12.12.2019, 20:51
Қараулар: 174
Кеніште жаңа кешен іске қосылды

Кеніште жаңа кешен іске қосылды

Сейсенбі күні Шынар (Чинарево) кен орнында «Жайықмұнай» ЖШС-ның соңғы үлгідегі №3 газды кешенді дайындау қондырғысы іске қосылды. Шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

Кенішті игеруші Nostrum Oil & Gaz PLS компаниясының бас атқарушы директоры Кай-Уве Кессель қонақтарды қарсы алып, қондырғының жұмысымен таныстырды. №3 газды кешенді дайындау қондырғысы аутоматтандырылған үлгіде жұмыс істейді. Кешен  ауыр көмірсутектерді айырудың тиімділігін арттыру үшін заманауи және алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықталған. Жылына 2,7 млрд. текше метрге дейін көмірсутекті айыру қуаты бар бұл қондырғы арқылы газ, техникалық пропан, сұйытылған көмірсутекті газ және  тұрақты газ конденсаты алынады.

– Кай-Уве Кессель мырза, ең алдымен, сіздің үлкен ұжымды  №3 газды кешенді дайындау қондырғысының іске қосылуымен құттықтаймын. Кешеннің біздің облыс үшін мыңызы зор. Өйткені «Жайықмұнай» компаниясы өңірдегі ең ірі салық төлеушілердің бірі саналады. Қазір компания мемлекеттік бюджетке жылына 10-12 млрд. теңге түсіреді. Бұл жоба өндірістік қуатына көшкен кезде бюджетке түсетін салық мөлшері екі есеге артады. Ал бұл  өңір экономикасы үшін маңызды. Аталмыш қондырғы еліміздегі ең басты мейрам – Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі бізге осындай кешендер салуға, онда батысқазақстандық компаниялардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Осы мұнай кешенінде жүріп, оқып-үйренген жігіттердің қазір күрделі құрылғыларды меңгеріп, өндіріс барысын бақылап отыруының өзі үлкен жетістік деп білемін. Компанияның аз уақытта жобалық қуатына көшіп, жаңа бастамалар бойынша да жетістікке жетуіне тілектеспін. Сіздің он бес жылға жуық уақыттан бері біздің облыстағы мұнайгаз саласында атқарып келе жатқан  еңбегіңізге ризамыз,  –  деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Айта кетейік, «Жайықмұнай» ЖШС 1997 жылдан бері Шынар кен орнында жұмыс істеп келеді.

Nostrum Oil & Gaz PLS компаниясының бас атқарушы директоры Кай-Уве Кессельдің айтуынша, үш кезеңнен тұратын №3 газды кешенді дайындау қондырғысы арқылы шикі газды өңдеу қуатын жылына екі есеге, яғни 4,2 млрд. текше метрге дейін арттыруға болады.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»