6.12.2019, 11:21
Қараулар: 282
20 реанимобиль сатып алынбақ

20 реанимобиль сатып алынбақ

«103»  жедел  жәрдем  желісіне  түскен  барлық  шақырту шұғылдылығына  қарай  төрт  санатқа  бөлінеді.  Бірінші-үшінші  санаттағы  шақыртуларға  тыныс  алудың, жүректің  тоқтауы,  ес-түссіздік,  талма,  қансырау,  күйік  секілді  жағдайлар  жатады. Оларға  мамандандырылған  фельдшерлер (дәрігерлер)  10,  15,  30 минут  аралығында  жетеді.  Ал  төртінші санаттағы  созылмалы  аурулары  бар  науқастарға  жедел  жәрдем  бригадасы  60 минутқа   дейінгі  аралықта  барады. Бұл  туралы  өңірлік  коммуникациялар  қызметінде  өткен  баспасөз  мәслихатында  айтылды.

Жедел жәрдем қызметінің жұмысы баяндалған жиынға облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы Мадияр Өтешев пен директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнара  Жұмағалиева қатысты.

Мадияр Амангелдіұлының  айтуынша,  Орал қаласында үш, аудандарда 16 жедел медициналық жәрдем және санитарлық авиация бөлімшесі бар. Облыс бойынша шақыртуларға 46 бригада қызмет көрсетсе, оның 20-сы Орал қаласындағы бөлімшелерде, сондай-ақ шаһардағы шақыртулардың саны көп болған жағдайда желіге қосымша төрт бригада, МСАК жанынан  сегіз шұғыл бригада қосылады екен. Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасында 72 санитарлық аутокөлік болса, республикалық бюджет есебінен  тозығы жеткен көліктердің орнына 20 реанимобиль сатып алу жоспарланған. Биыл жедел жәрдем қызметіне облыс бойынша 653971 тұрғын жүгінген. Оның жартысынан астамы Орал қаласының тұрғындары. Қызмет көрсету радиусы 25 шақырым. Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасында санитарлық авиацияны қоспағанда 661 адам  еңбек  етеді.

– Былтыр  822 жол-көлік оқиғасы  тіркеліп, 1199 адам зардап шексе, биылғы жылдың 10 айында  1019 жол апаты тіркеліп, 1532 жан әр түрлі деңгейдегі дене жарақаттарын алды. Жол-көлік оқиғасы кезіндегі шақыртуға жедел жәрдем қызметі қала бойынша 10 минутта, ауыл бойынша 16 минутта барады, – деді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары  Гүлнара  Жұмағалиева.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар