12.12.2019, 20:53
Қараулар: 386
Жемқорлықпен  күрес  отбасынан  бастау  алады

Жемқорлықпен  күрес  отбасынан  бастау  алады

9 желтоқсан – Халықаралық жемқорлықпен күрес күніне орай «Адалдық. Парасаттылық. Жариялылық» атты шара ұйымдастырылып, салтанатты кешке облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысты.

Аталмыш күн БҰҰ-ның 2003 жылы қабылдаған Конвенциясына сәйкес Халықаралық жемқорлықпен күрес күні деп жарияланған болатын. Қазіргі таңда жемқорлыққа қарсы күш біріктіруді насихаттайтын құжатқа әлемнің 140-тан астам елі қол қойыпты, ал Қазақстан бұл Конвенцияға 2008 жылы үн қосты.

Елімізде мақсатты түрде жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, 2014 жылдың желтоқсан айында ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын бекітті.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы Рустам Ақмырзаев баяндап, қоғамның басты дертімен елжұрт болып бірлесе күресуге шақырды.

Айта кетерлігі, өткен жылы Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Адалдық алаңы» жобасы жалпыхалықтық қозғалысқа айналды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы мен облыс әкімі қол қойған «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасының жұмысын бастағанына бір жыл болды. Осы уақыт аралығында жобалық кеңсенің ұйымдастыруымен 2500 іс-шара оздырылып, 1300-ден астам адам қажетті кеңес алып үлгерген.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың басты іргетасы – отбасы. Осыған орай парасатты отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, заманауи жетістіктерге лайықты тұлғаны дамыту мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Парасатты отбасы» облыстық байқауын ұйымдастырған болатын. Аудандық деңгейде озық деп танылған отбасылар облыстық деңгейде бақ сынап, нәтижесінде жалпы саны 21 үміткер шаңырақтың ішінен тоғыз отбасы арнайы аталымдарға ие болды. Айта кетер болсақ, Қазталов ауданына қарасты Жаңатаң ауылынан келген Отаровтар «Интеллектуалды отбасы» атанса, Қаратөбе ауданы Жусандыой ауылында тұратын Ғабдуллиндер әулеті «Саяхатшы отбасы» аталымын иеленді. Ал Қазталов ауданындағы Қараөзен ауылын мекен еткен Стамғазиевтер «Шеберлер отбасы», қазталовтық Жақыповтар әулеті «Үздік оқырман отбасы», Жәнібек ауданынан келген Қамидуллиндер «Өнерлі отбасы» деп танылды. Жақсылық жасауды жандарына серік еткен бөкейордалық Базарбаевтарға «Жомарт отбасы» аталымы бұйырса, «Шығармашыл отбасы» деген аталымды Бөрлі ауданында тұратын Өтеғалиевтер әулеті мен теректілік Алдоңғаровтар отбасы өзара бөлісті. Ал бәрінен үздік әрі үлгілі деп танылған бәйтеректік Мұқанәлиевтер әулеті басты аталым – «Парасатты отбасы» атағын иеленді.

Жеңімпаздарды облыс әкімі Ғали Есқалиев, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Сәлиева, «БҚО-ның кәсіпкерлер ассоциациясы» ЗТБ төрағасы Әнес Истелюев марапаттап, арнайы аталым дипломы мен бағалы сыйлықтар табыстады.

«Жұбанов көктемі» фестивалінің лауреаты, «Ғасырлар сазы» фестивалінің дипломанты «Оралым» фольклорлық ансамблі мен Аслан мен Жасұлан Зинеденовтер, Азат Қабиев, Тарас Жауымбаев, Рүстем Кереев, Римма Нұрсұлтанова, Бибігүл Берекетова секілді облыс өнерпаздары жиналған жұртшылық алдында өнер көрсетті.

Аяужан КЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар