6.12.2019, 11:23
Қараулар: 279
Шалғайдағы ауылдардың ахуалымен танысты

Шалғайдағы ауылдардың ахуалымен танысты

Облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  жұмыс  сапарымен  Жәнібек ауданындағы  Жақсыбай,  Борсы,  Талов  ауылдарында  болды.

Облыс басшысы алдымен Жақсыбай ауылдық округіндегі М. Ықсанов атындағы мектептің хал-ахуалымен танысты.

Ескіріп, жаңбырлы күні спортзалының төбесінен су кететін ғима-раттың жай-күйін аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина мен аталған мектептің директоры Мейірбек Сарнаулов егжей-тегжейлі баяндады. Бұдан соң Ғали Нәжімеденұлы Борсы ауылынан тоғыз шақырым жерде орналасқан, Қазақстанның 100 киелі жерінің тізіміне енген Ғұмар Қараштың кесенесіне барып, тәу етті. Аудандық ардагерлер ұйымы мен қоғамдық кеңестің төрағалары Амангелді Уәлиев пен Бекет Әліпқалиев ақын-ғұлама Ғ. Қараш хақында әңгіме өрбітті. Әрмен қарай облыс әкімі атал-ған ауылдық округте тұратын 6 жасар Фатима Әбудің үйіне барып, арнайы әкелген сыйлығын табыс етіп, сауығып кетуіне тілектестігін білдірді. Фатиманың ата-анасы облыс басшысына алғысын жеткізіп, аудан орталығына балалардың невропатолог дәрігері мен массаж жасайтын маманның керек екенін тілге тиек етті. Айта кету керек, Фатима туа біткен церебралды сал ауруына шалдыққан. Алты ай сайын Орал қаласынан жолдама арқылы ем  алып  отырады.

Күрделі жөндеуді талап ететін тағы бір нысан – Талов ауылдық мәдениет үйі. Ол туралы аталған ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Нұрдәулет Қыдырғалиев пен мәдениет үйінің  директоры Жасұлан Пайдин мәлім етті. Сонымен қатар Ғ. Сарыбаев атындағы мектеп-балабақша кешенінде ауылдың ардагерлері мен жастары жиналып, облыс басшысына сұрақтары мен ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сондай-ақ тұрғындар аудан орталығына бармай-ақ, үш ауылдық округтің Ресеймен тікелей қатынайтын шекара бекетін ұйымдастыру қажеттілігін, Борсы мен Жақсыбай ауылдарындағы фельдшерлік-акушерлік пункттердің тозығы жетіп тұрғанын жеткізді. Сол сияқты дәріхананың жоқтығы мен ауылда қызмет көрсететін «Қазпошта» ғимаратының  нашарлығын  тілге  тиек  етті.

Ғали Есқалиев үш ауылдық округтің жағдайымен танысып, туындаған мәселелерге байланысты көмектесетінін мәлімдеп,  сауал-ұсыныстарды қаперде ұстайтынын білдірді.

Гүлзара  ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ,

Жәнібек  ауданы