10.12.2019, 13:05
Қараулар: 257
Түрік инвестициясы гофрокартон өндірісіне бағытталмақ

Түрік инвестициясы гофрокартон өндірісіне бағытталмақ

Өткен  аптада  облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары  Мұхтар  Манкеев  бастаған  өңірдің ірі  кәсіпорын  басшылары  Түркия елінен  арнайы  келген  «Cukurova  Paper  and  Packaging  Group» компаниялар  тобының  бас  директоры  Иса  Доганлы  мырзамен  кездесті.

Түрік инвесторы біздің өңірден гофрокартон қағазынан қаптау материалдарын өндіру жобасын жүзеге асыруға ниетті. Екі жақты кездесу барысында жергілікті әкімдік тарапынан инвесторларды қолдауға барынша көмек  көрсетілетіндігі  айтылды.

Мұхтар Манкеевтің мәлімдеуінше, ҚР Премьер-министрінің Түркия еліне жұмыс сапары барысында Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен сол елдегі бес бірдей ірі компания өкілдерімен келісім жасаған. Сондай-ақ қағаз қаптамаларын шығарумен айналысатын

«Чукорова Холдинг» компаниясымен екі жақты меморандумға қол қойылған. Сол сапардан соң  жергілікті әкімдік аталған компанияларға өңірдің әлеуеті туралы барлық қажетті ақпаратты жолдаған. Араға аз ғана уақыт салып сол инвесторлар Орал қаласына келіп, өз жобаларын ұсынды. Өңірге жұмыс сапары барысында түрік инвесторлары өздеріне серіктес болатын компанияларды аралап, олардың сұранысын анықтап, болашақта бірлесіп жұмыс жасау жағдайын қарастырды.

– Компания өкілдері қажет ақпаратты жинаған соң біздерге нақты жоспарларын ұсынады. Аталған компания басқосуда өздерінің бес жылдық жобаларымен таныстырды. Жоспар бойынша алғашында дайын қаптамаларды Түркия елінен жеткізбек. Кейін біртіндеп қаптама жасауға қажетті гофрокартонды осы жерден өндіруге ниетті. Облыста ауыл шаруашылығы жақсы қарқынмен дамуда. Соңғы жылдары ет және ет өнімдерін өндіретін кәсіпорындар ашылып, жылыжайлар салынуда. Бүгінгі таңда олар өз тауарларын экспортқа шығару үшін картон қаптамаларды өзге елдерден алдыруға мәжбүр болып отыр. Аталған жоба сәтті жүзеге асса, жергілікті жерден өндірілген, экспортталатын тауарлар сапалы қапталып, кәсіпорындардың өзіндік брендін қалыптастыруға мүмкіндік туғызады. Сондықтан бұл жоба да өңір экономикасына оң әсерін тигізеді деп санаймыз, – деді Мұхтар Манкеев.

Аталған компания жылына 150 мың тонна картон қаптамаларын өндіріп, оларды әлемнің 23 мемлекетіне экспорттауда.  Кәсіпорын өңір аумағындағы әлеуетті тапсырыс берушілердің гофрокартон орамына деген қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар, өнімді Еуропа елдері мен Ресей Федерациясына экспорттауды жоспарлап отыр.

– Менің Қазақстанға сегізінші рет келуім. Түркиядағы «Чукорова Холдингінің» қарамағында бес фабрика бар. Біздің компания барлық тауарды қаптауға арналған гофрокартондар өндірісімен айна-лысады. Бүгінде Қазақстанға гофротауарлар өндірісі мен сол бағыттағы жаңа технологиялар жетіспейді. Біз алғашқы болып Ақмола облысына қарасты Макинск қаласымен келісім жүргіздік. Екінші таңдағанымыз – осы Орал. Себебі бұл өңір Ресейдің бес бірдей облысымен шекаралас орналасқандықтан, көлік логистикасы жақсы жолға қойылған. Алдағы бес жыл ішінде Қазақстанда гофрокартон қаптамасын өндіру жобасына біздің компания 40 миллион доллар инвестиция салуға әзір, –  деді компанияның бас  директоры Иса Доганлы.

Аталған компаниямен қатар өңірімізге ауыл шаруашылығы, соның ішінде көкөніс өндірісіне инвестиция бағыттағысы келетін және бір түрік кәсіпорнының өкілдері келіп, облыс әлеуетіне  болжам  жасап  кетті.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар