6.12.2019, 11:22
Қараулар: 641
Қытайлық пиротехникадан сақ болған жөн

Қытайлық пиротехникадан сақ болған жөн

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Жаңа жыл мейрамы кезіндегі өрт қауіпсіздігі» тақырыбында брифинг  өтті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев көпшілік тойлайтын мейрамдар мен серуендер кезінде өрт жағдайлары  жиі орын алып, адамдардың қаза болуы күрт өсетіндігін мәлімдеді. Мәселен, өткен жылғы  жаңажылдық мерекелер кезінде өңірде  төрт өрт оқиғасы орын алған.

Жасұлан Қыдырғожаұлы кейде адамдар мерекелік көңіл күймен жүріп, сақтық шараларын мүлдем ұмытып кететіндігін баса айтты.

Әсіресе, отпен байланысты оқиғалар саны жаңажылдық мерекелерде әдеттегіден жиілей түсетіндігі мәлім. Мерекелік іс-шараларды қауіпсіз өткізу үшін қабылданып, жаңажылдық шыршалар сататын орындар анықталмақ. Сондай-ақ есепке алынған нысандардың әкімшілігімен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар беріліп, мерекелік іс-шараларды өткізу орындарына комиссиялық тексерулер жүргізіледі. Эвакуациялау жолдарының жай-күйі, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуы, шыршаларды қауіпсіз безендіру, әсемдік шамдардың қауіпсіздігі ескеріледі.

Жаңажылдық мереке кезінде халықтың пиротехникалық бұйымдарды, яғни түрлі фейерверк, зымыран, субұрқақ, бенгаль оттарын пайдалануы айтарлықтай ұлғаяды. Бұл заттар көп мөлшерде шетелден әкелінеді және облыстың тұтыну нарығында, оның ішінде базарларда және ұсақ бөлшек саудада бақылаусыз сатылады.  Деректер  дәлелдегендей, сапасы қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қытайлық пиротехника басым түрде саудаға түседі. Сондықтан желтоқсанның 20-сы күні облыстың барлық жалпы білім  беретін мекемелеріне онлайн режімінде интерактивті  сабақ өткізу жоспарланған.

– Мерекелік іс-шараларды өткізуге қатысатын барлық ғимараттардың аумағына өрт сөндіру техникасы қойылады. Жоспардан тыс өрт-тактикалық сабақтар, сондай-ақ төтенше жағдайларға, оның ішінде террористік қауіп-қатерлерге байланысты іс-қимыл бойынша жұмылдырылған нысандардың қызметкерлеріне сабақтар мен жаттығулар өткізу жоспарлануда. Пиротехникалық бұйымдарды рұқсатсыз сату орындарында жергілікті полициямен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргізілетін болады, – деді генерал  Жұмашев.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар