12.12.2019, 20:59
Қараулар: 258
Мал  баққан  қазақ құсты  да  бағады

Мал  баққан  қазақ құсты  да  бағады

Сырым ауданында құс шаруашылығы ширап келеді. Ширатып отырған – бөтен ешкім емес, ауылдың қарапайым тұрғындары. Жуырда Аралтөбе ауылында болғанбыз. Қорадағы мөңіреген сиырдың, маңыраған қойдың дауысына қаңқылдаған құстың үні қосылғанын бұл ауылдан да байқадық.

«Үйректі  70  күннен кейін сою  керек»

Аралтөбелік Серік Байыровтың еңбек жолы түгелдей дерлік далада өтті. Механизатор, бригадир, кейін звено жетекшісі болды. 1997 жылы «Шұғыла» шаруа қожалығын құрды. Екпінін егін шаруашылығымен алған қожалық кейін мал шаруашылығына қарай көшті. Қожалықтың иелігінде қазіргі уақытта 40 бас ірі қара, біраз қой мен ешкі бар. Мал жайып, қой қуалай берген болмас деп, Серік ағамыз былтыр үйректің 50 балапанын сатып алған. Баққан еңбектің берекесі ғой, балапандар үйрекке айналып, әрбірі 5-6 келіден ет берді. Осы кәсіпті кеңейтпек болып, «Шұғыла» шаруа қожалығы биыл 200 балапан сатып алды.

– Бір балапанның бағасы – 350-400 теңге. Жүз балапанды мамыр айында, қалғанын бір айдан кейін алып келдім. Балапандармен бірге қапшықпен арнайы жем қоспаларын сатып алдым. Басында соны бердім. Кейін олардың «ас мәзіріне» ұнтақталған жем, кебек, астық дәндері кірді. Үйректер қорек талғамайды, өңешінен өткеннің бәрін ас қылады. Жем өз алдына, үйдегі астың қалдығы, көкөністердің қабығы – бәрі жарай береді, – дейді Серік ағамыз.

Ол кісінің айтуынша, құстарды балапан кезінде суыққа ұшыратпай, астан таршылық көрсетпей, жетілдіріп алу маңызды екен. Балапанында бабы келмесе, құс өсіп жарытпайды. Қораға қамағанда үйректерді жапатармағай емес, он-он бес үйректен оқшаулап қамау керек. Әйтпесе, бірін-бірі тапап тастайды екен. Үйректерді күніне үш мезгіл тамақтандыру, өзенге түсіру, түгендеп, аулаға әкеліп қамау – мұның барлығы бір адам үшін кәдімгідей уақыт алатын жұмыс. Бағудың ішіне тек тамақтандыру емес, қорғау да кіреді ғой. Жердегі ит пен мысық өз алдына, үйректерге аспаннан да қауіп бар. Серік ағамыз өткен жолы бір үйректі қарақұстың тырнағынан әзер аман алып қалыпты.

Биылғы жаздың, әсіресе, жазғы түндердің суық болуы кесірінен 30 шақты балапан шығын болыпты. Қалғаны өсіп-жетілді. Серік Байыров үйректерін сойып, етін саудаға шығарды. Алғашқы легі Жымпитыдағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне шығарылды. Қалғаны Орал қаласына жөнелтіліп, сол жақта сатылды. Биылғы үйректердің әрқайсысы 3,5-4 келіден ет беруде. Бір үйректің құны – 4000 теңге.

– Үйректерді бағып, өсіруге 70 күн жеткілікті. Осы кезде соя берсе болады. Содан кейін құстар анабір ет те жинамайды, оның үстіне мамығы қатып кетіп, союға да үлкен кедергі болады. Бір жағынан, қомағай құстарды ұзақ бағу иесін шығынға ұшыратады. Менің ауламдағы үйректер айына 10 тонна су ішеді, күніне 50 келі астық жейді. Астықтың арзан емесін ескерсек, үйректерді ұстау үшін күніне 5000 теңге қаражатым кетеді. Сондықтан үйректің етіне белгілеген бағамды қымбат деп айта алмаймын. Ол – менің еңбегімнің өтеуі. Екінші жағынан, біздің үйректің еті экологиялық таза өнім ғой, – дейді Серік Байыров.

Үйректі жаздың соңғы айынан бастап баққан тиімді көрінеді. Себебі 70 күнде олар күздің салқынына келеді. Салқын уақытта үйректердің денесінде майлы қабат түзіліп, еті дәмді болады. Міне, Серік ағамыз құс өсіремін деушілерге осындай кеңес береді.

Аралтөбеге  келген  «линда»

Сарып ауруына шығып, қорасындағы ірі қарасының бәрінен айырылған Құсайын Насыровтың әуелгіде абдырап қалғаны рас. Өзінен басқа ешкім тұрақты жұмыста жоқ. Екі қызы – студент, тағы екі баласы мектеп жасында. Не істемек керек? Әр нәрсенің қайыры бар екен. Құсекеңнің отбасына сәуір айында жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Жұмыссыз жұбайы Нұргүлге аудан кәсіпкерлік негіздеріне оқуға ұсыныс жасады. Бірер ай аудан орталығында мамандардан кәсіп бастаудың және оны көркейтудің жолдарын, қаржылық сауаттылықты үйренген Нұргүл Қадырова өзінің құс шаруашылығы туралы бизнес-жоспарын сәтті қорғады. Жобаны жүзеге асыру үшін оған мемлекеттен 505000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді.

– Гранттың ақшасына линда тұқымды 40 қаз сатып алдым. Тағы да 30 қаз сатып алмақпын. Қаздар қой секілді жайылғанды жақсы көреді. Ауладан күніне 6-8 келі жем беремін. Линда – қаздардың ірі, етті тұқымы. Жоспарым осы қаздарды өсіріп, етін сату. Алдағы уақытта кәдімгі өзіміздің жергілікті үйдің қаздарын асырауға ауысқым келеді. Себебі мына «линда» дегенің инкубаторда басылған жұмыртқадан шыққан тұқым ғой. Аналық қаздың бауырынан шыққан балапандар олардан анағұрлым артық қой деп ойлаймын. Маған жасанды жолмен емес, табиғи түрде, өздігінен көбейетін тұқым керек, – дейді Құсайын ағамыз.

Еті – ем, мамығы – шикізат

Серік Байыров ағамыз «Біздің үйректің еті экологиялық таза өнім ғой» демеп пе еді? Ол кісі рас айтады екен. Дүкендердің тоңазытқыштарында мұз қатқан еттерден қолдағы құстың еті әлдеқайда пайдалы, бастысы күмәнсіз. Малдың етіне қарағанда, құс еті ағзаға жеңіл сіңеді екен әрі пайдасы да орасан көрінеді.

Қазір екінің бірі қаназдыққа шалдыққан. Міне, сол кісілер үшін құрамында темірі бар үйректің еті – мың да бір ем. Ресейдің www.elementaree.ru сайтында үйректің етін күнделікті дастарқанында қолданған адамның шашына табиғи жылтырлық, тырнағына мықтылық, ал терісіне балғындық бітеді деп жазылған. Үйректің жұмыртқасы физикалық күшті көп жұмсайтын адамдарға, соның ішінде спортшыларға өте пайдалы.

Қазақ жылқыны «мінсең көлік, жесең тамақ» деп дәріптейді ғой. Білген адамға қаздың да қасиеті жетеді екен. Америкалық ғалымдар қаздың етін жиі тұтынатын адамдар жүрек-қан тамырлары ауруына шалдықпайтынын дәлелдеген.

Қаздың еті түгілі, майы да шипа.

Оны халық күйік пен үсікке шалынғанда пайдаланады. Қаздың сорпасын ішу бронхит пен пневмонияны жеңуге көмектеседі. Мамығы – көрпе-жастық жасауға таптырмайтын шикізат.

Құстың еті, жұмыртқасы ер адамдардың бел қуатын арттыруға жәрдем береді екен. Біз күнделікті өмірде тауықтың жұмыртқасын жиі қолданамыз. Бір тауық жұмыртқасының құнарлылығы 100 грамм жылқы не сиыр, қой етіне пара-пар. Үйректің жұмыртқасының қуаты одан да артықтау деседі.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы