10.12.2019, 13:16
Қараулар: 349
Еңбекақы төлеуде ала-құлалық жоқ

Еңбекақы төлеуде ала-құлалық жоқ

Таяуда елордадағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Ғали Есқалиев Қарашығанақ жобасын іске асыруға біріккен компаниялардың «ҚПО б.в.» консорциумында жұмыс істеушілердің негізгі бөлігін қазақстандықтар құрайтынын айтты. «Ондағы жұмысшылардың 95%-ы – қазақстандық. 1350 адам сырттан тартылған. Бұл бар болғаны компанияның қызметкерлерінің  жалпы санының 5-7%-ы ғана», –  дей келе, қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің жалақысы еңбек инспекторларының назарында екенін айтты. «Егер де қандай ма олқылық анықталатын болса, онда біз ондай мәселені компанияның директорлар кеңесіне талқылауға шығарып, ондай жағдай қайталанбас үшін өз ұсыныстарымызды енгіземіз. Біздің ұстанымымыз мынадай: егер де қазақстандық және шетелдік мамандар бірдей жұмыс атқаратын болса, онда олар бірдей жалақы алуы керек. Бұл мәселе басты назарымызда», –  деген болатын  Ғали  Нәжімеденұлы.

Жақында БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасы еліміздің еңбек заңнамасының, соның ішінде еңбекақы төлеу кезінде кемсітушілікке жол бермеу мақсатында шетелдік жұмыс күшін тартатын компанияларға жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізді. Облыс прокуратурасының талабы бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесі бұл компаниялардағы кейбір заңбұзушылықты анықтағанымен, еңбекақы төлеуге қатысты ала-құлалықтың жоқтығын  көрсетті.

Шетелдік жұмыс күшін тартатын «Қарашығанак Петролеум Оперейтинг б.в.» Қазақстан филиалы мен «KKS-SICIM»  ЖШС, «Энергетик» шаруа қожалығын тексеру қорытындылары бойынша еңбекақы төлеу бойынша кемсітушілік фактілері анықталмаған. Сонымен қатар еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асыру мақсатында сырттан жұмысқа мамандар мен жұмысшылар алдыратын «Жайықмұнай» ЖШС-ға, «Жаңа Әлем» және «ТЭН» шаруа қожалықтарына да жоспардан тыс  тексерулер  жүргізілген.

– «Жайықмұнай» ЖШС-ны тексеру кезінде серіктестікте 788 қызметкер, оның ішінде 32 шетелдік қызметкер жұмыс істейтіні анықталды. Шетелдік жұмысшылар үшін ҚР Еңбек кодексінің 74-бабына сәйкес икемді жұмыс уақыты белгіленген. Нәтижесінде үстеме жұмыс уақытының едәуір асып кетуі (20 факт) қалыптасып отыр және үстеме жұмыстардың төлемдері жүргізілмеген. Осыған орай жұмыс берушіге жұмыс режімін қайта құру және оны еңбек заңнамасына сәйкестендіру ұсынылды. Сондай-ақ компанияда еңбек шартын бұзған кезде өтемақы төлеу мерзімі бұзылуының үш фактісі анықталды, – деді аталмыш басқарма басшысының орынбасары Арман Тұйғынбетов.

Жүргізілген тексеріс «Жайықмұнай» ЖШС-да еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына қатысты олқылықтарды анықтады. Ком-паниядағы басшылар мен еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша жауапты 34 қызметкер, сондай-ақ 104 жұмысшы еңбек қорғау мәселелері бойынша оқудан және білімдерін тексеруден өтпеген. Еңбек инспекторының нұсқамасы бойынша олардың барлығы жұмыстан шеттетілді. Сонымен қатар жаңадан қабылданған екі қызметкерге кіріспе нұсқаулық өткізілмеген. Жұмысына байланысты жеңіл жарақат алған жұмысшының жазатайым оқиғасы сапалы тексерілмеген болып шықты.  Тексерістің қорытындысымен жұмыс берушіге анықталған заң-бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, 151,5 мың теңге кө-лемінде айыппұл салынған және ескерту жасалған.

Тексеріс нысанына іліккен «Жаңа әлем» шаруа қожалығындағы 45 жұмысшының 36-сы, «ТЭН» қожалығындағы 49 қызметкердің бәрі де біліксіз шетелдік жұмысшылар (Өзбекстан азаматтары) болып шыққан. Олар ауыл шаруашылығы саласындағы маусымдық жұмыстарға тартылған. А. Тұйғынбетовтың айтуына қарағанда, еңбек шартын тексеру кезінде жасалған келісімшарттар еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтіні, жұмыс беруші қызметкерлердің жұмыс уақытын есептеу кестесін жүргізбейтіні анықталған. Мұнда да еңбек қауіпсіздігі талаптары бойынша шаруашылық басшылары еңбек қорғау бойынша оқымаған және білім тексерісінен өтпеген, жұмысқа қабылданған қызметкерлерге нұсқаулық мүлдем өткізілмеген. Шаруа қожалықтары бос жұмыс орны туралы мәліметтерді жұмыспен қамту құрылымдарына ұсынбаған. Тексеріс қорытындысы бойынша тиісті шаралар  алынған.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар