6.12.2019, 11:26
Қараулар: 406
Жүзеге асқан жобалар

Жүзеге асқан жобалар

Ақжайық   аудандық   ауруханасының  базасында  инсультқа қарсы орталық  ашылды.  Орталықтың ашылу  шарасына  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  қатысып,  аудан  халқының  қуанышына ортақтасты.

Еліміз егемендік алғалы халық қамы үшін көптеген игі істер атқарылып келеді. Жаңа нысандар ашылып, тұрғындар денсаулығын жақсарту бағытында тың жобалар қолға алынуда. Солар-дың бірі – аудандық аурухана базасынан ашылғалы тұрған инсульт орталығы. Осы жерде Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала және Қазталов аудандарының тұрғындары да медициналық қызмет алатын болады, – деді  өңір  басшысы.

Медицина саласының ардагері Рауза Шайденқызы саланың өткені мен бүгініне тоқталып, қол жетіп жатқан табыстың бәрі Елбасының, ҚР Президентінің сындарлы саясатының нәтижесі екендігін тілге тиек етті. Аудан ақсақалдарының атынан сөз алған Науқан Есеналиев жергілікті дәрігерлердің жұмысына алғыс білдіріп, орталықтың ашылуы қазіргі таңда белең алған инсульт ауруының алдын алуға жасалған уақтылы әрі оң қадам  екенін  айтты.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев пен еңбек ардагері Еділбай Меңдешев инсульт орталығының лентасын қиды. Компьютерлік томография аппаратының жұмысымен жіті танысып шыққан облыс басшысы күні бүгінге дейін облыс орталығында ақылы болып келген қызмет түрі келер жылдан бастап медициналық, әлеуметтік сақтандыру арқылы аудан халқына тегін көрсетілетіні үлкен жетістік  екенін  айтты.

Облыстық бюджет арқылы  348 млн. теңгеге жабдықталып,  жаңадан жұмысын бастағалы тұрған орталыққа 10 кереует қойылған. Яғни 7 орын ерте оңалту, 3 кереует қарқынды терапияға арналған. Сонымен қатар орталықтың жұмысы үшін құны 27 млн. 709 мың теңге тұратын аппараттар алынып,  жаңадан кіші операциялық зал мен экспресс-зертхана ашылмақ.  Орталықта қызмет ету үшін екі дәрігер қайта даярлаудан өткен екен.

*   *   *

Одан кейін  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  аудан  орталығынан  төрт шақырым  жерде  орналасқан  Жайық  ауылында  «Ақбұлақ» бағыты арқылы ауыз су  келуіне  орай  ұйымдастырылған  салтанатты жиынға  қатысты.  Шарада  Ғали  Нәжімеденұлы тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап,  жұмыстарын  сапалы  әрі  уақтылы аяқтаған  мердігерлерге  алғысын  білдірді.

– Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында көптеген бағдарлама жүзеге асып, тың бастамалар бой көтеруде. Бүгінгі қуанышты шара – осының анық айғағы. Ақжайық ауданының 52 елді мекенінің 30-ы, яғни халықтың 87,4 пайызы таза ауыз сумен қамтылып отыр. Биылдың өзінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Шабдаржап, Томпақ ауылдары таза сумен қамтылса, жылдың соңына дейін Базартөбе, Қадырқұл, Қызылжар ауылдарын ауыз сумен қамту жоспарлануда. Екі жылға жоспарланған Кеңсуат ауылында да құрылыс жұмысы жүргізілуде. Осының нәтижесінде аудан 95 пайыз таза сумен қамтылатын болады, – деді облыс  әкімі.

– Аудан орталығының іргесінде отырсақ та, күні бүгінге дейін құдық суын қолданып келдік. Міне, бұл қиындық та артта қалып, таза  ауыз суға қол жеткіздік. Осы орайда аудан, облыс басшылығына  алғысымыз шексіз, – деді еңбек ардагері, «Асыл әжелер» әжелер ансамблінің мүшесі Жұпар Ерментаева.

Облыс басшысы Ғали Есқалиев пен аудандық ардагер алқасының төрағасы Жігербай Қажығалиев ауыз су құбырын іске қосу рәсімін жасап, таза судың дәмін татты. Содан соң өңір басшысы зейнеткер Марфуға Дәулетованың шаңырағына барып, дастарқанынан дәм татып, хал-жағдай сұрасты.

Бүгінгі таңда 600-ден астам тұтынушы қосылған ұзындығы 9,727 шақырымды құрайтын су құбырын салуға  республикалық бюджеттен 139,3 млн. теңге қаражат бөлінген.

Рауан  САТЫБАЛДИЕВ,

Ақжайық  ауданы

* * *

ҚР  Тұңғыш  Президенті  күні  қарсаңында  Қазталов  ауданы орталығында  «Нұрлы  жер»  бағдарламасы  аясында  2  қабатты  12  пәтерлік  тұрғын  үй  пайдалануға  берілді.

Қазталовтықтардың қуанышына облыс әкімі  Ғали Есқалиев ортақтасып, пәтер кілтін 12 отбасыға (оның 8-і – көп балалы отбасы) табыстады. Аталған үйдің құрылыс жұмыстарына 12 млн.  теңге жұмсалған.

– Құрметті аудан тұрғындары! Сіздерді 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын. Осындай қуанышты күндер ауданымызда көп болсын. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында  халықтың игілігі үшін бірқатар жұмыс атқарылды. Қоныстарыңыз құтты болсын! – деген облыс әкімі құрылыс  жұмыстарын сапалы және уақтылы жүргізген мердігер компанияға алғысын білдірді.

– Көп жыл бойы пәтер жалдап келдік, оның ақысын төлеу біраз қиындық келтіретін. Баспаналы болуымызға көмектескен жандарға алғысымыз шексіз. Бұл күнді ешқашан ұмытпаспыз, шексіз қуанып тұрмыз. Енді жаңа, сапалы және жайлы үйде тұратын болдық,  – дейді жаңа пәтер кілтін иеленген Рымгүл  Сакетова.

*   *   *

Өңір басшысы аудан орталығында «Halyk Bank» бөлімшесінің ашылу салтанатына қатысты.

Шарада облыс әкімі Ғали Есқалиев жиналған қауымды аталмыш банк  бөлімшесінің ашылуымен құттықтап, оның халық игілігі үшін қызмет етуіне тілектестігін білдірді.

Жаңадан салынған ғимарат заманауи үлгіде жабдықталған. Бөлімше келушілерге ақша аударымы, несие төлеу, депозит салымдары сынды қызмет түрлерін  ұсынады.

– «Halyk Bank» бөлімшесі заманауи сапа стандарттарына сай жасақталған. Тәулік бойы жұмыс істейтін екі банкомат, бір терминал орнатылған. Жеке тұлғаларға қызмет көрсететін үш кассалық орын бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да бар жағдай қарастырылған,  – деді «Halyk Bank» АҚ облыстық филиалының  директоры  Игорь  Стексов.

Жұлдыз  АСҚАР,

Қазталов  ауданы