12.12.2019, 16:05
Қараулар: 349
Тәуелсіздіктің  туын  берік  ұстаймыз

Тәуелсіздіктің  туын  берік  ұстаймыз

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге, міне, биыл 28 жыл толғалы отыр. Еліміз егемендік алғалы саяси және әлеуметтік-экономикалық жағынан тұрығып,  маңызды жетістіктерге қол жеткізді.

Осыдан 28 жыл бұрын біз «Мәңгілік ел» болудың бірегей қадамын жасадық. Бүкіл дүниеге тәуелсіздігімізді жария еттік. Бұл – ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн. Бұл – ұрпақтарымыз ұлы елдің ұланы, азат елдің ақиығы атануына жол ашылған қастерлі күн.

Еліміз  – Көк байрағын желбіретіп, асқақ рухты Әнұранын қалықтатып, егемен елге айналды. Іргемізді бекемдеп, байтақ шекарамызды халықаралық құжаттармен мызғымастай етіп бекіттік.

Ашық аспанымызды қас қақпай күзететін айбарлы армиямызды құрып, келелі Конституцияны басшылыққа алдық. Қарышты экономикалық өрлеу арқылы Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қабырғалы ел болды. Біз ұлттық рухы берік, саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, бәсекеге қабілетті, халықаралық беделі зор қуатты мемлекет құрдық. Өркениеттер қақтығысы өршіп тұрған тұста төрінде татулық пен тұрақтылық орныққан Отанымызды ынтымақ ұясына – жерұйық мекенге айналдырдық. Әлемдік қауымдастыққа «Қазақстан Республикасы» деген асқақ рухты ел барын айқын көрсетіп келеміз. Осының барлығы – дамыған 30 елдің қатарына қосылуға қадам жасаған Қазақстанның даму жолындағы жетістіктері.

Қазақстан әлемде бірінші болып  ядролық қарудан бас тартты, еліміздегі барлық ұлттарды біріктіру мақсатында басқа елде теңдесі жоқ Қазақстан халқының ассамблеясын құрды, дінаралық келісімді нығайту мақсатында әлемдегі барлық  конфессия өкілдерінің сиезін өткізді осындай салиқалы саясатының арқасында Қазақстан барлық елге үлгі болып, достастық  саясатын ұстанған, ұлттық қауіпсіздігі берік, бейбітшілік кіндігіне айналды.

Халқымыз үшін қашанда Жеті санының орны бөлек. Жеті ырыс, жеті қабат көк, жеті қазына… Айта берсек, жеті санына байланысты қасиетті ұғымдар өте көп.

Еліміздің жаңа ғасырдағы басты бағдары – «Қазақстан 2050» стратегиясы да жеті басымдықтан тұрады. Тәуелсіздіктің тартуы ретінде халқымыз құн жетпес Жеті қазынаға ие болды.

Бірінші қазына – Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың, Сырдария мен Есілдің арасын ен жайлап, еркін көсілген Мәңгілік Еліміз. Біз шекарамызды шегендеп, іргемізді бекіттік, көршімен тату, алыспен сыйлас,  ісі ілгері басқан жасампаз Ел болдық. Біздің мұратымыз – Мәңгілік Еліміздің асқақ болмысын аялап, ХХІ  ғасырдың төріне оздыру.

Екінші қазына – ел бірлігі. Біз мемлекетімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық төрімізге озды. Барша этностар ел иесі – қазақ ұлтының маңына ұйысты.  Тегі бөлек болғанмен тілегі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір тұтас халық болды. Бірлік, береке – біздің басты байлығымыз, құн жетпес қазынамыз. Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болса еліміз тарих төрінен табылады.

Үшінші қазына – тәуелсіздікпен бірге түлеген төл мәдениетіміз бен туған тіліміз.  Азаттықпен бірге ұлттық рухымыз асқақтады, мәдениетіміз мәңгілік құндылыққа айналды. Ата дініміз оралып, ана тіліміз тұғырына қонды. Қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі ғана емес, түркі әлемінің жетекші тілдерінің біріне айналып келеді.

Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық мәдениетіміз қайта жаңғырды. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, кеткенімізді келтірдік, кемдігімізді толтырдық. Көмбелерімізді аршып, тарихымызды түгелдедік. Қазақтың асқақ өнері мен бай мәдени мұрасы әлем халқының рухани байлығына қосылды.

Төртінші қазына: индустриалды – инновациялық экономика. Индустриалық бағдарлама – біздің  экономикамыздың болашағы.

Бесінші қазына: ұлттық байлығымыздың, әл-ауқатымыз бен әлеуетіміз түп негізі – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.

Алтыншы қазына: еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің бойтұмары, әсем қаламыз – Нұр -сұлтан.

Жетінші қазына: Қазақ елінің абыройын асқақтатып, бүкіл әлемді мойындатқан жаһандық жауапкершілігі мен барша адамзаттық бастамалары.

Тәуелсіздік күні – бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке.

Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар — уақыт талабына бейімделе алатын жоспар.Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Бұл тұрғыда құқықтық тәртіп әскері жауынгерлерінің бұдан әрі де тәуелсіздіктің туын биік ұстайтынына сенім мол.

Біздің  Ұлттық ұлан әскерлер әр уақыт Қазақстан Республикасының Конституциясы жүктеген талаптар мен міндеттерді мүлтіксіз орындап, мемлекетіміз бен халқымыз тыныштығының мызғымас кепілі болып табылады

Қазақстан Республикасының  Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері қызметтік — жауынгерлік тапсырмаларды толығымен орындап, Қазақстанның біртұтастық және тәуелсіздік идеяларын мұраға қалдырған  ұлы батырларымыз бен  аға буын жауынгерлердің  әскери дәстүрлерін жалғастырып, тарихымызға мәңгілік тағзым етеді.

Ел іші тыныш, іргеміз бүтін болса, Қазақ елінің алар асуы мен шығар биігі – әлі алда. Ұлт көшбасшысы атап көрсеткендей, Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт! Бұл кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған замандастарымыздың еселі еңбектеріңіздің жемісі.

Сөз соңында, барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік  мерекесі күнімен шын жүректен құттықтай отырып зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін!Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, мәңгілік еліміздің келбеті сәнді, еткен еңбегіміз мәнді болсын!

 

            Әлібек Серәлиев,

ҚР Ұлттық ұлан әскерлерінің «Батыс» өңірліқ қолбасшылығы қолбасшысы,  

генерал-майор 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар