12.12.2019, 20:55
Қараулар: 549
Ызғарлы  күндердің  куәгері

Ызғарлы  күндердің  куәгері

…Ол 1986 жылы 18 жастағы өрімдей бойжеткен болатын. Алматыдағы Гагарин атындағы тігін фабрикасында тігінші болып жұмыс жасап жүрді. Сол жылдың 16 желтоқсан күні әдеттегідей жұмысқа келген. Бірақ жұмыс орнындағы қобалжулар кейіпкеріміз Гүлмира Ахметованың жадында ұмытылмастай сақталып қалыпты.

–  Сол күні мен жасайтын тігін фабрикасында орыс-қазақ болып бөліну басталды. Бізді саусақпен көрсетіп, «Қазақтар алаңға шығып, көтеріліс жасап жатқан көрінеді»  деп айта бастады. Бұрын жатақханаға өзіміз баратынбыз. Сол күні кеште бізді аутобуспен апарып тастады, – деп бастады әңгімесін Желтоқсан оқиғасының куәгері.

Гүлмира апай Желтоқсан оқиғасын еске алса, көңілі бұзылып, мұңайып қалады. Арман қуып, Алматыға келген ару жан-жақтан қысым көріп, жан азабын тартамын деп ойламаған да шығар. Кейіпкерімізбен арадағы әңгімеден ызғарлы жылдар салған жараның әлі жазылмағанын байқадық. Сол жылдары өрімдей жастардың тағдырын талқандаған дауыл Гүлмира апайды да аяусыз  шарпып өтіпті.

– 17 желтоқсан күні таңда жұмысшылармен бірге шығып кеттік. Олармен бірге жұмысқа емес, алаңға қарай бет бұрдық. Сол жылғы қыс есімнен кетпейді. Сақылдаған сары аяз.  Жерде жатқан қар аяқ басқан сайын сықыр-сықыр етеді. Күн енді көтеріліп келе жатқан мезгіл еді. Жолдан жастар  топ-топ болып қосылып жатыр. Бәріміз қосылып, алаңға бет алдық.

Қалада болғаныммен, алаңның қай жерде екенін білмейді екенмін.

Жол бойы  қазіргі Әнұран «Менің Қазақстанымды» айтып, қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін үш сағат жүрдік. Жолда көп кісілер қосылып, алаңға жеттік. Алаңның шет жағы темір шарбақпен қоршалған екен. Бір кезде бәрі жан-жаққа қашты. Не болып жатқанын да бажайлап үлгерместен, бізді көліктер қоршап алғанын көрдім.

Көліктен басына каска киген сарбаздар қашқандарды қуып, ұрып, машинаға тией бастады. Қолдарында  ұртоқпақ (дубинка), автомат. Жетектерінде иттері бар. Бәрімізді қойша тиеп, Алматының Совет  аудандық ішкі істер бөліміне алып келді, – деп терең күрсінді  Гүлмира Маренқызы.

Шамамен 100 шақты адамды  кішкентай бөлмеге әкеліп, иін тірестіре қамағаны есінде. Төбесі ашық, едені ыстық плита еді. Еденнің ыстықтығы соншалық, аяқ киімдеріміз балқып кете жаздады. 17-сі күнгі таңда ұсталғаннан сол жерде ас-сусыз екі күн болады. Өздері нәр татпаса да, «Менің Қазақстаным» әнін тоқтаусыз айта береді бәрі. Үшінші күні оларды аутобуспен жатақханаға әкеліп тастайды. Алайда  кейіпкеріміздің жас өміріндегі жайсыз күндер бұл қамаумен тоқтап қалмайды.

– Екі күн қамауда болғанда бізді тергеді. Тергеушінің алдына үш сарбазбен барамыз. Сол сарбаздардың ішінде қазақ болған жоқ.

Кілең орыстар. Кәдуілгі қылмыскерлердей оң жақ, сол жағымыздан суретке түсірді. Жатақханаға есіміз кіресілі-шығасылы болып келдік. Мен үшін қиын күндер басталды. Екі жылда мені 8 тергеуші тергеген екен. Жұмыста бізге деген көзқарас өзгерді.  Мені жұмыс барысында бір күнде бірнеше орынға отырғызатын болды. Бұл «табыс таппайсың» деген сөз еді. «120 сом алдым» деп қол қойып, 60-90 сом алып жүрген кездерім болды. Өйткені олар менің еш жерге бара алмайтынымды білді. Бізді «Бұл жерден тек статьямен кетесіңдер. Сендердің сүйектерің  осы фабрикадан шығады, осы жерге құл боласыңдар!» деп қорқытты,  – дейді өмірінің қиын сәттерін еске алған кейіпкеріміз.

Гүлмира апай  басқа оқу орнына бара алмайды. Аталмыш тігін фабрикасында бес жыл жұмыс жасайды. Жұмыс жасағаннан гөрі біреуге қарыз, бережақ болып қалғандай күй кешеді. Екі жылға дейін Алматы қаласынан шығуға болмайтын  шектеу қойып  тастағанын да кейін біледі. 1988 жылы Петропавл қаласындағы дос қызының әкесі қайтып, көңіл айтуға  барғанында сол жердегі тәртіп сақшылары паспортын ашып қарап, «Сізге Алматыдан шығуға болмайды ғой» деп ескертеді. Екі жыл ылғи тергеу мен жұмыс арасында жүрген кейіпкеріміз жан-жақтан қысым көріп, әбден қиналады. Күн-түн, таң-кеш демей, кез келген уақытта тергеуге шақырту келеді. Ол жерге уақытында барамын деп жұмыстағы басшыларынан сөз естиді. Бірақ әу бастан сабырлы кейіпкеріміз қиын кезеңнен де өтеді.

– Желтоқсан оқиғасын қайталап еске түсіру маған өте қиын. Ешқандай жаман ойымыз болған жоқ.

Бар жазығым – бейбіт жолмен алаңға еріп барғаным. Жан-жақтан көп қысым көрдік. Бірақ бар күшімізді жинап, сол қысымға қарсы тұра білдік. Көп қыздар құжаттарын қалдырып, өздері ауылға кетіп қалды. Қиындыққа шыдамай, арасында өз-өзіне қол салғандар да болды. Мен ата-анамды, бауырларымды ойладым ба, әйтеуір сол қилы кезеңнен шықтым, –  дейді кейіпкеріміз.

Гүлмира апа қазір Орал қаласында балаларымен тұрады. Ауылда да бала-келін, немерелері бар.

Бұл күндері ол қыз жасауын дайындап, іс тігумен айналысады.  Бір кездері тоғыз ай оқыған тігінші мамандығы кейіпкеріміздің өмірлік азығына айналған. Ол  «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалімен марапатталған. Гүлмира апайдан көпшілігі «Сіз Желтоқсан оқиғасына қатыстыңыз ба?» деп жиі сұрайды. Сол кезде ол:  «Мені қатысушы дегеннен гөрі «Желтоқсан оқиғасының куәгері» деген дұрыс болар» деп жай ғана жауап береді екен…

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар