бай халық» дейміз. Сөйте тұра, жаңа туған сәбиді бесікке бөлемейтін, ауылда тұрып, сүт пен майды дүкеннен сатып алатын болдық. Ұлттық тәрбие – бiздiң ұрпақтан-ұрпаққа жеткiзетiн асыл қазы-намыз. Ұлттық тәрбие ана тiлiн, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрiн бiлмейтiн жастар, тастанды жетiм балалар, жарық дүниеге жаңа көрінген сәбиін қоқысқа лақтыру, қарттар үйлерiндегi қариялар сияқты қазiр елiмiзде орын алып отырған көптеген келеңсіздікті жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негiзгi жолы. Ұлттық тәрбиеге қаныққан ұрпақ денi сау, саналы, бiлiмдi, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, кішiпейiл болып өседi. Әрине, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Дейтұрғанмен, байыбына барсақ, қазақтың салт-дәстүрі – тұнып тұрған рухани қазына-байлық. Біздің ұрпағымыз өркениетке ұмтылып, жаңа технология тілін меңгере жүріп, өз жаратылысынан, ата дәстүрінен алыстамауы, ажыра-мауы  керек  деп  санаймын.

– Бірлестіктің алдағы жұмыс жоспарымен  бөліссеңіз?

– Мені толғандыратыны – қазақ тілінің тағдыры. Мемлекеттік тіл туралы бағдарламада 2020 жылға дейін еліміздегі мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткішін 95 пайызға жеткізу міндеттелген. Қазір біз бұл көрсеткішке қол жеткіздік деп айта алмаймын. Ұлты өзге отандастарымыздың мемлекеттік тілге деген құрметі арта түскенін қалаймыз. Қадыр Мырза Әлидің қазақ тілінің қазіргі жағдайы аңшы иттерінен қорқып, мылтықпен тұрған аңшыға өзі келіп тығылған еліктің лағындай деген тамаша теңеуі бар. Біздің қорқатын ештеңеміз жоқ. Меніңше, мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылданып, қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тіл болуы тиіс.

Ал латын қарпіне көшу  тіл саясатындағы оңды қадам деп ойлаймын.

Біз, аға ұрпақ, талай қиындықты бастан өткердік. Қазіргі жастар шовинизмнің, ұлт намысына тиюдің не екенін білмей өсіп келеді. Түсіне білген адамға бұл – үлкен бақыт. Тәуелсіздіктің қадірін жете түсінбей, тәубесіздік танытып жүрген кейбір жандар демократия дегенді еркінсу деп қабылдайды. Бірақ оларды бұл азаттықтың, еркіндіктің, тәуелсіздіктің құны қаншалықты, ал тәуелсіздікті сақтап қалудың құны қандай деген сұрақтар мазалай ма?! Міне, мәселе осында.

Тәуелсіздік жолында қазақтың көрмеген қорлығы, шекпеген азабы жоқ. Хан-батырларымыз бен Алаш арыстарының, Ұлы Отан соғысындағы майдангерлеріміздің, Желтоқсан қаһармандарының ерлігін қалай ұмытуға болады?! Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздікті нығайту, баянды ету жолындағы еңбегі орасан зор.

Әр қазақ азаматы «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін?» деген ұстанымға берік болып, тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында еңбек етуді азаматтық парызы деп санаса екен деген тілегім бар. Іргелі ұлт, мықты мемлекет болу үшін, ең алдымен, ішкі бірлік, тұтастық, татулық керек. Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, қоғамдық ынтымақты нығайту бағытында тың жобалар қолға алынып, жемісті жүзеге асуда. «Ағайын» этномәдени бірлестігінің мүшелері де бұл маңызды шаралардан шет қалмайды.

Сұхбаттасқан Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар