12.12.2019, 21:00
Қараулар: 521
Әлсіз  пьесадан тұшымды  драма  тумайды

Әлсіз  пьесадан тұшымды  драма  тумайды

10-11 желтоқсан күндері Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында  жас ақын М. Ғилымханның «Жусан» деп аталатын тырнақалды туындысы сахналанды.

Бірден айтайық, көрермен залында ине шаншар жер болған жоқ. Мұның басты сыры Хадиша театрының биылғы ХХVІІ маусымының алғашқы премьерасын көрермен қауымның тағатсыздана тосуы болса керек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырысымен даярланған бұл пьесаның саз бен би жымдасқан композициядан басталуының өзі үйіріліп келе жатқан қара бұлттың хабаршысындай жан дүниеңді түршіктіріп әкетеді. Бұған шашын жайып, аласұрған қыздар труппасын қосыңыз…

Қойылым барысында режиссер де, әртістер де аянып қалмады, абырой биігінен табылуға тырысты. Әсіресе, режиссердің (С. Әбуов)  әртістерді іріктеуі ұтымды. Спектакльдегі Жәдігер – актер Құралбек Қатшаевтың бірінші басты рөлі.

Осыған дейін «Болмаған оқиға», «Made in Махаббат немесе Ғашығыңа жолық», «Арманым Әселім» пьесаларындағы жарқын образдарымен көрермен қауымға жақсы танымал Құралбек ойынынан өзіне жүктелген зор сенім мен жауапкершілікті жақсы сезінгені байқалады. Бірақ талабы зор жас осы жолы бауырын жаза алмағандай болды. Қатшаевтың қарымы, мүмкіндігі бұдан әлдеқайда зор. Бұл Жәдігерден екінші Жәдігердің (С. Түменов) ойын өрнегі басымдау шықты.

Драмада айрықша дараланған бейне — Әбубәкір (Ж. Жұбатов). Қимыл қозғалысы мен дауыс мәнері тұтасқан образ сүйсінте отырып, жирендірді, жирендіре отырып сүйсінтті. Өнердің көркемдік қуаты  деген осы.

Бұған дейін қосалқы рөлдермен шыңдалған Д. Мұхтаровтың (Серік – Саид-Ахмед) ізденісі тым тәуір. Жұлдыз Мамедова осы қойылымның ассисенті болды, әрі Асма рөлінде сәтті ойнады. Бірақ пьесада ашылмаған бейне сахнада жарқырамасы белгілі…

Мәрлен Ғилымханның жас та болса, драматургия атты тегеурінді әлемге қаймықпай құлаш ұрған қайсарлығына қол соғуға болар, адамның жан дүниесінің иірімдерін айшықтауы да әсерлі. Бірақ Әуезов «түбірлі мазмұн, тың пішін» деп таныған жанрдың  негізі саналатын  оқиғалардың тұтасуы, дамуы, эпизодтар желісінің жымдасуы сияқты талаптарының сақталмағанын жоққа шығара алмаймыз.

Жәдігердің Сирияда жүргенде: «Өлместің қамы ғой» деген сөзі болмаса, өкініштен өзегі өртенген адамды көрмедік. Асмаға талақ айтқаны да нанымды емес. Серікке пышақ ала жүгіргенде де аса қиналмаған адам драма соңында:  «Енді мен ғұмыр кешемін мұңға қамалып» деп лирикалық өлең оқып, «Өтінемін, менің қателігімді қайталамаңыздаршы»  деп жалынуы көрермен қауымның көпшілігін сендірді деп айту да қиын…

Динара ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ,

М. Өтемісұлы атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатының мұғалімі            

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар