10.12.2019, 13:13
Қараулар: 199
Бағаны өсіріп көрсетуге құштар

Бағаны өсіріп көрсетуге құштар

ҚР  Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігінің БҚО  бойынша  департаментінде  өткен  жылдың  және  биылғы жылдың  11  айының  қорытындылары бойынша  мемлекеттік сатып  алу  саласында 54  сыбайлас  жемқорлық  (2018 ж. – 30, 2019 ж. 11  айында – 24)  қылмысы  тіркелген.  Өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  ақпарат  алаңында  өткен  баспасөз мәслихатында  аталмыш  департамент  басшысының  бірінші орынбасары  Нұрдәулет  Сәмет  бұл  көрсеткіштің  анықталған барлық  сыбайлас  жемқорлық  қылмыстың  (201) 27%-ын құрайтынын  айтты.

Сотқа 41 қылмыстық іс (2018 ж. – 28, 2019 ж. 11 айында – 13) жолданып, 10 тұлға сотталған. Аяқталған қылмыстық істер бо-йынша келтірілген залалдың шамасы 475,8 млн. теңгені құрайды, оның ішінде мемлекетке 231,7 млн. теңге қайтарылған.

– Биылғы 3 желтоқсанда Бөрлі аудандық соты Бөрлі ауданы әкімі аппаратының басшысы Д. Ағеділовке қатысты үкім шығарды. Оған Ақсай қаласында тұрғын үй жалдауға бөлінген, сондай-ақ мемлекеттік мекеме үшін тауар-материалдық құндылықтарды алуға қарастырылған 2 779 000 теңге шамасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 3 жыл бас бостандығынан және өмір бойы мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан айыру түрінде жаза тағайындалды, – деді Н. Сәмет.

«Мемлекеттік сатып алудың мониторингін жүргізу жобасы туралы» тақырыбында өткен басқосуда мемлекеттік сатып алулар үрдісіндегі бірдей тауарлар мен қызметтерді алу үшін әр түрлі баға тағайындау тәжірибесі жайында айтылды. Мысалға, Қазталов ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысына 2 млрд. 349 млн. теңге бөлінсе, Орал қаласындағы 900 орындық №51 мектеп құрылысы үшін 1 млрд. 850 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде екі нысанды абаттандыруға бөлінген қаражат арасындағы айырмашылық 93 млн. теңгені құрайды. Сондай-ақ «Жайықжылуқуат» АҚ  «АИ-92» маркалы жанармайдың  1 литрін 138,4 теңгеден, Бөрлі аудандық әкімі аппараты осындай жанармайды 129,46 теңгеден, ал төтенше жағдайлар департаменті де тап сол жанармайды 151,79 теңгеден  сатып  алған.

Мұндай келеңсіз жағдай кеңсе тауарларын сатып алуда да кездеседі.  Бір бума қағазды «Жайықжылуқуат» АҚ 1230 теңгеден, полиция департаменті 1071,43 теңгеден сатып алған. Н. Сәметтің айтуынша, сатып алынатын тауарлардың бағасын өсіріп көрсету заңсыздығы етек алған. Мысалы, М. Өтемісов атындағы БҚМУ бейнепроекторды 218 200 теңгеден сатып алған, алайда мұндай тауарды қазақстандық компаниялардың интернет дүкендерінен 153 000 теңгеге сатып алуға болады.

– Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат кешені сатып алынатын сандық фотокамераның техникалық сипаттамасында оны шығарушы фирмасының атауын қоса көрсеткен. Мұндай жағдай ашықтық пен жариялылықтың жоқтығынан, мемлекеттік сатып алу саласында қоғамдық бақылаудың болмауынан орын алуда. Осыған байланысты азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, мемлекеттік сатып алу саласында жемқорлық деңгейін төмендету, бизнес субъектілеріне әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында мемлекеттік сатып алудың мониторингі жобасы әзірленді, – деді Нұрдәулет Ілиясұлы.

Жоба мемлекеттік сатып алу саласында іске асырылады және мемлекеттік құрылымдар мен ұйымдардың барлық қызмет ету саласына қатысты болады. Жоба аталмыш департаментпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуына сыртқы талдау жүргізу бойынша арнайы мониторингтік тобы мүшелерімен және қоғам өкілдерімен бірге іске асырылады. Жоба жетекшісі – Н. Сәмет, қосалқы жетекшісі – превенция және парасаттылық басқармасының бас маманы Г. Мырзақаева. Мониторингті жүргізу

үшін жауапты қызметкер хабарландырулар мен көрсетілген мәліметтерді зерделейді. Сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің бағасының өсіріп көрсетілгенін анықтау үшін нарықтағы баға ұсыныстарымен салыстырады. Арнайы мониторингтік топ мүшелері мен қоғам өкілдері оқытуға және семинар-тренинг, дәріс ретінде мемлекеттік сатып алу саласы мамандары шақырылады. Сондықтан спикер барлық қоғам өкілдерін аталған жобаны іске асыруға белсенді қатысуға  шақырды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар