10.12.2019, 13:14
Қараулар: 325
Полиция қызметкерлері көлігімен тағы да адам қақты

Полиция қызметкерлері көлігімен тағы да адам қақты

Соңғы уақытта полиция қызметкерлерінің көлікпен адам қағу оқиғасы жиіледі.  Желтоқсанның 7-сі күні Орал қаласының Жәңгір хан  көшесінде болған жол-көлік оқиғасында адам ажалына себепкер болған полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Бұл жайында БҚО полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Манарбек Нәжиев хабарлады.

– Желтоқсан айының 7-сі күні түнгі сағат 3.00-де жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, аға лейтенант Медет Рахадилов «АудиВ4» көлігімен Жәңгір хан көшесіндегі көлік бүйіріне соқтығысып, рөлде отырған 1990 жылғы әйелді ауыр жарақаттады. Зардап шеккен тұрғынның ауруханаға түсіп, есін жимастан, бүгін таңға жақын қайтыс болғаны туралы хабар алдық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-тармағы (абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан іс-әрекет) бойынша қылмыстық іс қайта сараланып, облыстық полиция департаментінің  тәртіптік комиссиясының отырысынан кейін айыпты уақытша ұстау абақтысына қамалды. Оқиға орнында полиция қызметкері медициналық куәландырудан өтуден бас тартты, – деді болған оқиғаның мән-жайын айтқан БҚО полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Манарбек Нәжиев.

БҚО әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Александр Плешаковтың хабарлауынша, желтоқсанның 2-сі күні таңғы сағат 06.00 шамасында Тасқала ауданының орталығындағы М. Мәметова көшесінде аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Сәкен Қазжанов «жолдан өтіп бара жатқан 1953 жылғы тұрғынды өзінің «Шевроле Нива» көлігімен қаққан. Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-тармағы (абайсызда адамның денсаулығына орташа зиян келтiру) және 347-бабының 1-тармағы (жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалуы) бойынша аға инспектор Сәкен Қазжановқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнынан ізін суытқан инспектордан ешқайда шықпауы жөнінде қолхат алынды. Қазіргі уақытта қызметтік тексеру жүргізілуде.

18 қараша күні сағат 23.30-да облыстық патрульдік полиция батальонының қызметкері, полиция лейтенанты Ринат Баймұқашев Орал қаласының Жәңгір хан – Брусиловский көшелерінің қиылысында жол шетінде кетіп бара жатқан 1998 жылғы қыз баланы қағып кеткен еді. Сол күні полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, облыстық полиция департаментінің тәртіптік комиссиясының шешіміне сәйкес полиция лейтенанты қызметінен босатылды. Жәбірленуші Лариса Еспаева әлі күнге ауруханада ауыр халде жатыр. «Оқиға орнына барып, апат салдарын видеоға түсірген блогер Айболат Бөкенов патрульдік полиция қызметкеріне кедергі жасады. Медициналық сараптама арқылы оның жеңіл мас күйінде келгенін анықтады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 667-бабы бойынша іс қозғалып, Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен Айболат Бөкеновке ескерту берілді», – деді Манарбек Нәжиев.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар