12.12.2019, 20:57
Қараулар: 317
Жастарды  қолдау  жалғасады

Жастарды  қолдау  жалғасады

Кеше облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Онда Жастар жылы өңірдегі жастарды қолдау мақсатында атқарылған  және алдағы «Еріктілер жылы» атқарылар жұмыстар жайы талқыланды.

– Облыста 132 мыңнан астам жас бар. Олар облыс тұрғындарының 20,3%-ын құрайды. Яғни облыстың әрбір бесінші тұрғыны жастар өкілі болып келеді. Өңірде 89 жастар қоғамдық бірлестігі және 14 жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы жұмыс істейді. Жалпы, облыста жастар саясатына 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, бірқатар кешенді жұмыс атқарылды. Алда атқарылар жұмыстар аз емес, – деді жиынды ашқан облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Облыстық жастар саясаты  мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораштың баяндауынша, облыстағы экономикалық белсенді жастар 88 мың адамды құрайды. Еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастарының үлесі 2,7%-ды құрап отыр. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда екі есеге төмендеген және республика бойынша ең алдыңғы көрсеткіш болып табылады. Жастардың дамуына және өзін-өзі дамытуға жағдай жасау мақсатында БҚО жастарын дамытудың 2020 жылға арналған жол картасы қабылданып, жүзеге асырылуда.

Жол картасынан туындайтын мәселелерді шешуге облыс әкімдігі тарапынан 3 млрд. 150 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінген. Биыл мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың көмегімен 8 мыңға жуық жас жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз етілген. «Zhas project»  жобасы бойынша 771 жоба ұсынылып, 217 жоба мақұлданып, 500 млн. теңге көлемінде гранттық қаржы берілген. Жол картасының басты жұмыс бағыттарының бірі жастардың бос уақытын жүйелі ұйымдастыру бойынша 13 коворкинг орталықтары ашылған. Алдағы жылы тағы төрт коворкинг орталықтың ашылуы жоспарлануда.

Орал студенттері альянсының көшбасшысы Муса Көнеев күллі еліміз бойынша еріктілер жұмысын бір арнаға тоғыстыруды көздейтін «Qazvolunteer.kz» еріктілер алаңы платформасымен таныстырды. Оның сөзіне сүйенсек, еріктілер халық арасына ақпараттық сайттың жұмысын насихаттауды қараша айынан бастаған. Соның нәтижесінде еріктілер порталына 23 мекеме, 432 ерікті тіркелген және бұл республика бойынша 3-орындағы көрсеткіш. Бүгінде өңірде 15 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде балалармен, мүгедектермен жұмыс, аула, спорт клубтарын ұйымдастыру, инклюзивті білім беру және басқа да бағыттарды қамтиды. М. Көнеевтің пікірінше, порталда өңірлердің өз парақшалары жоқтығын айтып, облыс еріктілерінің өз сайтын ашуды ұсынды. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еріктілер жылын жоғары деңгейде ұйымшылдықпен өткізуіміз керек», – деді өңір басшысы ұсынысты қолдап.

Басқосуда «Жасыл ел» облыстық штабының жетекшісі Асылан Тапишев «Жасыл ел» базасында студенттік құрылыс жасақтары жұмыс форматын қайта жаңғырту мәселесін қозғап, облыс басшылығынан қолдау сұрады. Облыс әкімі құрылыс компанияларының басшыларымен бірге кездесіп, мәселені шешуге болатынын айтты.

Қаратөбелік Эльдар Амантаев Еріктілер жылында кәсіпкерлермен жастардың ортақ күш-жігері арқасында әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру жайындағы ойымен бөлісті. Оның айтуынша, жастар ресурстық орталығының бастамасымен ауданда жалғызбасты кейуанаға үй салып, пайдалануға тапсыратындарын айтты. Алдағы жылы меценаттардың көмегімен «жасылелдіктердің», студенттік құрылыс жасақтарының қатысуымен жастарға арналған жатақхана салу бастамасын қолдауды сұрады. «Жас Отан» жастар қанаты БҚО филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев ауыл жастарын қолдауға бағытталған «Жастар керуені» жобасы жайында әңгімелеп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдарға келетін жас мамандарға арнап жаңа үй салуды ұсынды.

– Мұның пайдалы жағы бар, ауыл-аудандағы тұрғын үй қоры жаңарады. Жұмысқа келген жас маман ескі үйді алып, оған қайта-қайта жөндеу жасамайды. Кейбір жас мамандар ауылдағы өзінің тума-туыстарының үйін сатып алып, қаражатты дұрыс жұмсамай отыр. Ауылдық жерлерде 5 млн. теңгеге шағын жақсы үй салуға болады, – деді Н. Жолдасқалиев.

Өз кезегінде облыс әкімі бұл мәселені жан-жақты ойластырып, шешетіндерін жеткізді. Алдағы жылы ауылдағы жастармен жүргізілетін кейбір тиімсіз шараларды азайтып, нақты нәтижесі болатын жобаларды қолға алуды тапсырды.

«Zhas Project» жобасының үйлестірушісі, жас кәсіпкер Мержан Әбілқастың сөзіне сүйенсек, аталмыш жобаға 697 жас жұмылдырылған. 54 жоба қала аумағында, қалған 70%-ы, яғни 163 жоба ауылдық жерлерде іске асырылған. Шалғай ауылдарда наубайхана, кондитерлік цех, шаштараз және басқа да нысандар ашылды. Осы жобаны іске асыруда қолдау көрсеткен барлық деңгейдегі басшыларға алғыс айта келе, жастар атынан облыс әкіміне алғысхат  табыс етті.

Кеңес отырысын қорытындылаған Ғали Есқалиев Жастар жылы көптеген жұмыс атқарылғанын, бұл істердің жалғасатынын, Еріктілер жылының іс-шараларын қазірден бастап қолға алу қажеттігін айтты. «Облыс аумағында 60-тан астам еріктілер ұйымы мен 10 мыңға жуық ерікті белсенді жұмыс істеуде. Бұл өңірімізде еріктілер қозғалысының жақсы жолға қойылғанын көрсетеді. Әр аудандағы еріктілер ұйымдарын «Ақжайық волонтерлері» еріктілер корпусына біріктіріп, бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Сонда жұмыс нәтижелі болмақ», – деген облыс әкімі басқосуда көтерілген мәселенің барлығы да өзекті екенін, бұл бағытта бірлесіп  жұмыстанатындарын  жеткізді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар