10.12.2019, 13:09
Қараулар: 341
«Қызметкер жемқорлық жасаса, басшы қызметінен кетеді»

«Қызметкер жемқорлық жасаса, басшы қызметінен кетеді»

Жуырда  өңірлік  коммуникациялар  қызметінің  ақпарат  алаңында  «Қызметкерлердің  сыбайлас  жемқорлық  жасағаны  үшін  басшыларының  дербес жауапкершілігін  күшейту  туралы»  баспасөз  мәслихаты  өтті.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғаны туралы айта келе:

– Бұл заң еліміз үшін аса маңызды. Әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында енгізілген өзгерістер өте өзекті. Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталды деп айтсақ та артық болмас.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет басшылардың өздерінің қарауындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді. Бұл талап ағымдағы жылғы 20 мамырдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңестегі ел Президентінің тікелей тапсырмасы бойынша енгізілді. Бұдан былай мемлекеттік саяси қызметшілер, министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері мен орынбасарлары, аудандардың әкімдері өздеріне тікелей бағынатын  қызметкерлері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда доғарысқа (отставкаға) кетуге міндетті.

Тағы бір маңызды жаңалық – нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуді енгізу. Бұл механизм заңнамалық және заңға тәуелді актілерді әзірлеу сатысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және  оны  жоюға  мүмкіндік  береді.

Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа тағы бір тосқауыл қойды. Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың  2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы жұртшылықтың қатысуымен жүргізу міндетін жүктеді» – деді Рустам Сапарбекұлы.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар