10.12.2019, 13:41
Қараулар: 267
«Прокуратура  –  өте  маңызды  сала»

«Прокуратура  –  өте  маңызды  сала»

Жыл сайын 6 желтоқсан күні Қазақстан прокуратурасының қызметкерлері кәсіби мерекелерін – Прокуратура құрылымдарының құрылған күнін атап өтеді. Жұма күні облыс әкімі Ғали Есқалиев облыстық прокуратурада өткен салтанатты жиында сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

— 1991 жылдың 6 желтоқсанында «Қазақ КСР прокуратурасы құрылымдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігін және тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулы қабылданды. Осы датаға орай күнтізбеде жаңа мереке –  Прокуратура құрылымдарының құрылған күні пайда болды.

Қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау және тұтас мемлекеттің құқықтық саясатын жүзеге асыру жолындағы еңбектеріңіз өлшеусіз.

Ал осындай күрделі мәселелерді шешу үшін прокуратура қызметкерлерінен адалдық, әділеттілік және жауапкершілік талап етіледі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, өңір прокуратурасының тарихында шыншылдықты ту етіп, саналы ғұмырын осы салаға арнаған ардагерлеріміз көп. Олардың бірқатары бүгін ортамызда отыр.

Прокуратура саласы – өте жауапты әрі маңызды сала. Сіздер еліміздегі заңдылықты қадағалап, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етесіздер. Заңдылықты нығайту жолындағы еңбектеріңіз еселене берсін, отбасыларыңыз аман, дендеріңіз сау болсын! — деген Ғали Нәжімеденұлы саланың бірқатар ардагеріне алғысхат табыс етті.

Облыс прокуроры Жандос Өмірәлиевтің пайымдауынша, прокуратура адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің тиімді қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі маңызды құқықтық институт бола отырып, мемлекеттік билік жүйесінде ерекше орын алады.

— Облыстық прокуратура құрылымдары өзге де құқық қорғау және жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлескен жұмысының арқасында биыл өңірдегі құқықбұзушылық 12 пайызға азайды. Соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар саны едәуір азайды. Өңірдегі прокуратура құрылымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қолдау көрсеткені үшін Ғали Нәжімеденұлына алғыс білдіремін. Облыстық прокуратураның бастамасымен Орал қаласында ашылған құқық қорғау қызметтері орталығында біздің мамандар тұрғындарға бір терезе қағидасы арқылы құқықтық көмек көрсетуде. Ақжайық, Бөрлі, Тасқала аудандарында прокуратура ғимараттары салынды. Осының бәрі облыстың прокуратура құрылымдарына деген зор сенімнің көрсеткіші деп білемін. Азаматтардың заң күшіне деген сенімі мен құрметі біздің күнделікті қызметімізге тікелей байланысты. Сенімді ақтау үшін әріптестерімді аянбай қызмет етуге шақырамын, — деді облыс прокуроры.

Кәсіби мерекенің құрметіне орай Жандос Өмірәлиев үлгілі қызметімен көзге түскен және өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарған бірқатар қызметкерлерді ҚР Бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовтің құрмет грамотасымен, сыныптық шендермен және ведомстволық наградалармен марапаттады. Прокуратура құрылымына жаңадан қабылданған жас мамандар сала ардагерлері мен әріптестерінің алдында салтанатты жағдайда ант берді. Салтанатты іс-шара облыстық прокуратура қызметкерлері мен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұжымы бірлесіп дайындаған мерекелік концертке ұласты.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар