10.12.2019, 13:10
Қараулар: 210
Қоқыс тарифі көтерілуі мүмкін

Қоқыс тарифі көтерілуі мүмкін

Орал қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен жергілікті БАҚ өкілдеріне арнап пресс-тур ұйымдастырған «Орал Таза Сервис» ЖШС директоры Рафхат Данағұлов қазіргі таңда кәсіпорынның өлместің күнін кешіп отырғанын айтады. Өйткені кеңес дәуірінде салынып, жөні түзу жөндеу көрмеген өндірістік база әбден ескірген. Автопарк түбегейлі жаңартуды талап етеді, 10-12 жыл қолданыстағы арнайы техниканың басым бөлігі тозған. Сондықтан жүруінен тұруы көп.

Шаһар тазалығын қамтамасыз ететін кәсіпорынның 22 арнайы техникасы тәулігіне 200 тоннадан астам күл-қоқыс тасып шығарады. Қала аумағындағы  3 мыңнан астам қоқыс жәшіктеріне күнделікті 800-1000 текше метрге дейін тұрмыстық қалдықтар жиналады екен.

–  Кәсіпорын құрылтайшылары сегіз арнайы көлік сатып алып берді. Ескі көліктер жиі жөндеуде тұратындықтан, негізгі жүктемені осы техника атқарып отыр. Кәсіпорынның автопаркі таяу арада жаңартылмайтын болса, қаланы күл-қоқыстан уақтылы тазалауда қиындықтар туындайды. Жалақының азды-ғынан жүргізушілер тұрақтамайды. Қоқысты сұрыптау жұмысының да өзіндік қиындығы көп. Сондықтан жұмысшылар жиі ауысады, –  дейді Рафхат Данағұлов.

Кәсіпорынды тұралап қалудан сақтап қалудың жалғыз жолы – қолданыстағы тарифті көбейту, дейді кәсіпорын басшылығы. Қазір тариф жеке сектордың әр тұрғыны үшін 197 теңге, ал көп қабатты үй тұрғындары үшін 193 теңгені құрайды. «Тазақалалықтар» күл-қоқыс тасымалы үшін тарифті 300 теңгеге дейін арттыруды ұсынып отыр.

– Біз бұл мәселені бірнеше рет қарадық. Қалалық әкімдік күл-қоқыс тасымалдау үшін қаражат бөле алмайды. Тарифті көтеру мәселесі күн тәртібінде тұр. Бірақ неше теңгеге қымбаттайтынын қазір нақты айта алмаймыз. Кәсіпорын басшылығына өзге қалалардың тәжірибесімен танысу туралы тапсырма берілді, –  дейді қалалық қоғамдық кеңес төрағасы  Бақытжан  Нұрбаев.

Кәсіпорын басшылығы тарифті қымбаттату туралы мәселенің туындауына борышкерлердің көптігі де әсер етіп отырғанын айтады. Қала тұрғындарының 40 пайызы қоқыс үшін уақтылы төлем жасамайды. Оралдықтардың қоқыс тасымалы үшін қарызы 200 млн. теңгеден асып кеткен.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар