10.12.2019, 13:20
Қараулар: 416
Сирия сергелдеңі

Сирия сергелдеңі

Елімізде соңғы жылдары Сирияға барып, сергелдеңге түскендер көп болды. Жиған-тергендерін артынып-тартынып, бала-шағаларымен Шамға жетуді мақсат тұтқандардың арман-үміті, өмірлері  күл-талқан болғанын естіп жүрміз. Туған жерлерін менсінбей, жақын-жуық, көрші-қолаңның бәрін «кәпірге» теңегендер қазір мүлдем басқаша «сайрайды». Өздері аңсаған «ислам мемлекетінің» діннің атын жамылып, шариғатқа мүлдем кереғар тірлікпен айналысып жүргенін көрген соң, өкініп, бармақ тістегеннен не пайда? Ауданымыздан Сирияға кеткендердің отбасыларымен теолог мамандар мен имамдар арнайы жұмыстануда. Қазіргі таңда аудан бойынша діни ахуал тұрақты.

Оның ұлының жолына қарап, екі көзі төрт болып күткеніне биыл төртінші жыл. Бар тәттіні қолына ұстатып, бетінен қақпай, еркелетіп өсірген кенжесінің ешкімге айтпастан бір түннің ішінде «жұмақ» іздеп кететінін кім білген? Ешкім хабардар болмады. Тіпті күдіктенбеп еді.

Шаған ауылдық округіне жұмысым түсіп барған сайын Зәуреш (кейіпкерлердің есімдері өзгертілді) апайды көремін. Өңі жүдеу, құр сүлдері қалған. Қан қысымы тұрақсыз. Қатты уайымдаса, дерті меңдей түседі. Қызымен бірге тұрады. Өзінің төрт баласы болса да, Айжан анасының асты-үстіне түсіп, күтімін жасап отыр. Соңғы кездескенімізде анасының жағдайының нашарлап бара жатқанын айтып, көз жасын сығып алды. Айжан екеуміз бала-шағаның жайын айтып отырғанымызда, жанымызға Зәуреш әженің келгенін байқамай қалыппыз. «Менің Қайратымнан хабар бар ма?» – дегенде, жалт қарадым. «Ол жағын білмедім, әже», – дедім. Бет-әлпетінен сөзіме сенбегені көрініп тұр.

– Құлыным  анасын, балаларын сағынған шығар. Қашан келеді екен? Менің әр сағат сайын өзін ойлайтынымды біле ме екен? Сирияға неге кетті десеңші? Оқ пен оттың арасында қалай өмір сүріп жүр?

Әрі қарай сөзін жалғастыра алмай, басқа бөлмеге кетіп қалды.

Айжанға келген сайын Зәуреш әженің айтатыны осы. Қайраттың қандай күйге душар болғанын білетін Айжан екеуміз үндемей қалдық. Тыныштықты Айжанның кенже қызы Айнұр бұзды. Жаһан-дағы  оқиғалардан бейхабар үш жастағы бүлдіршін теледидардан сүйікті мультфильмін көрмекке ыңғайланған екен. Айжан әлі ерте екенін айтып, әжесінің қасына жіберді.

– Анамның халі мүшкіл. Денсаулығына алаңдап, жұмысқа шыға алмай отырмын. Балаларымды баға алмайды ғой. Жатса-тұрса, ойлайтыны – Қайрат. Бірінші тоқсан аяқталғанда, келініміз үш баланы демалысқа әкелді. Сондағы қуанғанын көрсең ғой. Дәл Қайраттың өзі келгендей. Бір апта қасында болған немерелерін көріп, сағынышын, мауқын басты. Олар кеткен соң, қайтадан тұнжыраған қалпына түсті. Кейде үнемі солғын тартып жүретініне ренжимін. «Осы ауылда менен басқа және екі қыз-күйеу балаң тұрады. Бір мезгіл соларға да барсаңшы» деймін. Жоқ, ешқайда шықпайды. «Ешкімді көруге зауқым жоқ» дей береді. Той-томалақ, қонақтық дегенді ұмытқалы қашан, – деді Айжан.

Айжанның інісі Қайрат осыдан төрт жыл бұрын Сирияға аттанған екен. Елден кеткеніне тура бір жыл болғанда, қайғылы хабар келді. Оралатынына үміттенген туыстары не сенерін, не сенбесін білмей, есеңгіреп қалды. Әсіресе, артында үш баламен қалған әйеліне қиын болды. Анасының жағдайын ойлаған Айжан інісінің өлімін жасырды. Өз көзімен көрмеген соң, айтуға жүрегі дауаламады. Айжан інісінен намаз үйренген болатын. Оған да бәрі шүйлікті. «Жанында жүріп, жоспарын білмеулерің мүмкін емес. Жасырып отырсыңдар», – деді. Тексерістің түр-түрінен өтті.

Осылай күн артынан күн, ай артынан ай, жылдар да зулап өте берді. «Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші, әркім өз тірлігінің қамына кірісті. Қайраттың әйелі екінші рет тұрмыс құрды. Балаларын демалыс сайын әжесіне әкеліп тұрады. Басында бірнеше жыл бірге тұрған соң, сағынатын шығар. Жиі келетін. Қазір азайтқан. Дегенмен, андасанда болса да төбе көрсететіндеріне кейуана шүкір дейді. Баласының мәңгілік сапарға аттанғанын білмесе де, ана жүрегі бір жамандықты сезетін сияқты. Қайта-қайта «Ең болмағанда, дұрыстап көмілді ме екен? Ит-құсқа жем болмаса игі…» деп күбірлей береді. Қорқынышты түстер көріп, ұлының атын атап, жүрегі қысылып тұратыны тағы бар. Осының бәрін өз көзімен көріп отырған Айжанның жүрегі ауырып, қабырғасы қайысады. Амал қанша?! Қолынан бар келері қан қысымын өлшеп, дәрі-дәрмегін түгендеу ғана.

– Інімнің осындай ақымақтық жасағанына налимын. Кеп-кере-мет ғұмыр кешіп жатты. Келініміз де жақсы еді. Осы үйде бәріміз бірге тату-тәтті өмір сүрдік. Өте қарапайым, жомарт, елгезек еді. Әкемізден ерте айырылдық. Анам кенжесінен көп үміт күтті. Сабақты жақсы оқыды. Жоғары білімді де алды. Өз ортасына сыйлы адам осындай қадамға барады десе, сенбес едім. Оның кетіп қалғанын естігенде, ұзақ уақыт өз-өзімізге келе алмай жүрдік. Жұрттың бәрі біз туралы айтып жатты. Сол күндер де өтті  ғой. Оның қаза тапқанын естіген сәтім әлі есімде. Келінім үйге айғайлап жылап келді. «Айырылып қалдық. Ол енді жоқ. Тастап кетті», – деп сан  рет қайталады. Көз алдым тұманданып, құлап бара жатқанымды сездім. Қайратты келеді деп күтіп жүрдік қой. Есімді жиғанда, үйдің іші толған адам. Жанұшыра анамды іздедім. Ол қалаға немерелерін бағуға кеткен. Қаладағы келінге хабарласып, анамның жағдайын сұрадым. Олар сыр білдірмей отыр екен. «Айтпаңдар, оның жү-регі шыдамайды» деуге шамам келді. Содан бері анама хабарды жеткізуге дәтім бармай жүр. Бәрібір бір күні естиді ғой, – деп Ай-жан өткенді еске алды.

Көз алдыма осы жаңалықты естіген кездегі Зәуреш әженің мұңлы, зарлы кейпі елестеді. Бойым тітіркеніп кетті. Бейшара ана.

Солып қаласың-ау… Санасы уланып, «ұстаздарына» сенген, үш баланы жетім қалдырған, қадіріңді жете түсінбеген ұлыңды кеше алсаң, кешір. Ол да талай өкінген шығар. Сағынып, жабырқап, жанұясынан, халқынан егіліп тұрып, кешірім сұраған да болар. Еліне қайта орала алғанда, көзін шел қаптаған бірнеше бауырын құтқарар ма еді. Кім білген? Оның пешенесіне жазылғаны осы болыпты. Тағдырына жазғанын көрді ғой дейміз. Бірақ Құдай бізге таңдау жасау еркін берген. Өмірде жеген опығыңа, сүрінгеніңе тек қана өзің кінәлісің. Басқа біреуді жазғыру  орынсыз.

Сирияға кеткен қазақстандықтарды елге қайтаруды көздеген «Жусан» операциясы жайлы естімегендер жоқ шығар, сірә?! Елбасымыз 9 қаңтар күні алғаш рет Сириядан оралған қазақтарға қатысты мәлімет берген еді. Ең алғаш рет ұйымдастырылған операция арқасында 47 қазақстандық Отанымызға оралды. 7-9 мамырда «Жусан-2» операциясы негізінде 231 азамат елге жеткізілді. Олардың 156-ы – балалар. Ер адамдар саны – 16, әйелдер – 59. Мамыр айының 28-31-і күндері «Жусан» операциясы тағы  жүзеге асты. Бұл туралы 31 мамырда баяндалды (Ақпараттар «akorda.kz» сайтынан алынды).

Көріп отырғанымыздай, дінді жамылып, арам пиғылдарын іске асырушылардың қармағына түскендер біршама. Елімізде жүрсе де, солардың шашбауын көтеріп жүргендер де аз емес. Бабаларымыз «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп бекер айтпағаны анық!

Аягөз   АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар