12.12.2019, 20:50
Қараулар: 166
Ким  Дэсикпен  кездесті

Ким  Дэсикпен  кездесті

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Кәріс  Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэсикпен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты арттыру жайын талқылады.

— Алдымен «Ақ Жайыққа қош келдіңіз!» деймін. Жуырда өңірімізге Кореядан бірнеше кәсіпкер келіп, мұнай-газ саласы бойынша компанияларды аралаған еді. Орал – экологиялық таза қала. Бұл инвесторлар үшін өте тиімді. Облыс орталығында «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» бар. Облысымыз арқылы шекаралас елдерге қатынайтын көліктердің де қарасы  көп. Кез келген сала бойынша әріптестікті нығайтуға мүмкіндік мол, – деді өңір басшысы.

Мәртебелі мейман өз кезегінде өңірдегі  мұнай-газ, сауда-саттық, медицина  секілді салалар бойынша бірлесіп жұмыс жасаудың тиімділігіне тоқталды.

— Қазақстан мен Корея арасында экономикалық байланыстар жыл өткен сайын қарқынды дамып, ел мүддесі үшін жемісін беріп келеді. Өзара тиімді байланыстардың  арқасында бірқатар бірлескен экономикалық және инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Келесі жылы сауда айналымы екі есе өседі деп ойлаймыз.  Мұнай-газ, IT технология, медицина салалары бойынша ортақ жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз. Әсіресе, өңірдегі мұнай өңдеу зауыттарын кеңейтіп, химия өнеркәсібін дамытуға болады. Өйткені Кореяда бұл салалар бойынша жаңа технология жақсы дамыған, — деді елші Ким Дэсик.

Екі жақты кездесу кезінде негізінен алыс-берісті арттырып, барыс-келісті жақсарту және тұрғындардың игілігі үшін жүзеге асырылатын жобалардың  тиімді тетіктері айтылды.

*  *  *

Сондай-ақ елші Ким Дэсик Орал қаласындағы Достық үйіне барып, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы  этномәдени бірлестіктердің  төрағаларымен кездесті. Виталий Ан төрағалық ететін кәріс этномәдени орталығының жұмысымен танысып, оң бағасын берді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар