10.12.2019, 13:02
Қараулар: 289
Қазақстанның тұрақты дамуы БҰҰ назарында

Қазақстанның тұрақты дамуы БҰҰ назарында

Өткен аптаның соңында облыс әкімі Ғали Есқалиев БҰҰ делегациясымен кездесті. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Шимомура Норимаса екі жақты байланыс аясында өңір экономикасын нығайту, әлеуметтік әлеуетін көтеру, медицина сапасын жақсартуға қатысты жоба-жоспарларымен таныстырды.

– Біріккен ұлттар ұйымы дүние жүзі бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, адам құқығын қорғау, мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайтуда ықпалы зор. Қазіргі уақытта ұйымға мүше мемлекеттердің тұрақты дамуына қатысты БҰҰ саясаты өзгеруде. Соған байланысты Бас Ассамблея жаңа қарар қабылдады. БҰҰ-ның барлық агенттігі 2021-2025 жылдары тұрақты даму мақсаттары аясында ынтымақтастық бағдарламасын жүзеге асыруы тиіс. Бағдарлама аясында БҰҰ-ның елдегі командасы ҚР Үкіметімен және халқымен бірлесіп тығыз жұмыс жасамақ. Басты ұстанымдар халықтың денсаулығын жақсарту, «жасыл экономика» мен бизнесті өркендету, саяси және әлеуметтік жаңғыру, құқықтық теңдікті сақтау, гуманитарлық көмек беру, тұрмыс жағдайы төмен адамдарға қолдау көрсету және терроризмге қарсы күреске негізделген. Бағдарламаны жүзеге асыруға үкімет өкілдері ғана мүдделі болмай, азаматтық сектордың да белсенді атсалысқаны тиімді, – деді Шимомура Норимаса.

Кездесуде БҰҰ-ның тұрақты үйлестіруші кеңсесінің серіктестік және қаржылық даму бойынша кеңесшісі Дина Хасенованың айтуынша, Қазақстанда БҰҰ-ның бағдарламаларын түрлі салада жүзеге асыратын 19 агенттік, қор, ұйым бар. Қазіргі кезде БҰҰ мемлекеттердің тұрақты дамуына байланысты басты 17 мақсатты айқындаған. Бұл мақсаттар «Адам», «Әл-ауқат», «Ғаламшар», «Әлем», «Серіктестік» атты секторларға бөлінген. Дина Хасенова тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыру үшін ҚР Премьер-министрі орынбасарының төрағалығымен жылына екі мәрте Үйлестіру кеңесі отырысы өтетінін айтты. Тоқсанына бір мәрте ведомствоаралық жұмыс тобы бас қосып отырады. Салалық министрліктер жол картасын жасақтап, үйлестіруші құрылым қызметін атқарады.

2016-2020 жылдардағы даму мақсатына арналған серіктестік бағдарламасы ауқымында Қазақстанда ТДМ-ның ұлттық архитектурасы құрылған. Жедел кешенді бағалау жүргізіліп, 80 құжат жасалған. Тұрақты дамуға қатысты алғашқы форум ұйымдастырылып, www.sdqs.kz веб-сайты іске қосылған. Бағдарлама нәтижесінде ЖИТС ауруына шалдыққан адамдарды терапиямен қамту үш есе өсіп, мемлекет бюджетінен 36 миллион АҚШ доллары үнемделген. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу және психикалық саулығын нығайту мақсатында 3252 мектепке арнайы бағдарлама енгізілген. Адам саудасы құрбандары мен мигранттарға заңгерлік көмек берілген. БҰҰ қолдауымен жылына 2,5 миллион тонна медициналық қалдықтар өңделуде. Жаңартылған қуат көздерін іске қосу мен энергия үнемдеу мақсатында «Даму» қорымен бірлесе жүргізілген жұмыс нәтижесінде төмен көміртекті жобаларға қатысты 46 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған.

Шараға қатысқан БҰҰ-ның Қазақстандағы Еріктілер бағдарламасының жетекшісі Римма Сабаева алдағы еріктілер жылына байланысты басты бағыттарды айқындау, ұйымдастыру жұмысы бойынша кеңес беруге әзір екенін жеткізді. БҰҰ алдағы уақытта еліміздегі 10 еріктіге шетелде тәжірибе жинауға мүмкіндік бергелі отыр. Халықаралық қауымдастық өкілдерімен кездесуде облыс әкімі Ғали Есқалиев түйткілді мәселелер бар екенін, оның бірқатарын БҰҰ өкілдерімен ынтымақтаса шешуге, серіктестік шеңберін кеңейте түсуге қолдау білдіретінін айтты.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар