10.12.2019, 13:08
Қараулар: 194
Көпір жобасы талқыланды

Көпір жобасы талқыланды

Қаламыздағы Жоғары аграрлық-техникалық колледжінде Сыдықов көшесінен Ақжайық шағынауданына дейін көпір арқылы өтетін аутокөлік жолы құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын талқылаған қоғамдық тыңдау өтті.

Осымен үшінші рет көпшіліктің назарына ұсынылған жоба бойынша тұрғындардың пікірі тағы да екіге жарылды. Олардың бір тобы қала орталығына жету үшін көпірдің маңызы зор дейді. Себебі бұл көпір  күн санап өсіп келе жатқан Зашаған кентінің тұрғындары үшін ғана емес, облыс орталығының көркеюі үшін де маңызды. Ал  екінші топтың пікірінше, бұл көпір орталықтағы шағын көшелерде қозғалысты  одан сайын қиындатып қана қоймай, қалалық парктегі жасыл желекті жояды.

Орал қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Нұрбаевтың сөзінше, қаланың орталық бөлігінде тұратын кейбір тұрғындар ғана көпірдің құрылысына қарсылық білдіруде. Ал Зашаған және Деркөл кенттерінің тұрғындары бұл жобаны қолдап отыр.

Шаһардың бас жоспарында тұрған  көпірдің жобасын «Алматыдорпроект» ЖШС жасақтауда. Бұл серіктестіктің өкілі Захар Павлушиннің сөзінше, бұл жобада тұрғындардың алғашқы тыңдалымдарда айтқан пікір-ұсыныстары ескеріліп, түзетілген. Көпір салу кезінде ешбір тұрғын үй мен саяжай бұзылмайды. Көпір қалалық мәдениет және демалыс  саябағынан қашық орналасады. Көпірде көлік шуын азайтатын құралдар қою қарастырылған. Сонымен қатар алғашқы кезде баяндалғандай, 1,5 мың дана емес, 600-ден астам тал-терек кесіледі. Есесіне 3000 терек отырғызу жоспарланған. Жаңа көпір жобасының құны шамамен – 11 млрд. теңге.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар