6.12.2019, 11:20
Қараулар: 440
«Әуеле, әнім, шарықта!»

«Әуеле, әнім, шарықта!»

Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында республикалық байқаулардың лауреаты, дәстүрлі әнші Ернар Өмірәлінің «Әуеле, әнім, шарықта!» атты шығармашылық концерті өтті.

Жалпақтал өңірінің тумасы, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның жезтаңдай әншісі Ернар Өмірәлінің есімі бүгінде облыс қана емес, республика көлемінде жақсы таныс.

Көптеген республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы болып табылатын әншінің алғашқы шығармашылық кешіне өнерсүйер қауым молынан жиналды. Залда ине шаншар орын болмады. Жыр-термеге сусап келген көрерменнің қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ернар Өмірәлінің өнердегі ұстазы Қатимолла Бердіғалиев және кеш иесінің ата-анасы болды.

«Орал сазы» фольклорлық ансамблі Абайдың «Торжорғасымен» кеш шымылдығын ашып берген соң, сахна төріне көтерілген Ернар Өмірәлі әп дегеннен от ауызды, орақ тілді Махамбет ақынның термесінен бастап, кештің деңгейін бірден көтеріп тастады. Күміс көмей әншінің орындауындағы Ақтамберді жыраудың термесін, Мұхиттың «Үлкен айдайын», Тастемірдің әні «Маңғыстауды» үлкендер де, жастар жағы да ықыласпен тыңдады. Бұдан соң әнші Берікбол Көпенұлының «Ағаш аяқ» атты күрделі әнін шебер орындап шыққанда «Әп, бәрекелді!» деп қолдау көрсеткен көрермен тағы бір желпініп қалды. Ернар осындай қошеметтен соң, Нартайдың «Илигайын», Ғарифолланың «Сәлемін» көпшілік назарына ұсынды.

Әнші «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықаралық ән байқауларының лауреаты Дастан Есентеміровпен сахнаға қайта шығып, Базарбай Жұманиязовтың «Көп қарадым суретіңе» және Қалибек Дербісалиннің «Ерке құс» әндерін нақышына келтіре орындағанда, жұртшылық қос әншіні ерекше қошеметке бөледі.

Шығармашылық кеште Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, «Шұғыла» би ансамблі, «Қыз Жібек» термешілер ансамблі өнер көрсетті. Екі сағат бойы дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырған дәстүрлі ән өнері ұлықталған кеш болды.

Шара соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, Ернар Өмірәлінің алғашқы ұстазы Баян Қабиева, Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Бисенбаевтар сөз алып, әншіге сый-сияпат көрсетті.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар